Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Астанада Қайырымдылық ұйымдары өкілдері мен донорлардың республикалық форумы өтті

258 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы Астанада Қайырымдылық ұйымдары өкілдері мен донорлардың республикалық форумын өткізді. 

Астанада Қайырымдылық ұйымдары өкілдері мен донорлардың республикалық форумы өтті

Іс-шараға ҚХА Төра­ға­сы­ның орынбасары – Хатшы­лық мең­герушісі Д.Мыңбай мен Пар­ламент Мәжілісі Төраға­сының орынбасары В.Божко, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым, Парламент депутаттары, әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік органдардың бас­шылары, ҚХА мүшелері, де­меушілер қатысты.

«Мен Қазақстандағы барлық қайырымды азаматтардың атын жеке-жеке атап өткім келеді. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі, олар­дың саны көп, жылдан-жылға артып келеді. Барлық қайырымды жан­дарға алғыс айтамын. Осын­дай аза­маттардың белсенді әрекет­терімен бір жа­рым мыңға жуық іс-шара ұйым­дас­тырылды. Қайырым­дылық ар­қылы біз барша адамды біріктіре аламыз», деді Д.Мыңбай.

Айта кетейік, форумда Қазақ­стан халқы Ассамблеясының «Қа­йырымдылық керуені» респуб­ликалық акциясының қоры­тын­дысы шығарылып, қайырымдылық ісін дамытудың және «Туған жер» бағдарламасын іске асырудың өзекті мәселелері де талқыланды. Одан басқа, іс-шара аясында биылғы жылы Мемлекет басшысы азаматтардың меценаттық жә­не қайырымдылық қызметті дамы­тудағы еңбегін көпке таныту және ынталандыру үшін тағайындаған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгісі тұңғыш рет салтанатты түрде тапсырылды.

Естеріңізде болса, ҚХА-ның XXII сессиясында Мемлекет бас­шысы мүдделі органдармен бір­лесіп, елдегі барлық қайырым­дылық акцияларын ҚХА қамқор­лығы аясында жүргізу мәселесін пы­сықтауға тапсырма берген. Ал «Қайы­рымдылық керуені» акциясы – қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жа­сауды орнықтыру мен қазақ­стандықтардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейтуге бағытталған жоба. Ол Ассамблеяның әлеуметтік жобаларының жалғасы болып табылады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»