«Мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтауда қоғамымыздағы діни ахуал үлкен маңызға ие. Бұл салаға қатысты соңғы жылдары әлемде орын алып жатқан құбылыстар қоғамдық қатынастар жүйесі мен мемлекеттік құрылымды түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін екенін көрсетуде. Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң 2011 жылы қабылданды. Ол мемлекет пен діни бірлестіктер арасында өзара міндеттер мен құқықтарды бекітті. Бұл заң дін саласында жауапкершілік қатынастардың қалыптасуында өз міндетін орындады. Дегенмен, 2011 жылдан бері дін саласында әлемдік деңгейдегі жағымсыз үрдістер күшейе түсті. Біздің елімізде қоғамның жағдайы мен оның діни саладағы сұраныстары өзгерді. Діншіл адамдардың үлесі артты, діни аудиторияға шетелден ықпал ету едәуір күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері әсер етуде. Бүгінде біздер діни ұйымдармен бірлесіп еңсеретін бірқатар қауіп-қатерлер пайда болды. Сондықтан, дамуымыздың жаңа кезеңінде діни қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру ұсынылады. Осы негізде біз еліміздің тарихы мен ерекшеліктеріне сәйкес дінге деген өзіндік ұстаным жасаудамыз. Ол үшін мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының қазақстандық моделі қалыптасуда. Оның негізінде нақты ұстаным жатыр – ол діннің саясиланбауы. Бұдан бөлек, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың діни сауаттылығын көтеруге ерекше мән беріледі. Заң жобасының идеологиялық негізін Елбасы Жарлығымен бекітілген «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды», деді Берік Арын.
Сонымен қатар ол, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасы діни бірлестіктер мен басқа да қоғамдық ұйымдардың, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары, шетелдік дипломатиялық корпус пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, БҰҰ өкілдерінің қатысуымен өткен көптеген отырыстарда кеңінен талқыланғанын жеткізді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»