Аталмыш мектеп өз бастауын сонау діни сауат ашу мектептерінен алған екен. Бұқарадан оқу бітірген Нұрнияз ахунның тәлімін жалғастырған шәкірттердің киіз үйдегі мектептері 30-шы жылдардың бас кезінде екі бөлмелі мектепке, кейін колхоздың төрт жылдық мектебіне айналған. Оқу ордасының бүгінгі басшысы өз мектебінің өткенімен, тарихымен мерейленетіні байқалып тұр, бірден мектепті аралатып, оның кешегісі мен бүгіні туралы ұзақ баяндап берді. Әбіш Кекілбай оқыған ауылдың бүгінгі мектебінің басшысы мақтанса орынды болар...
1954-55 жылдары Ұштағанда салынған, Ленин атын иемденген алғашқы мектеп арада 20 жылдан астам уақыт өткенде жаңарып, ауыл тұрғындары екі қабатты мектепке ие болған. Алайда тағы 20 жыл өткенде бұл мектеп суға кетіп, жарамсыз болып қалады да, 2006 жылы жаңа мектеп ғимараты бой көтереді. Мектебі суға кетіп, жаңа мектеп құрылысына үлкен үміт еткен ұштағандықтар ескі атауды суға кеткен мектеппен бірге тастап, жаңа мектепке Ұштаған атын сұрайды. Бұл тілек орындалғанымен, кейін мектепке жылдың желтоқсан айында Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болған халық қалаулысы, өз ауылының «Алтынсарині» болып, ауыл балаларын оқытуға күш салған, өз қаражаты есебінен қаржыландырып, қиын кезде ауыл тұрғындарын, оқушыларды ас-сумен, күш-көлікпен қамтып, біраз балаларды мектепке және бірқатарын Атырауға оқытып, ауылға маман дайындап берген, елге қамқор атымтай азамат Асқар Өтепбергенов есімі берілді.
Мектептің бүгінгі бейнесі де жаман емес. 313 балаға лайықталып салынған ғимаратта 400-ге тарта бала оқып, 60-қа жуық ұстаз сабақ береді екен.
– Оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да түрлі деңгейдегі білім байқауларына қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп келеді. Мектептің ішіндегі оқу-тәрбие жұмысының ең басты көрсеткішінің бірі осы. Біз жүйріктерімізге, грант иегерлеріне, жоғары оқу орындарына түскен түлектерімізге қарап, өз жұмысымыздың нәтижесін көреміз және соған қуанамыз, – дейді мектеп басшысы Қоснияз Әнуарбекұлы.
Мектепте әр жылдары еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың есімін есте қалдыру мақсатында әр пән кабинетіне ұстаздардың есімін беріп, төріне суреті мен өмірбаянын іліп қоюы әсерлі. Биология кабинеті Қ.Мұқажановтың, химия кабинеті Ш.Досатовтың, география кабинеті Т.Ниязмағанбетовтің атына берілсе, физика кабинеті Б.Сүйесіновтің, математика кабинеті С.Әнесовтің атымен аталады екен. Олардың барлығы да мектепте осы пәндер бойынша сабақ беріп, алдынан талай түлекті түлеткен ауыл ұстаздары.
Ауласына ағаш отырғызылған мектептің шағын жылыжайында бірнеше өсімдік түрлері өсіріліп, қоян, құстар әкелінген. Құм басу қаупі туындағандықтан, сексеуіл, баялыш сынды бұталы өсімдіктерді өсіру арқылы құм тоқтату ісі жүргізілген Ұштағанда мектептің жасылдандырудан тыс қалмағаны байқалады.
Мектептің тағы бір тартымды тұсы – бүкіл ауыл тарихын қамтитын мұражайының болуы. Мектеп мұражайының табалдырығынан аттағанымда бөлмеге емес, ауыл тарихы жазылған алып кітаптың ішіне енгендей болғанымды жасырмаймын. Ауылдың айтулы азаматтары, әр жылдардағы мектеп директорлары, соғысқа кеткендер, оралғандар мен оралмағандар, ауыл молдалары, жазықсыз жала жабылған боздақтар, зергер-ұсталар, аңшылар, ауыл дәрігерлері, батыр аналар, еңбек озаттары, ауылдың алғашқы жүргізушілері мен механизаторлары, әр жылдардағы әкімдер, Ұштаған мектебін бітірген түлектерді түгендеген альбомдар, ауыл аумағындағы киелі орындар, тарихи-мәдени ескерткіштер – ауылға қатысты барлығы мәлімет мұражайға жинақталған. Қызығушылық танытқан жанға ауыл туралы түсірілген деректі фильмді көрсетуге компьютер мен арнайы тақта да дайын тұр.
– Жылу бар, балалар ыстық тамақпен қамтылған. Мектептің спорт залы бар, бұрынғы мектептің спорт залын да қосымша жарыстар, үйірмелер үшін пайдаланып отырмыз, кемшін соғып жатқан мәселе жоқ, – деді ол.
Барды ұқсатып, жұмысты үйлестіруімен үлгі ұштағандық мектеп заманауи жабдықтармен қамтылса, білім беру ісінде өз әріптестерімен бәсекеде озық орындардан табыларына сенімді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы