Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Ынтымағы жарасқан ырысты өңір

305 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақжайық ауданы – көлемі жөнінен Батыс Қазақстан облысындағы ең үлкен әкімшілік аумақ. Негізінен Жайық өзенінің қос жағалауын жайлап, Атырау облысымен шектесетін бұл ауданда 18 ауылдық округ, 52 елді мекен бар.  

Ынтымағы жарасқан ырысты өңір

Әрине осындай етек-жеңі далиған өңірдің әлеуметтік мәселелері де шаш-етектен болатыны түсінікті ғой. Тек қана мал шаруашылығымен айналысатын қазақы ауданның тыныс-тіршілігін жыл соңында саралап көрген едік.

Ауданда шаруа қожалықтарының саны 815-ке жетіп, былтырғыдан 12,2 пайызға артыпты. Сәйкесінше мал басы да көбейген. Биылғы 10 айдың ішінде сиыр – 8,2%, жылқы 14,8%-ға көбейді дейді статистика.

– Жергілікті шаруалардың ісі оңға басуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың көмегі көп. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл 7 шаруа қожалығы 153,4 млн теңге, «Құлан» бағдарламасы бойынша 3 шар­уа қожалығы 95,0 млн теңге несиеге қол жеткізді. «Береке» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың 10 айында бордақылауға қойылатын 1628 бас мал сатып алуға 308,1 млн теңге несие беріліп, жоспар 90% орындалып отыр. Берілген несиеге 1152 бас мал сатып алынса, оның 527 басы бордақыланып, сатылып кетті, 625 бас жайылымда ұсталуда немесе бордақылауға қойылу­­да, мал сатып алып бордақылауға қою жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар 182 бас аналық малын сатып алу жоспарланған болса, күні бүгінге 287 бас сатылып алынды, жоспар 158 % орындалды, – дейді Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов.

Сонымен қатар биыл аудандық «Ақжайық-Агро» несие серіктестігі арқылы «Қанат», «Іскер» жаңа несие­лендіру бағдарламалары іске қосылған. «Қанат» бағдарламасы бойынша 4 шар­уа қожалығы 30,3 млн теңге, «Іскер» бо­йынша 7 шаруа қожалығы 36,5 млн теңге, «Бірлік» бойынша 2 шаруа қожалығы 32,3 млн теңге, барлығы 90,2 млн теңге несие алып үлгеріпті. Қосым­ша 1 шаруа қожалығы 5 млн теңге несие алуға құжат тапсырып отыр екен. 10 айда алынған барлық несие көлемі 347,6 млн теңге болған. Бұл ауыл шаруалары үшін үлкен көмек.

Ақжайықтықтар бұрын малының санын көбейтуге ұмтылса, бүгінде сапаға көбірек көңіл бөле бастаған. Бүгінде ауданда қазақтың ақбас сиырын өсіретін 30 шаруашылық, көшім жылқысын өсіретін – 6, етті-жүнді еділбай қой тұқымын өсіретін 2 қожалық «асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылық» мәртебесін алған.

Айтпақшы, Ақжайық ауданында өскен мал етінің дәмін біраздан бері шетелдіктер де татып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 61-ші қадамында белгіленген тапсырмаларды іске асыру мақсатында аудан орталығында тәулігіне 1400 бас ұсақ мал соятын «БатысМаркаЛамб» ЖШС-нің ет комбинаты және күніне 50 бас ірі қара малын соятын «БатысНық» ЖШС-нің ет өңдеу комбинаты іске қосылған еді. 2016 жылы 12624 бас ұсақ мал сойылып, өндірілген 257,8 тонна еттің 39,1 тоннасы көршілес Ресейге экспортқа шығарылған болатын. Ал биыл Атырау мен Маңғыстау облыс­тарына, тіпті алыстағы Иран еліне 83 тонна ет өнімі экспортқа шығарылған.

Айтпақшы, алдыңғы сөзімізде Ақ­жайықты тек қана мал шаруашы­лығы­мен айналысады деп артық айтыппыз. Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары су шаруашылығы нысандарын жаңғырту қолға алынды. 2016 жылы облыс бюджетінен 52 млн теңге қаржы бөлініп, аудан аумағында орналасқан Жайық-Көшім суармалау-суландыру жүйесіне кіретін коммуналдық меншікте тұрған 5 суландыру каналының және 23 көлтабанның құжаты толығымен жасақталған еді. Биыл да облыстық бюджеттен 37,6 млн теңге қаражат бөлініп, Қашкен, Ащы-Азнабай-Тайпақ, Азнабай-Тайпақ, Тоғыз суландыру каналы мен №53 көлтабанның техникалық төлқұжаты, Ащы өзеніндегі Ақжайық су қоймасының техникалық құжаты, Аяқ су қоймасы және Қос-Жүген суландыру каналы құжаттары толық дайындалған. Бұл жұмыстар ауданда бау-бақша мен суармалы егістікті, мал азығын дайындау мөлшерін күрт дамытады деп күтілуде. Биылдың өзінде 840 га егіс алқабына картоп, көкөніс-бақша дақылдары егіліп, соның ішінде 36 га алқапқа тамшылатып суару әдісі қолданылған. Алмалы ауылдық округінде «МұнайКонтакт» ЖШС 9 гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолданып, алма бағын отырғызды.

Тұрғындардың тұрмыс дәрежесін бұлтартпай көрсететін бір-екі санға тоқтала кетейік. Ақжайық ауданы халқының 79,7 пайызы – таза ауыз сумен, 94 пайызы – көгілдір отынмен қамтылған. Биыл Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен 1млрд 092,0 млн теңге қаржы бөлініп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Атамекен, Қабыршақты, Базаршолан ауылдарына және «Ақбұлақ» бағдарламасы бойын­ша Ақсуат ауылына орталықтандырыл­ған таза ауыз су құбырын тарту жұмы­сы жүргізілген. Келер жылы Сайқұ­дық, Базартөбе, Жайық, Көнеккет­кен, Кеңсуат, Шабдаржап, Битілеу және Жам­был ауылдарын таза ауыз сумен қамту, су жүйесін қайта жөндеу жұмыс­тары жоспарланған.

Күні кеше ғана Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 65,5 млн теңге қаражатқа Чапаев ауылында екі пәтерлі 5 үй, Тайпақ ауылында екі пәтерлі бір үй салынып, тұрғын үй кезегінде тұрған 12 отбасына тапсырылды. Алға­бас, Базаршолан, Бударин, Есенсай, Көнек­кеткен, Құрайлысай ауылдарында да 1 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйлер салынып, қоныстой тойланбақ.

Ақжайық ауданының халқы 41144-ке жетті, оның 510-ы – биыл ғана жарық дүние есігін ашқан. «Табиғи өсім 281 адамды құрады» дейді статистика.

Тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңінде Тайпақ ауданы таратылып, Чапаевқа қосылған еді. Жақында «Туған жер» бағдарламасы аясында бұрын Тайпақ ауылында денсаулық сақтау саласында қызмет жасап, қазір облыс аумағында, көршілес Атырау облысында қызмет етіп жүрген 32 дәрігер «Ақ желеңді абзал жандар» атты жерлестер форумында бас қосып, туған жеріне тағзым етті. Дәрігерлер бір күн ішінде Тайпақ және сол маңдағы ауыл­дық округтерден келген 897 адамды қабылдап, білікті ақыл-кеңес берген. 8 адам Орал мен Атырау қалаларының кар­дио­орталықтарына жолдама алыпты. Аудан тұрғындарының ұйымшылдығын, бауырмалдығын танытатын мұндай шаралар болашақта да жалғасады дейді ұйымдастырушылар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы