Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

«Қайт, қазақ Отаныңа!»

516 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Атамекен» халықтық отбасылық ансамблінің жетекшісі Бақыт БАҚДӘУЛЕТПЕН әңгіме

«Қайт, қазақ Отаныңа!»

– Бақыт, Үштерек ауылы­на келген себебімді білесіз. Әң­гіменің сәті бүгін түскендей. 

– Шетте жүрген қай қазақ баласы болсын «Осы біз бөтен елде неге жүрміз? Неге Қазақ елінде, олардың ортасында емес­піз?», деп ойлайтыны анық. Ес білгелі қазақ елі қан­дай екен деп аңсаумен өмір сүрдік. Қазақ жазушыларының кітап­тары қолдан-қолға өтеді, кезегің келгенше күтіп жүресің. Газет-журналдар келеді, таласа-тармаса оқимыз. Әке-шешеден бойға сіңген әуен бізді өнер ортасына әкелді. Олар сияқты біз де әнімізбен атамекенге деген сағынышымызды бастық. 

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемен­дігі туралы» заңды қабыл­дады. Жарқ етіп күн шыққандай болды. Жүрек тебіренткен сәт. Үйде бір көне сандық бар еді. Күңіренгендей, дүбірлеген үн шығатын секілді. Сандықты ашуға жүрексіндік. Айнала қуаныштан төгілген көз-жасы. Қазақ елінің тәуел­сіздік алғанын жарыса сүйін­шілеп жүгірген халық. Ақ айдарлы Нұрсұлтан деген ұл туды, енді елге-ел қосылады деп үлкендер бас болып, той жасадық. Атамекенге жеткенше асықтық. 1991 жылдың басында «Қайт, қазақ Отаныңа!» деген елдегі қазақтың дауысы жетті. Ел Президенті Н.Назарбаев «Алыс­тағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жария­лады. Хатта: «Атамекенге келе­мін деуші­лерге жол ашық, ата-баба аруағы алдарыңнан жарылқасын», деген ақ тілектер айтылған. 

– Атамекенге қарай көш қалай басталды?

– Дәл сол жылы Өлгейде үй салып бітірген едік. Ештеңеге де қараған жоқпыз. Асықтық. Меңдікөл деген қызым 1992 жылы туды, 6 айлық сәби кезі, бесік­те жатқан. Зайыбым Күлән екеуміз екі бесікке бір жарым жасар егіздерді де бөлеп, үш бесікті бауырымызға басып, елге қарай жолға шықтық. Біз үшін 1991-1992 жылдар мәңгі есімізде қалды. Баян-Өлгейге, Қобда аймағына келген жүк көліктері жүк тиейді. Ұшақтар да келіп-кетіп жатыр. Еліміздің әр облысынан Баян-Өлгейге арнайы келген делегациялар да жұмыс істеуде. Жүрек ауыртқаны, сол жақта қалып бара жатқан ата-баба зираттары еді. Моңғолдар салт-дәстүрлеріне сай бізді соңы­мыздан сүт шашып, шығарып салды.

– Елбасын қалай көрдіңіз, соны айтыңызшы?

– Қазіргі Ақсу қаласы ол кезде Ермак деп аталатын. Бізді осы ауданның әуелі Целинный, содан кейін Құркөл ауылына орналастырды. Орта толтырып, бірқыдыру әулет көшіп келдік. Келе сала қой бақтық. Қой баққанға береке бітеді деген рас. Күлән ісмер, ою ойып, сырмақ әшекейлеп, іс тігеді. Әке-шешеміз қасымызда. Анамыз Күлилә марқұм сыбызғышылар әулетінде өскен, сыбызғысымен көне әндер әуенін ойнайтын. Бір жігіт қарадай бізге тіл тигізіп жатқанын естіп қалып: «Әй, қарағым! – деді. – Сен бізге енді не істе дейсің?! Орыстың қолтығынан сен де шықтың. Моңғолдың қолтығынан шығып біз де келдік. Олай болса, енді екеумізге көк байрақты мықтап ұстайтын кез келді!», – деді. Осы анамыздың өз қолымен жасаған алты қанат ақ киіз үйін де бірге ала келгенбіз. Уықтарын, ағаш керегелерін басқа бір шебер ағамыз жасаған-ды.  

– Құркөлге келгенде «Атамекен» ансамблін қалай құр­дыңыздар?

– Қой бағып жүріп дей­­сіз ғой... Өмірде жақ­сы адам­дар аз емес екен. Алыс­тан ат арыл­т­ып келгенде төрін ұсын­ған, көмек­тескен Жұма­гел­ді, Алма Есімхановтар, Ман­­зила Хакимқызы, Рымкеш Хамит­­қызы, Ғалым Сұл­танов, Алма­гүл Өмірзақованы қазір құр­мет­пен еске аламыз. Құр­көлдің әкімі сол кезде Қар­шыға Шаяхметұлы ағамыз еді. Әйелі Нәзира Әріпқызы екеуі елге келген ағайындарға ерулігін беріп, құшақ жая қарсы алған жан­дар. Алпыс деген ағамыз бол­ды. Мен ауылда клуб мең­герушісі әрі от жағушы, әрі күзет­ші, әрі еден жуушы болдым. Күлән мектепте қолөнерден үйірме ашып, оқушыларды үйрете бас­тады. Көкейде елге жеттік, басқа не керек деген ой ғана тұрды. Біздер келгенде ауыл тұр­ғын­дарының көпшілігі орыс­ша сөйлейтін. Мектеп те орыс тілінде. Оларға киіз үй құру, ою-өрнек тігу бәрі таңсық көрін­ді. Шеттегі қазақпен бірге қазақ­тың бүкіл салт-дәстүрі, ән-күйі­міз, байырғы қазақ тілі қайта оралды. Тәуелсіздіктің жарығы бәрімізге жарқырап шық­қ­ан күндей болды. Шынын айт­қанда, «Атамекеннің» алғашқы концерті ауыл тойынан басталды. Концерттерде қарындастарым Ұлжан, Әсем қызым Гүлнұрмен бірге ән салдық. Содан бір күні Қар­шыға ағамыз «Біздің ауылға Нұрсұлтан Назарбаев келе жатыр. Апамыздың аппақ киіз үйін құруымыз керек» демесі бар ма? 

– Бұл қай жылы?

– 1993 жылы. Осы жылы елі­міз­де жекеменшік шаруа қожа­лықтары құрылып жатқан кез. Біздің облыста алғаш рет Құр­көл ауылы жекемен­шік шаруа қожа­лықтарына бөлінген еді. Осы жеке шаруа қожалықтарына бөлінген шаруашылықтармен танысуға келе жатыр екен. Ол кезде Ақсу қаласының әкімі Қуат Есімханов болатын. Кім ойлаған? Әлі күнге дейін таң қаламын...  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау жақтан ата-баба­лардың аманатын арқалап жеткен қасиетті киіз үйдің табалдырығын аттады. Көздің жауын алатындай жарқыраған әрбір оюлы-өрнекке қызыға, таңдана, ойлана қарады. Төрге шығып отырып, ақ дастар­қаннан дәм татты. Анамыз марқұм біраз үнсіз отырып қалды да бір кезде:

– Ата-бабаның мұрасы киіз үйдің киесін-ай! Өз қолыммен жасап едім. Жасағанның құді­реті-ай, екі патша келіп табал­ды­ры­ғы­нан аттап, дәм татты, – деді тебіреніп.

– Ол не дегені сонда апамыздың? 

– Цеденбалды айтып тұр. Моңғолия басшысы Ю.Цеденбал да арнайы тігіл­ген осы киіз үйге кіріп, дәм­нен ауыз тиіпті. Бұл енді 1980 жылы болған жағдай. Баян-Өлгей жағында Серікбай деген Социалистік Еңбек Ері, атақты малшы ағамыз болған-ды. Цумын адамдары (біздіңше әкімшілік) Ю.Цеденбал келеді деп анамыздан алты қанат киіз үйін сұрап алыпты. Екі күндей осы киіз үйде демалыпты. Екі патша табалдырық аттады деген сөздің тарихи сыры осы. 

Қазір 25 жылдай уақыт болды, «Атамекен» отбасылық ансамбліміз ауылдық, аудан­дық, облыстық барлық мере­ке­лік мәдени шараларға үзбей қатысып жүр. 2009 жылы Астана­да өткен еліміздің көр­кем­өнерпаздар ұжымдарына халық­тық атақтарын беру бай­қауында біздің «Атамекен» ансамблі «Халықтық отбасылық ансамблі» атағын алды. 

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы, 
Ақсу қаласы