Бұл екі оқиғадан да М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенттері шет қалған жоқ. Олай дейтініміз, еліміздің ең үлкен мегаполисінде Назарбаев даңғылының пайда болуы уақыт талабына сай оқиға, себебі, академия жастары Елбасының тәуелсіз Қазақстан Республикасының іргетасын қалап, шекарасын нық бекітіп, экономикалық-әлеуметтік реформаларды жүзеге асырып, болашаққа бағдар берген тұңғыш Президентіміздің халық алдындағы еңбегі орасан зор деп санайды. Ұлт тірегі – Елбасының жыл сайынғы халыққа жолдауларын «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі» деп бастауы да бос сөз емес, дейді студенттер қауымы.
Ал Мәншүк апамыздың 95 жылдық мерейтойына келсек, қазақтың даңқты да батыр қыздары Мәншүк пен Әлия ерліктеріне тағзым етіп, оларды ұлықтау бағытында академияда бүгінгі таңда біраз жұмыстар атқарылған. Соның айғағы ретінде академияның доценті, ұлтжанды азамат Кеңес Жүсіповтің бастамасымен студенттерден құралған делегациялардың батыр апаларымыз жерленген Ресейдің Псков облысына жасаған сапарларын айтуға болады. Оның бірі – 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылса, екіншісі – 2016 жылы Новосокольники қаласының 115 жылдық мерейтойына орай өтті. Қос сапар да академия ректоры Б.М.Қуанышевтың қаржылай көмек көрсетіп, қолдауының арқасында жүзеге асқан. Сапарлар барысында делегация мүшелері батыр қыздар бейіттеріне гүл шоқтарын қойып, бас иіп, тағзым етіп, құран бағыштады, әскери даңқ музейлерін аралады, жергілікті тұрғындармен, оның ішінде жастар мен соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесті, батыр қыздар ерліктерін псковтықтармен бірге еске алды.
Сондай-ақ Новосокольники қаласының Мәдениет үйінде өткен «Сіздердің ерліктеріңіз – бәріміздің жүрегімізде!» атты тақырыптық кешке белсене қатысып (2010 ж), «Ресей мен Қазақстан: бір жолмен» тақырыбында өткізілген халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда баяндамалар (2016 ж) жасады. Осылайша, жастарымыз қазақ және орыс халқы достығының нығаюына өз үлестерін қосып, атсалысты. Сапардан соң да батыр қыздар ерлігін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Алматыдағы жоғары оқу орындары және колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында кураторлық сағаттар, дөңгелек үстелдер мен тақырыптық кештер өткізді.
Осы елеулі оқиғаға орай академияның бір топ студенттеріне бұрнағы жылдары бес мыңға жуық шақырымды артқа тас-
тап, батыр апалар ерлігіне сонау Невель мен Новосокольникиге барып бас игенде, неге қаладағы Мәншүк мектебіне барып қайтпасқа деген ой келеді. Сол себепті, «Көлік техникасы» факультетінің бір топ студенттері доцент Кеңес Жүсіповтің басшылығымен Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Назарбаев даңғылымен мақтанышпен жүріп өтіп, №28 мектеп-лицейде ашылған Мәншүк апамыздың ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қойып, мәңгі өшпес ерлігіне тағы да бір тағзым етті. Сонан соң мектеп директоры Айсұлу Медетбековамен бірге батыр қыз мұражайын аралап, аты аңызға айналған апаларының өмірінен қосымша деректерге қанықты.
Мәншүк апамыз аталмыш мектепте 1931-1937 жылдары білім алған екен. Бүгінде іргетасы 1932 жылы қаланған бұл білім ордасы жас ұрпаққа рух берер ерліктің үлгісі іспетті. Олай дейтін себебіміз, сонау сұрапыл отты жылдары майданға мектептің 120 мұғалімі мен оқушылары аттанып, олардың ішінде үшеуі – Мәншүк Мәметова, Владимир Засядко, Владимир Бреусов Кеңес Одағының Батырлары атанды. Ал мектепке батыр қыздың есімі 1960 жылы берілген.
Мектепке сапар барысында академия студенттері Елбасы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ардагер ұстаз, музыкатанушы, қазақ музыкасы жайлы көптеген телехабарлар авторы, Қазақстан Республикасы Мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Юрий Петрович Аравинмен кездесіп, қазақтың халық музыкасы мен аспаптары жайлы дәрісін тыңдады.
Кездесу соңында академия делегациясы мектеп мұражайына сыйлықтар және Әлия мен Мәншүк жайлы Ресей газеттеріне шыққан өз материалдарын тарту етті. Студенттер «Батырын құрметтеген қазақ халқы барда батыр апамыздың есімі ешқашан ұмытылмайды» деген ой түйіндеп қайтты.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»