Нағыз тірі ақынды кездестіруім бірінші рет. Көз алмай сұқтана қарап отырмын. Сөзі де, өзі де басқалардан бөлек. Қарға құсап қарқылдап не ыңыранып ырқылдап күлу деген жоқ. Бетін шұқырайтып, дыбысын онша шығармай, әдемі ғана күледі. Ал одан қаттырақ күлсе жас балаға ұқсап білегімен аузын көлегейлейтін әдеті бар екен. Француздар секілді «Р» қарпіне тілі келіңкіремей ме қалай. Кейін тіпті анық байқадық, қарта ойнаса «Кәдір көдір жүдемін» деп зәремізді алатын. Оның бұл мақамын Белгібай деген досымыз тіпті айнытпай салатын. Өзі жоқта, әрине.
Сол алғаш көргенде аңыз ақын Иса Байзақовқа қатты ұқсатқаным бар. Оны өзі де біледі ғой деймін. Әйтеуір мұрнының астынан бармақтай мұрты кетпейтін. Сондай келістердің бірінде оның өлең оқығанын да көрдім, әйтеуір.
Ауылда жүргенімде Кертөбел деген жүйрік атымыз болды. Екі құлағы салбыраған, жалы жалбыраған жуас жылқы еді жануар. Ал енді дүбір көрсе бұлшық еті ойдым-ойдым болып, ойнақтап шыға келетін. Дәуітәлі Стамбековтің өлең сөзге ауысқанда әлгіндей тастүлектей түлеп шыға келгені маған бірден сол бәйге торыны елестетті.
Кейінірек арқалы ақынның өзі:
Жүйріктің, ойхой, екпіні ой,
Үй жыққан десе, үй жыққан.
Делебем қозып кетті ғой,
Бәйгені көріп құйғытқан, – деп өзі жазды. Ал енді ақынның тұлпармен тамырлас та тағдырлас екенін жоққа шығарып көріңіз.
Алматыға тағы бір келгенімде Дәукеңнің енді кіші ағам Мұратпен дос болып жүргенін көріп таңғалғаным бар. Бұл кезде Болат ағам болса Қарағандының облыстық радиосына қызметке кеткен. Мұрат ағам студент кезінде өмірден тым ерте кетті. «Шіркін, Шоқан Уәлихановтан аумайтын реңді жігіт еді» деп Дәукең үнемі еске алып отыратын.
Кейінірек мен сыртай оқудан осы Дәукеңдердің курсына ауысып келдім. Бір қызығы, онымен кейін достыққа ұласқан аралас-құраластығымыз оқу бітіргеннен кейін басталды. Алматыдағы көк базардың жанындағы барша баспасөз орындарының басын қосқан көк үй көңілімізді де, өмірімізді де жақындастырды. «Пионер вожатыймыз» – Дәуітәлі ағамыз.
Дәуағамның жанында жүрген сайын жақындасып, жанының жайсаңдығына көзім жетіп, арының таңғы шықтай тазалығына, жанының қардай аппақ, бұлақтай мөлдірлігіне тәнті болдым. Өтірік көлгірсу, екіжүзділік, әсіресе кісімсу сияқты жалған мінездерді жаны сүймейтін. Ондайларға тіпті төзе алмайтын. Жалпы жалғандық атаулыға жаны қас еді.
Адам періште емес, небір менмін деген жанның өзінің жанының жамауы болады. Қойнында тастары, сөзінің астары болуы бек мүмкін. Осындайларға төзбеді ме, әлде ақын жаны торда торығып отырғысы келмеді ме, алдымызда жүрген абадан ағамыз талайдың қолы жетпейтін небір қызметті оп-оңай тастап кете беретін. Тіпті жұмыссыз жүрген кездері де болды. Сондай бір қапалы кезінің бірінде өзі де «Махамбеттің найзасымен» отын шығарып, жалынын лапылдатып жыр жазатын Фариза апамыз оны өзі басшылық ететін «Қазақстан пионері» газетіне қызметке алды. Онымен де тоқтамай қазақтың сол бір қаһарман қызы қоймай жүріп, Алатаудың баурайында жаңа бой көтерген «Қазақфильм» деген шағын ауданнан дағарадай үш бөлме үй алып берді. Сәтін салғанда редакторым Құрманбек Сағындықовтың арқасында – мен, мұзбалақ Мұзафардың демеуімен Несіпбек те дәл сол жерден үй алып, курстас үшеуіміз бір ауыл болып дөңгеленіп отыра қалдық. Өз жерімізде өзіміз өгейліктің күйін кешіп жүрген біз сияқты қазақ балалары үшін бұл дегеніңіз енді бақыттың ең бір биік шыңы еді-ау.
Бұл 1977 жылдың көктемі еді. Дәукең қалған жиырма жылдан астам ғұмырын осы жерде өткізді. «Ауыл, қала сыйысқан аумағына, «Қазақфильм» микроауданына» деп досымыздың өзі жырлағандай, бір жағы қала, бір жағы ала бүйрек апорт исі аңқыған ауыл болып келетін бұл көрікті мекен ақын ағамыздың шабытына шабыт қосқаны анық. Оған оның:
«Қазақфильм»,
О, мөлтегім, сырласым,
Бар сырымды сен білесің, мұңдасым,
Ақын біткен жырласа егер әлемде,
Тұрған жерін осындай қып жырласын, – деп жыр төккені куә.
«Ақын деген – табиғат, қысы, жазы, күзі бар, көктемі бар шуақты» деп Мұқағали көкеміз айтпақшы, Дәуағамның мінезі де мінсіз емес еді.
– Оның мінезінің өзгеруін мен салған әніне қарап болжап отырамын, – дейтін Несіпбек досымыз, – Егер ол «Япурайды» айтса рахаттанып отыра бер, «Дударайға» салса – байқа бала, ал егер «Я любил вас, любовь еще быть может» деп Пушкинге көшсе оның өзінің пушкаға айнала бастағаны, онда есің барда елің тап!
Несіпбек демекші, тағы бір әңгіме. Жүрсін Ерманов ерлеп, Алматыдағы Ленин көшесінен төрт бөлмелі үй алғаны бар. Қой сойып бәрімізді шаңырағына шақырды. Ортамызда бірінші рет бас тартылды. Бәле осы бастан басталды. Оған Дәукең дәмеленгендей еді, бірақ біз оны Несіпбекке лайықтадық. Байқаймын Дәукеңнің түсі бұзылып кетті.
– Өз басыңды өзің мүжисің бе? – деп мен басу айтқансыдым. Жүрсін үшеуміз де қарағандылық екендігімізді меңзегенім ғой.
Дәукең шарт кетті. Шарт кеткені сол Фаридасын жетектеп үйден шығып жүре бергені ғой. Ұлардай шулап біз қалдық. Не істерін білмей Несіпбек отыр. Тым-тырыс тыныштық. Бір кезде сықыр етіп есік қайта ашылды. Қайтып келген екен ғой деп қутыңдасып қалдық. Ол емес, үйге Жүрсіннің, жалғыз оған ғана емес бәрімізге көке болып кеткен Жезқазғанда тұратын Көбейсін деген ағасы кіріп келді.
– Дәуітәліге не істеп едіңдер, – деді үстел басына жайғаса беріп. Біз болған жайдың шет жағасын жамырасып айтып бердік.
– Ол бәріңді қатырып кетті, – деді ағамыз лекітіп бір күліп алып. – Түріндегі әлдебір ашуды байқап, әрі сағынып келе жатқан інімнің бірі, оны қимай қайтадан үйге шақырдым.
– Жоқ, – деді ол лоқ еткізіп, – бара беріңіз, онда менсіз де қырттар толып отыр!
Сөйткен Несіпбек бүгінде Дәуітәлімен құда болып отыр. Құда болғанда да кәдімгі бауыздау құда. Мына құданың құдіретіне қараңыз, Нұрат деген ұлының таңдауы Дәуітәлінің Назым деген қызына түскен ғой. Несекең қазақы салт-дәстүрдің қаспағын қырып, қаймағын ішкен ортадан шыққан көргенді адам. Алдымен бар жора-жолғысын жасап, Фарида жеңгемізге ат арытып арнайы барып қыздарына кәдімгідей құда түсіп, сырға тақты. Одан кейін Астананың төріндегі «Жеті қазына» деген мейрамханада дүрілдетіп тойын өткізді. Казір ол екеуміз бір-бірімізді «құда» деп қоқитып қоятынымыз бар. Сөйтіп бүкіл курс болып өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болып бір асып-тасыған қуанғанышқа кенелген едік сол күні.
Несекең Дәукең тірі болса тура 70-ке толатын күні Астанада бәріміздің басымызды қосып, арнайы бильярд жарысын өткізіп, құдасының мерейтойын өзі бастап берді. Бұл бір жағынан арғымақ ақындардың бір-біріне деген құрметі де болса керек. Екінші жағынан «Назым қызымыз жаман келін болмаған-ау» деп жорып біз де бір көтеріліп қалдық. «Назым келінім әперді» деп бильярдқа бір әп-әдемі кий әкеліп жүретіні тағы бар. Жалпы, осы қызының атын Дәукең өзі қойып еді. «Русланымнан айрылып құдайға наз қылып жүргенде туған Назымым емес пе» деп отыратын ағамыз. Сол кезде аты асқақтап тұрған түріктің Назым Хикметінің есімінің де ескерілгені анық енді. Жалпы ағамыздың әлемдегі ақын атаулынының атын дәріптеп жүретін әдеті еді. Мысалы, менің кіші ұлым Саятты «Саят-Нова» деп еркелететін. Бұл енді әзербайжанша да жазатын армянның алапат ақыны.
Мен Дәуағамның азаматтық өміріне біраз ат шаптырдым. Ал оның шайырлығын өзі сияқты ақындар айтып, тамсана жатар. Менің білетінім оның өлеңге деген махаббаты, ынтызары ересен еді. Дәукең болса өлеңін аса бір асыл қазынасындай қадірлеп, қимай-қимай ортаға салатын. Оны түсіну үшін тағы да өзіне жүгінейікші:
Өтірік айта алмаймын, сен осыған,
Жанымның жалындатып жарасынан.
Сәтімде өлең жазған от шығарам,
Сұп-сұйық қан мен тердің арасынан!
Айтыңызшы, ағайын, осындай қиналыстан туған жауһарын жатқа қиып, ортақ ету оңай ма енді?!
Кімге керек тірлікте қадіріміз,
Өлең десе жоқ біздің сабырымыз.
Өлең, өлең, о, өлең, тағы да өлең,
Өліп кетсек өзіңсің – қабіріміз, – деп басталыпты оның «Жұмағым мен тамұғым» деген соңғы кітабының алғашқы беті.
– Дәукеңнің соңғы демі таусылғанша ақындық қуаты сарқылған жоқ, – дейді Фарида жеңгеміз, – Тіпті әл үстінде жатқанда да қолынан қаламы түспеді. Ол жазып тұрады, мен дереу баспаханаға жеткізіп әзірленіп жатқан кітабына қосып келемін. Арманымыз – көзі тірісінде соңғы кітабын көріп кетсе екен деген жалғыз тілек. Ақыры кітаптың соңғы макетін де алып келдім-ау, әйтеуір. Оның «Мұның тысы қара болуы керек» деп қасарысып жатып алмасы бар ма?! Одан да жаманы баспаханада ондай түсті мұқаба жоқ болып шықты. Өндіріс тоқтап қалды. Баспагерлерге рахмет, сол бір қысылтаяң шақта оны да тауып, шығарып берді-ау ақыры..
Ақындардың туған күні бар да қайтқан күні жоқ, деп Қадыр ағамыз айтпақшы, ол маған әлі де арамыздан кетпеген секілді болып сезіледі. Иә, ел-жұртына алдымен ар мен адалдық жолын аманат етіп кеткен азамат еді ол. Қайтейік енді, жетпісіңді жер астында қарсы алатын болдың-ау, достым.Тірі кезіңде бар жырыңмен, нар жүрегіңмен еліңнің жанын жылытып едің, енді бойыңдағы қалған қызуыңмен туған жеріңнің тәнін жылытып жатсың ба, бауырым!
Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
әділет полковнигі