Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Астана процесінің нәтижесі қандай?

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Сирия жөніндегі келіссөздердің сегізінші раунды өтті. Онда аймаққа қатысты бірқатар маңызды келісімдер жасалып, екі маңызды құжатқа қол қойылды.

Астана процесінің нәтижесі қандай?

Жабық есік жағдайында өт­кен келіссөздердің баспасөз өкіл­деріне арналған жалпы оты­рысында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астана келіссөздерінің кезекті кезеңін қорытындылады. Оның айтуын­ша, екі күн ішінде Сирияда­ғы жағдайды әрі қарай тұрақтан­ды­руға және аймақтағы гумани­тар­лық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды әрі маз­мұнды келіссөздер өткізілді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйым­дастырылған Астана процес­і­нің Сириядағы жағдайды тұрақ­тан­дыруға қосқан үлесі мол. Соның арқасында Сириядағы жағдай едәуір жақсарып, қайта қалпына келу кезеңінің алдында тұр. Түйіні шешілместей көрінген шиеленіс кепілгер елдердің күш-жігері мен БҰҰ-ның қолдауының арқасында тиімді реттеліп келеді. Осы орайда, мүдделі тараптар Астана процесінде туындаған мүм­кіндіктерді барынша пайдалана отырып, қақтығыстың саяси шешімін табуға күш салатынына сенімдіміз. Татулық пен диалогтың, өзара келісімнің нышаны болып табылатын Ас­тана алаңы, осында қол жеткі­зілген уағдаластықтар Женева келіс­сөз­дерінің сәтті өтуіне ықпал жасай­тыны анық», деді Қ.Әбді­рах­манов.

Бұдан кейін Сыртқы істер ми­нистрі кепілгер мемлекеттер Түр­кия, Иран және Ресейдің бірлес­кен мәлімдемесімен та­ныс­тырды. Құжатта Си­рияның тәуелсіздігі мен егемендігі, ау­мақтық тұтас­тығын мойын­дай отырып, атқа­рылып жат­қан шаралардың тиімділігі ай­тыл­ған.

Мәлімдемеге сүйенсек, Си­рия­дағы терроризммен күрес­те көптеген жетістікке қол жет­кі­зілген. Атап айтқанда, ИЛИМ ой­сырата жеңіліп, ел ау­мағы олар­дан біржола тазартыл­ды. Сонымен қатар ИЛИМ, «Джаб­хат Ан-Нусры» және басқа да лаң­кестік ұйымдармен күрес жал­­ғаса беретіні, олардың өзге де елдер мен аумақтарға қоныс аударуына жол бермеудегі түбегейлі шешімдері де айтылған. Кепілгер үш ел таратқан мәлімдемеде си­риялық қоғам өкілдерінің қатысуымен 2018 жылғы 29-30 қаң­тарда Сочиде өтетін сириялық ұлттық диалог конгресіне дайындық мәселелері аталып өткен.

Сочидегі конгреске дайындық ретінде келер жылғы 19-20 қаңтарда үш кепілгер мемлекет арасында арнайы кездесу өтпек. Ұлттық сириялық диалог конгресі Женевада өтетін келіссөздерге серпін беретініне, сирияаралық келісімге жәрдемдесетініне сенім білдірілген.

«Сириядағы қарсылас тараптар арасындағы сенімді нығайту мақсатында ұсталғандарды азат ету, қайтыс болғандардың де­не­сін беру және хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру жөнін­дегі жұмыс тобы жөнінде ере­же қабылданды. Сонымен қатар аймақты, ЮНЕСКО-ның мәде­ни мұралары қатарына енген нысандарды минадан гумани­тар­лық жолмен тазалау туралы ортақ келісім жасалды», деді мә­лім­демемен таныс­тыр­ған Сыртқы істер министрі Қ.Әб­дірахманов.

Бұдан бөлек, Ресей, Түркия және Иран тарапы биыл 4 мамырда Астана процесі аясында қабылданған Меморандумның қызметін жалғастыруға, оқ ату­ды тоқтатуды одан әрі ны­ғай­ту мен төрт деэскалация айма­ғының тиімді жұмыс істеуі­не жағдай жасауға кепіл болып отыр. Мәлімдеменің соңын­да Сириядағы жағдайға алаңдау­шылық білдіріп, Астана процесін өткізуге мұрындық болған Пре­зидент Н.Назарбаевқа алғыс айтылып, келесі келіссөздердің келер жылғы ақпанның екінші жартысында өтетіні хабарланған.

Жиында БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стефан де Мистура сөз сөйледі. Оның айтуынша, Астана процесінің арқасында Сирияда сенімді нығайтуға байланысты бірқатар шаралар атқарылып, минадан тазарту жұмыстары алға жылжыды. Сонымен қатар С.Мис­ту­ра аймақтың кез келген бөлі­гінде гуманитарлық көмек­тің қа­жеттігін атап өтті. Отырыс соңында Сирия билігі мен оппозиция өкілдері де өз пікірлерімен бөлісті. Олар Астана процесінің тиімд­ілігіне тоқталып, келіссөз­дердің елде тыныштық орнатуға орасан үлес қосып жатқанына алғысын білдірді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»