Жиынды ашқан В.Божко Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Азия елдерімен қарым-қатынас орнатып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) Азия елдерімен келісім жасағанына биыл 25 жыл толғанын атап өтті. Сонымен қатар соңғы кездері елдер арасындағы құқықтық келісім шаралары мен түрлі бағыттардағы байланыстар арнасы кеңейіп келе жатқаны да айтылды. «Соңғы ширек ғасыр ішінде Азия елдері мен көптеген халықаралық қаржы институттарының бастамасымен 173 парламентаралық келісім құжаттары бекітіліп, ратификацияланды.
Сондай-ақ Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасына сәйкес, алдағы уақытта Оңтүстік-Шығыс Азия мен Араб елдері, ҚХР, Үндістан, Оңтүстік Корея, Жапония сынды мемлекеттермен жан-жақты байланыстар орнату басымдыққа алынған. Бұл мақсат Елбасымыздың «Үшінші жаңғырту» бағдарламасы аясында Азия бағытында өзара қарым-қатынас пен сыртқы саясатты жүргізу ісінде Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосылуға жетелейді», деді В.Божко.
Өз кезегінде Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның азиялық бағыттағы сыртқы саясатына тоқталды. «Өздеріңіз білетіндей, қазіргі заманғы Азия әлемнің саяси әрі экономикалық орталықтарының біріне айналуда. Оның жаһандық рөлі жақын келешекте одан сайын кемелдене түседі деп болжануда. Бұл ретте Азиялық ірі және шағын елдермен достық қарым-қатынастар мен өзара тиімді экономикалық байланыстарды дамыту – біздің ұлттық мүдделерімізге сай келеді. Өйткені Қазақстан Шығыс Азиялық бағытта прагматикалық әрі белсенді саясат жүргізеді. Бірінші кезекте, Қазақстан Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға үлкен мән беретіні белгілі», деді Қ.Әбдірахманов.
Үздіктермен үзеңгілесу үшін
Бүгінде Қытайдың геосаяси ықпалы өсіп келе жатқан, экономикалық тұрғыда әлеуетті, ауқымды қаржылық және технологиялық мүмкіндіктері бар ел. Бейжің 10 жыл мерзім ішінде 14 млрд доллардан астам инвестиция салған Қазақстандағы негізгі шетелдік инвесторлардың арасында тұр. Сонымен қатар Жапониямен де көпжақты стратегиялық әріптестік тереңдеп келеді. Оның үстіне Астана мен Токио ядролық қаруды таратпау саласында жақын одақтас ел ретінде танылған. «Өткен жылы Елбасының Жапонияға ресми сапары аясында стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды. Көлік, мұнай-химиясы, қаржы және атом энергетикасы салаларындағы шамамен 1,2 млрд доллар көлеміндегі 13 екіжақты коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл мемлекеттер арасындағы сенімді серіктестіктің шынайылығына бірден-бір дәлел бола алады», деді министр.
Ал Оңтүстік Корея өнеркәсіпті дамыту және ұлттық экономиканы әртараптандыру бойынша негізгі әріптестердің бірі. 10 жыл ішінде Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына инвестициясы 4,6 млрд долларды құрады. Бұған қоса, министр Моңғолияда қазақ диаспорасының болуына байланысты Қазақстанның сыртқы саясатында бұл ел маңызды орын алатынын да қадап айтты және байланысты жандандыру мақсатында осы күндері автокөлік жолын салу мәселесі қарастырылып жатқандығын жеткізді. Жоба жүзеге асса, аталған жол Қытай мен Ресей аумағы арқылы өтетін болады. Сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастардың басымдыққа ие мәселелерін ескере отырып, Баян-Өлгий аймағында консулдық пункт ашу мәселесі де қызу талқыланып жатқан көрінеді.
Сонымен қатар Қ.Әбдірахманов Азия аумағындағы өзге елдермен байланыстардың басым бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды. Ол Қазақстанның Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай, Жапония, Вьетнам, Сингапур, Малайзия, Индонезия елдерімен көпжақты әріптестікті тереңдетуге ниетті екенін айтып өтті. «Себебі жақын болашақта Азияның әлемдегі рөлі арта түсетіні анық. Азия 4 миллиардтан астам халқымен қуатты дамып келе жатқан аймақ. Осы орайда, оның жаһандық экономикадағы үлесі 34 пайызды қамтып отыр. Бүгінде өңірдегі жеті мемлекет планетадағы ірі экономикалардың жиырмалығына енді», деді ол.
Сондай-ақ отырыста Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев тақырыпқа орай баяндама жасап, қазіргі уақытта Азия, әсіресе Азия-Тынық мұхит аймағы экономикалық даму, индустрияландыру, цифрлық экономикаға көшу, инвестиция тарту бойынша әлемде көш басында тұрғанын сөз етті. «Сондықтан Қазақстан үшін Азия елдерімен жүйелі ынтымақтастық орнату аса маңызды. Бұл елімізде кешенді жаңғыру бағдарламасын табысты іске асыруға оң үлесін қосатыны анық», деді. Сондай-ақ ол Үкімет сағатындағы мұндай талқылаулар депутаттар мен мемлекеттік органдар өкілдеріне осы бағыттағы Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарын терең түсінуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Мәселе мәміле арқылы шешілуде
Ал тақырыптық талқылау барысында Мәжіліс депутаттары министр мен мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар сұрақтар қойып, түйіні тарқатылуы тиіс мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, депутат Қабиболла Жақыпов экономикалық дипломатияның құралдары туралы сөз сөйлесе, Юрий Тимощенко мен Роман Ким Азия елдерімен инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Ал Қуаныш Сұлтанов, Бейбіт Мамраев, Михаил Чирков мәдени-гуманитарлық, білім берудің өзара әрекеттесуі мен Қазақстанның Азия елдеріне туристік тартымдылығын арттыру мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Сол сияқты депутат Бақытгүл Хаменова Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырауына байланысты өз алаңдаушылығын білдірді. Оның сауалына жауап берген министр шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты мәселелер Сыртқы істер министрлігінің жұмысында маңызды басымдық болып саналатындығын алға тартты.
«Әрқашан да, қай жерде де, кіммен кездессек те, сол жерде қазақ диаспорасы болса, біз оған үлкен мән береміз. Десек те, бұл мәселеге аса сақтықпен қарау қажет. Өйткені ол жерде қазақ диаспорасы болғанымен, жағдайға екінші жағынан қарасақ, мәселенің бір ұшы сол мемлекеттің азаматтарына тіреледі. Себебі олар шетелдіктер болып табылады. Сондықтан бұл жердегі мәселе сол елдің заңнамасына қатысты шешілетінін ескеруіміз қажет. Біз мұндай келіссөздерді халықаралық заң қағидаларына сүйене отырып жүргіземіз. Айталық өткен аптада ғана Қытайдың Бейжің қаласында қос елдің Сыртқы істер министрліктері арасында қауіпсіздік мәселелері бойынша келіссөз жүргіздік. Яғни министрдің орынбасары деңгейінде өткен кездесуде өз тарапымыздан Қазақстан мен Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданы арасында мәдениет саласында екіжақты ынтымақтастықты нығайту жоспарын әзірлеу мәселесін көтердік. Осылайша Қытай тарапымен бір жобаны жүзеге асыруға кірісеміз», деді Қ.Әбдірахманов.
Айта кетейік, отырыс нәтижесінде үкіметтік органдарға Қазақстан сыртқы саясатының азиялық бағыт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарының тиімділігін арттыру жөнінде Үкіметке жіберілетін ұсынымдар қабылданды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»