Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2017

Руслан Қуатов: Жақсы жаңалықтарға толы жыл

539 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ер еңбегімен сыйлы». Елбасының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған сәтімде менің ойыма осы халық нақылы оралды. Бұл жо­ғары дәрежеге мен жал­ғыз жеткен жоқпын.

Руслан Қуатов: Жақсы жаңалықтарға толы жыл

Мем­лекет басшысының ма­рапаты мұнай-газ саласындағы барлық қызмет­кер­лерге деген құрметі деп білемін.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында іргесі қаланған «Теңізшевройл» ЖШС бүгінге дейін біраз жетістіктерге жетті. Мұнай өндіру жылына 27,5 млн тоннаға дейін өсті. Компания қазақстандық қамту мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. ТШО 1993 жылдан бері отандық компаниялардың 22,9 млрд АҚШ долларына тең тауарлары мен қызметтерін пайдаланды. Қазір ірі кәсіпорында 20 мыңнан астам қазақстандық маман жұмыс істейді. Алғашқы жылдары мамандардың көпшілігі шетелдіктер болды, тіпті қарапайым жұмысшылар да мұхит асып қазақ жеріне нәпақа іздеп келген еді. Қазір қатардағы қызметкерлер ғана емес, басшылық лауазымдағы азаматтар да отандық мамандармен алмастырылды. Бұл істе мемлекет тарапынан қадағалау мен қолдау болғаны біздің жігерімізді жаныды. Қазақ жігіттері мен қыздарының да мұнай-газ саласын игеруге деген ынтасы оянды. Қазір компаниядағы басшылық қызметтегі азаматтардың 70 пайызы қазақстандықтар. Енді бір бес жылда бұл көрсеткіш тіпті көбейері анық. Мен еліміздің мұнайды өндіріп қана қоймай, өңдеуші ретінде де нарыққа шыққанын армандаймын. Жастар осы мақсатта білім алса, еңбек етсе, алынбайтын қамал жоқ.

Міне, тағы бір жыл есігімізден енгелі тұр. 2017 жыл еліміз үшін жақсы жаңалықтарға, жасампаз жетістіктерге толы болды. Елбасы қолынан жоғары марапат алуым да ғұмырыма сәулелі сәт сыйлады. Келер жылдан үміт көп. Бастысы, еліміз тыныш, Елбасымыз аман болсын. Жаңа жылдан да жақсылықтар күтеміз.

Руслан ҚУАТОВ,
«Қазақстанның Еңбек Ері»,
«Теңізшевройл» ЖШС менеджері