Мысалы, Қадыржан Мақанғалидың өзі жас ғалым. Ол таяу уақытта облыс орталығынан шалғайда жатқан Қамысты ауданында халықаралық дәрежеде аталып өткен инновациялық технологиямен өңделетін шұжық цехын ашуды жоспарлап отыр. Ал Дмитрий Ромащенко мемлекеттік тілді таза меңгеріп алуымен қатар, Федоров ауданындағы №1 орта мектепте қазақ тілінен озық әдістемемен сабақ береді. Биыл «Алтын кітапқа» есімдері жазылған 11 жастың – тоғызқұмалақшы Қымбат Нөсерованың, актер Төленді Әлқожиннің, мұғалім Әміржан Жұмабековтің, журналист Дилара Аронованың, кәсіпкер Мирас Адамбаевтың, жастар көшбасшылары Серік Манасбаевтың, Бәкір Марғұланның, дәрігерлер Александр Колесниченко мен Эльвира Асадованың әрқайсысы өзінің осындай үздік ісімен, дарынымен қызықты дастан секілді.
– Бала жасымнан мемлекеттік тілге қызығушылығым болатын. Бірақ А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы мамандығына түскенімде тілім қазақшаға онша келмейтін және көп сөздерді түсінбейтінмін. Қиналған күндердің бәрі артта қалды, төртінші курста еркін сөйлеп кеттім. Менде мемлекеттік тілді білуім керек деген мақсат болды. Қазақ тілі мен үшін ашылған терең теңіз секілді. Ал ауылда мемлекеттік тілде сабақ беруді өмірлік мақсатым деп білдім, – дейді Дима ағынан жарылып.
Қазір оның қазақ тілін меңгеру және үйрету жөніндегі ізденістері тіл мамандарының назарын аударып жүр.
Жылда дәстүрлі түрде өтетін «Қостанай облысы жастарының алтын кітабы» бал-кешіне биыл да облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы айтылған мәселелердің барлығы да жастарға арналады, сондықтан оны жүзеге асыратын да сіздер боласыздар. Еңбексіз, мақсатсыз ешкім де мемлекетке, отбасына пайдалы іс істей алмайды. Біздің бұл шара жыл сайын ел болашағының көкжиегіндей арман қуған талантты, дарынды жастардың өсіп келе жатқанына кепіл болады. Бүгінгі марапат, құрмет сіздердің еңбектеріңізді мойындау ғана емес, қоғамның сіздерге көрсеткен үлкен сенімі. Өзге жастар сіздерге теңелгісі келеді, – деді облыс басшысы.
Қостанайда 12 жылдың ішінде 184 жастың есімі «Қостанай облысы жастарының алтын кітабына» алтын әріппен жазылды. Олардың арасында бүгінгі Парламент Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова, ғалым Индира Бейішева, екі дүркін Олимпиада жүлдегері, бүгінде кәсіпқой бокста жүрген Иван Дычко, конькимен сырғанаудан Әлем чемпионы, аты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне кірген Денис Кузин, арбада отырып билеуден әлем чемпионатының 2 рет қола жүлдегері Мәлике Мұхтарова, Қазақстан футболының чемпионы, ұлттық құрама капитаны Нұрбол Жұмасқалиев, тағы басқалар бар.
Қостанай облысында мемлекеттік жастар саясатын қаржылық қолдау да жыл сайын өсіп келеді. Биыл бюджеттен осы мақсатқа 190 миллион теңге бөлінді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ