Қысқы спорт • 03 Қаңтар, 2018

2018 жыл – спорт жылы

581 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2018 жыл жарысқа толы жыл болмақ. Футбол жанкүйерлері тағатсыздана күткен басты дода – футболдан әлем чемпионаты өтеді. Одан бөлек қазақстандық клубтардың еурокубоктегі өнерін де биыл ерекше сеніммен күтетін боламыз. Одан бөлек те, ел қоржынына жүлде салатын жарыстар аз емес. Солардың бірі – Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпия ойындары.

2018 жыл – спорт жылы

Қаңтар

Жыл басында XXIII Қысқы Олимпия ойындарына лицензия алу үшін шаңғышыларымыз жарыс жолына шығады. Құрама командамыз дүбірлі додаға 11 спортшы апаруды жоспарлап отыр. 6 ер және 5 әйел спортшы Қазақстанның намысын қорғауы тиіс. Олардың ішінде дәл қазір Олимпиадаға баруы тиістілердің қатарында Елена Коломина, Анна Шевченко, Алексей Полторанин, Сергей Малышевтер бар. Ал қалған шаңғышыларды бапкерлер осы қаңтар айында анықтайтын болады. Оның үстіне спортшыларымызды Швейцариядағы Ленцерхайде, Германиядағы Оберстдорф, Италиядағы Валь ди Фиеммеде өтетін шаңғыдан Әлем кубогының кезеңдері күтіп тұр. Олимпиадаға баратын спортшылардың көбісінің есімдері дәл осы қаңтар айында анықталады.

Ақпан

Ақпан айының өзі түгелдей Олимпиаданың айналасында өтетіні білгілі. Күллі әлемдік спорттың көңілі Оңтүстік Кореяға түседі. 9-25 аралығында Пхенчхан қаласындағы дүбірлі додаға біз де көз тігеміз. Бірлі-жарым спорт түрлерінен медаль алып қалуымыз ғажап емес. Денис Тен секілді мәнерлеп сырғанаушымызды, шорт-тректегі командамызды, немесе Галина Вишневская бастаған биатлоншыларымыздың, Сергей Полторанин қостаған шаңғышыларымыздың жолына үмітпен қараймыз.

Ай басында Дэвис кубогы аясындағы 1/8 финалдық ойындар жоспарланған. Солардың қатарында Қазақстан мен Швейцария арасындағы кездесу бар. Матчтар елордадағы «Дәулет» ұлттық теннис орталығында өтеді.  

Сонымен қатар, ақпан айында «Астана» футбол клубы Еуропа лигасының плэй-офф кезеңіндегі ойынын өткізеді. Астанаға Португалияның «Спортинг» командасы келеді. Ал 30 қаңтар мен 10 ақпан аралығында Словения астанасы Любляна қаласында футзалдан Еуропа чемпионаты өтеді. Оған Қазақстан ұлттық құрамасы қатысады.

Наурыз

Наурыз айында Қазақстанның футболдан премьер-лигасы басталады. Еліміздің 12 қаласында ішкі біріншілік ойындары өтіп, футбол маусымы ресми түрде ашылады. Мәнерлеп сырғанаушылардың әлемдік додасы 18 наурыз күні Италияның Милан немесе Турин қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланған. Оған қазақстандық спортшылар да қатысады деп күтілуде. Ақпан айының соңында басталатын күрес түрлерінен Азия біріншілігі Бішкек қаласында өтеді. Оған қазақстандық балуандар қатысатынын да айта кетейік.

Сәуір

Сәуір айында Чемпионда лигасының және Еуропа лигасының жартылай финалдық кездесулері болады. Бұл ойындар күллі ғаламшардың назарын өзіне аудартатыны анық. Алайда, қазақстандық спортшылар қатысатын додаларға тоқталатын болсақ, олардың ішіндегі ең сүйектісі, маңызы жоғарысы – жасөспірімдер арасындағы хоккейден әлем чемпионаты. Оған Қазақстан U-18 командасы қатысады. 19-29 сәуір аралығында Ресейдің Магнитагорск және Челябинск қалаларында өтетін бұл жарыстан үмітіміз зор. Себебі, өткен жылы жігерлі жастарымыз күміс медаль еншілеп қайтқан еді.

Мамыр

Мамыр айында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының финалдары өтетінін де естен шығармайық. Сонымен қатар, осы айда өзіміздің «Астана» вело командасы қатысатын «Джирро Италия» көпкүндігі ұйымдастырылады. Айтпақшы, мамыр айында тағы бір қызу, бәсі жоғары бокс бәсекесі ұйымдастырылуы ықтимал. Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші қайтара кездесу дәл осы мамыр айында өтіп қалуы әбден мүмкін. Қазір келіссөздер жүргізілуде.

Маусым

Маусым айының 6-сы күні Ресей-Сауд Арабия ойынымен 2018 жылғы футболдан әлем чемпионаты басталады. Көршілес Ресей жерінде өтіп жатқан дүбірлі додаға барып, кейбір ойындарды трибунадан тамашалауға тамаша мүмкіндік бар.

Шілде

Қазақстандық футбол клубтары Еуропа лигасындағы іріктеу матчтарын бастайды. «Қайрат», «Ертіс», «Ордабасы» командалары кәрі құрлықтағы жорықтарын алғашқы айналымдардан бастаса, ізін ала «Астана» командасы Чемпиондар лигасындағы ойындарын өткізеді. Шілде айының соңына қарай әдеттегідей «Тур де Франс» велокөпкүндігінің күндері келе қалады. Әлемдегі мықты велошабандоздардың басын тегіс қосатын даңқты жарысқа «Астана» Про Тим командасы да қатысады. Дүбірлі дода 7-29 шілде аралығында өтеді.

Тамыз

18 тамыз күні дзюдодан Еуропаның ашық біріншілігі жалауын желбіретеді. Бас бапкерін ауыстырған Қазақстан ұлттық құрамасы Израильде өтетін додаға тыңғылықты дайындықпен барады. Әрине, оған дейін де, одан кейін де Гран-при сайыстары болғанымен, біздің команда әсіресе осы Еуропа чемпионатына баса назар аударады. Тамыз айының бел ортасында Индонезия астанасы Джакартада жазғы Азия ойындары өтеді. Бұл да еліміз спортшыларының сары құрлықтағы шамасын байқап алатын тұсы. Осы жолы әдеттегідей боксшылар мен палуандарымыздан бөлек өзге де спорт түрлеріндегі жастарымызға көз тігетін боламыз. Мысалы, жеңіл атлетика мен жүзушілеріміз медаль алып қалуы әбден мүмкін. Азия ойындарының басталуы да 18 тамыз күні.

Қыркүйек

Қыркүйек айында велоспорттың соңғы үшінші ірі гранд-тур жарысы өтеді. 21 кезеңнен тұратын «Ля-Вуэльта Испания» велобәйгесі «Астана» командасы үшін жүлде алатын тамаша мүмкіндік. Бұл әсіресе қазақстандық шабандоздар Жандос Бижігітов, Руслан Тілеубаев, Дмитрий Груздевтердің жарқырайтын шағы.

Бұл жарыс аяқталысымен велошабандоздарымыз Аустрияның Инсбург қаласында өтетін әлем чемпионатына аттанады. Біз әдеттегідей Алексей Луценко бастаған жерлестерімізге жанкүйер боламыз.

Қазан

Жапония жерінде қыздар арасындағы волейболдан Әлем чемпионаты өтеді. Азия құрлығынан іріктеліп шыққан 4 команданың ішінде біздің қаракөздеріміз де бар. Бұл жарыс 30 қыркүйек пен 21 қазан аралығында өтеді. Жарыстың жеребесі тартылып, Қазақстан «D» тобына түсті. Онда бізден бөлек Сербия, Бразилия, Доменикан, Пуэрто-Рико және Кения құрамалары бар.

Қараша

Қарашаның 24-і күні Түрікменстан астанасы Ашғабадта ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтеді. Көптеген допинг дауына ұшыраған біздің спортшыларымыз осы жолы тәуір нәтиже көрсетуі тиіс. Аталған жарысқа даңқты спортшымыз Илья Илин де қатысуы бек мүмкін. Сондықтан да, дәл осы жолғы Әлем чемпионаты біздің команда үшін өте қызықты өтетіні анық.

Желтоқсан

Желтоқсан айы басталысымен 2018/2019 жылғы қысқы спорттың маусымы ашық деп жарияланады. Бірден биатлон мен шаңғышыларда Әлем кубогының кезеңдері шымылдығын түреді. Біз әдеттегідей Галина Вишневская мен Максим Браундарға сенім артамыз. 2019 жылдың көктемінде ЕУРО-2020 жарысының іріктеу кезеңі басталатындықтан футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы осы айда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жолдастық ойындар өткізеді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»