04 Қаңтар, 2018

Машина жасау – әлеуетті экономика тұғыры

2387 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өндірісі өркендеген кез келген елдің дамыған экономикасының маңызды көрсеткіші машина жасау өнеркәсібі болып табылады. Өркениет биігіне ұмтылған тәуелсіз Қазақстан да өзінің экономикасын әртараптандыру үрдісінде машина жасау саласын дамытуға барынша ден қойып келеді.

 

Машина жасау – әлеуетті экономика тұғыры

Ақиқатын айтар болсақ, жылдар бойы бұл салада біздің еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетіп көрген емес. Сонау кеңестік дәуірде республика­мыз Одақтың бірыңғай шикізат қой­ма­сына айналып, жоғары технологиялар­ға негізделген машина жасау саласы сана­лы түрде қолға алынбады. Өкпені қыс­қан өтпелі кезеңнің тым созылып кетуіне байланысты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да экономикамыздың бұл маңызды саласын дамыту кенжелеп қалды. Өркениетті экономиканың тұғыры болып табылатын машина жасау саласын дамытуға тек Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен 2010 жылы қабылданған еліміздің 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижесінде ғана бетбұрыс басталды.

Бүгінде елімізде машина жасау сала­сының кешенді өндірісі қалыптасып қана қойған жоқ, сонымен бірге индус­т­рия­лық дамудың жаңа қырлары ашылып, ел экономикасының мұнай шикіза­тына тәуелділіктен құтылуының алғаш­қы нышандары қалыптаса бастады. Индус­т­рияландыру бағдарламасының бес­жылдықтары белесінде еліміздің маши­на жасау өндірісі еселей артты. Ин­дуст­рияландыру картасының шең­берінде бұл салада жүзден астам ірі жобалар іске қосылды. Мемлекеттің мақсатты көмегінің нәтижесінде бұрын-соңды Қазақстанда шығарылып көрмеген өнімдерді шығару жолға қойылды. Атап айтқанда, қазір елімізде мобильді бұрғы­лау кешендерін, электровоздар, локомотив­тер, жүк және жолаушылар вагондарын, бульдозерлер, жеңіл және жүк ав­том­обильдерін шығаратын өндіріс орын­дары құрылып, жұмыс істей бастады. Тікұшақ­тар шығаратын кешенді зауыт іске қосылды. 

Тарих қойнауына кірген кешегі 2017 жылы қайта өңдеу саласы өнеркәсібі өнімдерінің ішінде машина жасау өндірісі өнімдерінің жалпы көлемі 10 пайызға жетті. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда өткен жылы жеңіл автомобильдер шығару 4,7 есе, темір жол вагондарын шығару 9 есе, трансформаторлар шығару 2 есе артты. Желтоқсан айында өткен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты дәстүрлі ұлттық телекөпірде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінде Қазақстан әлемге белгілі он сегіз бренд бойынша автокөлік құралдарының әртүрлі моделдерін құрастырады. Оларды біз Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және басқа елдерге экспорттай бастадық», деп атап көрсетті. 

ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында экономиканың 14 секторына басымдық берілді. Оның ішінде алтауы машина жасау саласына қатысты секторлар болып табылады. «Индустрияландыру ауқымында машина жасау саласының әлеуеті аса зор. Бұл саланы қарқынды дамыту арқылы біз жоғары сұранысқа ие технологиялық тауарлармен ішкі рыногымызды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік жасаймыз. Машина жасау – біздің экономикамызды жедел технологиялық жаңғыртудың драйвері болып табылады. Сондықтан алдағы уақытта экономикамыздың осы маңызды саласын дамыту арқылы біз жаһандық экожүйедегі 4.0 трендіне лайық болу мақсатын басты бағдарға алдық. Машина жасау өндірісі саласында тәжірибелі шетелдік әріптестерімізбен белсенді жұ­мыс атқарып жатырмыз. Қазірдің өзінде қазақстандық машина жасау өн­ді­рісінің өнімдері Ресей, Қытай және бір­қатар ТМД мемлекеттерінің рыногында жоғары сұранысқа ие болып отыр», дейді «Қазақстан машина жасаушылары одағы­ның» басшысы Мейрам Пішембаев. 

Ұзақ жылдар бойы кенжелеп қалған машина жасау өндірісінің дамуы қанша­лық­ты қарқын алғандығын 2015-2019 жыл­дары жүзеге асырылатын екінші бес­жылдықтың Индустрияландыру кар­тасына енгізілген мына кешенді кәсіпорындар кестесі арқылы-ақ көз жеткізуге болады. Яғни осы мерзімде толық өнім шығаратын Өскемен қала­сындағы автомобиль зауыты, шағын катерлерді кеңейту және жаңғырту жөніндегі Орал қаласындағы өндірістік орталық, көтергіш крандар шығаратын Қарағанды зауыты, электр жүктиегіштер шыға­ратын Қызылорда өндірістік орта­лығы, темір жол вагондарының жұп доңға­лақтарын шығаратын Екібастұз зауыты және басқа бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылмақ. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде жаппай жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар машина жасау саласының болашақта ел экономикасының берік тұғырына айналатынына сенім ұялатады. Іске сәт!

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»