Аймақтар • 04 Қаңтар, 2018

«Баян сұлу» бренді

8631 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қостанайдағы «Баян сұлу» акционер­лік қоғамының іргесі осыдан 40 жыл бұрын қаланған. Өткен ғасырдың 70-жылдары құрылған, «Қостанай кон­дитер фабрикасы» деп аталған кәсіп­орында өндірілетін өнім түрлері санау­лы ғана болатын. Шоколад, карамель, конфет және печенье шығатын. Фабрика ғимаратының жертө­лесінде өндірістің бу, тоңазыт­қыш және механикалық цехтары жұмыс істейтін. Әрине ол кездегі өнімнің түрлерін көбейту үшін жаңалық енгізуден гөрі көлем қуу құбылысынан кондитерлік орталық та сырт қалған жоқ. Оған қоса мұндағы литография цехынан шығатын бояуы жұтаң, суреті солғын орама қағаз тәттілердің тартым­дылығын да төмендететін еді.  

«Баян сұлу» бренді

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­­­­­­дарын­дағы нарықтық эко­но­ми­­каға көшу үдерісі Қос­та­­най кондитер фабрикасына да оңай­ға түскен жоқ. Бірақ фаб­ри­ка жұмысын тоқтатпады, қан­­дай қиын­дықтан да жол тауып, шығып отыр­ды, тұтыну­шы­­лар­ды тәттісіз қал­дыр­мады. 90-жыл­дар­дағы дағ­дарыс­тан аман шық­қан кәсіпорын ізде­ніс­­­­терге бармағанда, бүгінгі нарық­­­т­ағы бәсекеге шыдас бере алмас еді. 

Тәуелсіздікпен бірге Қоста­най кон­ди­тер фабрикасына да ілкімді өзге­ріс­тер келді. Алдымен кондитерлік фабри­каның аты мен формасы өзгерді. Акционерлік қоғам болып құрыл­ды, халқымыздың эпостық жырындағы хас сұлу Баян сұлудың есімін алды. Конфет­тердің сапасы да, сырт­қы безен­дірілуі де жоғары сатыға көтеріл­ді десе болады. Ал соңғы 3-4 жылда кәсіп­орын өндірісті жаңғырту ісіне барынша көңіл бөліп келеді. Бірер жыл бұрын ашылған бисквит цехы­ның өнімдері жоғары сапасымен ерекше­лене­ді. «Баян сұлу» Еуропадағы эконо­ми­касы дамыған елдермен байланыс жасап, күрделі де жаңа технологияларды меңгерді. Бисквит цехы соның жарқын мы­салы. Өткен жылы Қостанайға Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев кел­генде «Баян сұлу» кондитер фабрикасының цех­тарын аралады. Елбасы жаңарып, жаңғырған, компьютермен басқарылатын цех­тар жұмысын көріп, ерекше риза болды. 

– «Баян сұлу» фабрика­сы­ның кон­фет­тері қазір өте дәм­ді, тәтті. Сапасы жақсы. Кәсіп­­орын даңқын өнім сапасы шы­ғарады», деп Нұрсұлтан Әбіш­ұлы біздің жұмысымызға жоға­ры баға берді. Бұл біздің ұжым­ды, мамандарды рухтандырды, – дейді «Баян сұлу» кондитер фабрикасы» АҚ-тың басқарма төрағасы Тимур Садықов. 

Тәуелсіздік мерекесі қар­саңын­да «Баян сұлу» кондитер фаб­рикасында бірден тағы екі желі іске қосылып, нуга, кара­мель, жаңғақ қосылып, шоко­ладпен қапталған «nigat ALBO» конфеті және карамель қосылып, шоколадпен оралған печенье шығарыла бастады. Конфет жарнамасы жер жаратын «Марс», «Сникерс» шоколадтарын еске салады, сапасы мен дәмі олардан бір кем емес, табиғи қоспасы жөнінен тіпті артықшылығы да бар. 
– Бұл екі өнім де ең бастысы, импорттық өнімді алмастырады. Оған шетелден алынған табиғи сүт ұнтағы, табиғи шоколадпен қатар жергілікті ұн, глюкоза қосылады. Жабдықтар Италия мен Түркиядан алдырылды. Бұл орайда мемлекеттің көмегі орасан. Екі желіге 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалды, – дейді Т.Садықов. 

Бүгінде «Баян сұлу» өнімі­нің 30 пайызы экспортқа шы­ға­рылады. Фабриканың тіл үйіре­тін конфеттері мен печенье­сінің дәмін Ресейдің барлық шалғайы біледі десе болады. Оның сыртында Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моң­ғолия, Түрікменстан, тіпті Гер­мания «Баян сұлудың» конфетін сұратады екен. Фаб­рика өнімі 400-ден аса аталыммен шығарылады. Кәсіпорын басшысы Т.Садықов мемлекет тарапынан көріп отырған қолдауды тәуелсіздіктің арқа­сы деп біледі. Желілер іске қосыл­ған соң, Қазақстан даму банкінен алын­ған қар­жы­ның 30 пайызын Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігі, басқа да алған несие­­лерді «Даму» қоры субсидиялайды. Соның арқасында кәсіпорын үнем­дел­ген қаржы­ны өндірісті дамытуға инвес­тициялап отыр. Он жылда кәсіп­орынға 20 миллиард теңге инвес­тиция салынды. Қазір фабри­кадағы желілердің тозу деңгейі 20 пайыздан аспайды. 

Желілерді жаңартып, заманауи техноло­гияларды өндіріске енгізу алдымен еңбек өнімділігін арттырған. Сонымен қатар экспортқа бағытталған сапасы жоғары өнім өндіруге мүмкіндік беріпті. Фабриканың жаңа конфет желісі орнатылған цехында келеміз. Ешқандай шусыз және шыбын тайып жығылардай таза атшаптырым цехтағы желіде нуга пен жаңғақ қосылған карамель қабаттастырылған қоспа жылжып барады. Оны бақылап тұрған Галина Анненкованың маман­дығы нугат өндіру желі­сінің операторы деп аталады. 

– Желінің құрылғанына бір ай шамасы ғана болды. Қазір қолымыз жүріп, конфетті мінсіз етіп өндіріп жатырмыз. Өз ісіме мамандана бастадым. Конфеттің дәмі де, сапасы да, сәні де базардағы баламаларының кез келгені­нен артық болмаса, кем емес. Жаңа технологиямен жұмыс істеу қызықты. Өнім сапасының жоғары­лығын, оның ертең жақсы өтетінін сезіп тұрасың, – дейді Галина ағынан жарылып. 

Жаңа желі демекші, фабри­ка­да жаңа технологиямен жұ­мыс іcтейтін мамандар кем­шін екенін директор жасырмады. 

– Бізде 40 жыл еңбек өтілі бар тәжіри­бесі мол қызметкерлер, жұмыс­шы­лар да, табалдырықты енді аттаған жастар да бар, ұжымда ұзын саны 2000 адам жұмыс істейді. Бірақ заманауи желілердің, тех­нологияның қыр-сы­рын меңгерген ма­ман­дар аз. Сонд­ық­тан кәсіпорынға ма­ман­дар дайын­дауға өзіміз қатысуды жөн көрдік. Қостанай политехникалық кол­леджінің студенттері оқу үдерісінің үштен бірін біздің фабрикада өткізеді. Оларға еңбекақы да төлейміз. Жұмыс барысында студенттердің жаңа зама­науи технология мен желілерге көзі қаныға береді. Колледж студенттері бүгінде тамақ өнеркәсібі туралы 1967 жылы шық­қан оқулықты пайдаланады екен. Сон­д­ық­тан колледж оқытушыларымен бір­ле­се отырып, біздің мамандар жаңа оқу­лық жазуға кірісті. Қазір бұл орайда жұ­мыс қызу жүріп жатыр, алдағы оқу жылы­на дайын етсек деген мақсатымыз бар, – дейді Т.Садықов. Компа­ния Ресей­дің Челябі, өзіміздің Алматы, Қостанай қалала­рын­дағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген 12 студенттің оқу қар­жысын да өз мойнына алған. Олар оқу бітірген соң фабрикаға қызметке келеді. 

«Баян сұлу» кондитер фаб­рикасы өзінің жұ­мыс­­шыларына әлеуметтік жа­ғдай жасауды да бірінші орын­ға қояды. Бұл қырық жыл бойы үзілмей келе жатқан дәстүр. Түрлі дағ­дарыстар кезінде де өндіріс орны жұ­мыс­шы­ларына жасалатын жеңіл­діктерді алып тастаған емес. Жұ­мысшы мұнда кешенді түстік тамақты бар-жоғы 150-200 теңгеге ғана алады дегенге сырт адамы сенбеуі мүмкін. Өйт­кені қазір ешқандай өндіріс орын­дарының асханасында мұн­дай баға жоқтың қасы. Еңбек демалысына шыққан жұмысшыларға «денсаулық жәрдем­ақысы» қоса беріледі. Соны­мен қатар мұндағы отау тік­кен жастарға 75 мың теңге шашу беріледі, егер қалың­дық пен күйеудің екеуі де фабри­ка жұмыс­шылары болса, сый­лықтың көле­мі екі есе артады. Аға ұрпақ өкілдері де ес­кер­у­сіз қалмайды. Зейнетке шық­қан­­дар­ға еңбек өтілінің әр он жылына бір ай­лық жалақы бері­ле­ді. Мысалы, 30 жыл осында еңбек еткен кісіге бірден үш жа­л­ақы беріледі. Жаз айларында ба­ла­­­лардың демалыс лагері жұ­мыс істей­ді. Ал биыл жазда фаб­ри­кадан 200 адам Астанада өткен ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көр­месін аралап, демалып қайтты. 

Тәуелсіздік «Баян сұлу» атанған компания жыл сайын отандық, аймақ­тық, халықара­лық көрмелерге қатысып отырады. Соның бірерін мысал етсек, биыл қыркүйек айында Мәс­кеу қа­ласында өткен «WorldFood Moscow 2017» тамақ өнімдерінің 26 халық­­­ара­лық көрмесіне қатысып, отандық өнім­нің сапасын мойын­да­тып келді. Соны­мен қатар Астанада бүкіләлем­дік сапа күнін ме­рекелеу шеңберінде «Ұлт­­тық сараптау және сертификаттау орта­лығы» акционерлік қо­ға­мы өнім мен қыз­мет­тердің сапа­­­сын қамтамасыз ету сала­сын­да жоғары көрсеткіштерге қол жет­кені, сондай-ақ сапа басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасын «Сапа көшбасшысы-2017» дип­ломымен марапаттады.
«Баян сұлу» конфеттері десе жұрт­тың көз алдына әдемі­лік, тіл үйіретін дәм, сапа, табиғи­лық елестеп жүре бере­ді. Ал экспортқа жіберілген конфет­тер осы айтылғандардың елшісіндей дерсің. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ