Ел үшін етігімен су кешер ерлердің орны қашанда бөлек. Халқының жел жағында жүріп, жұртының қамын жеу қазақтың қанында бар қасиет. Кәсібі өрге домалап, нәсібі молайса, «жемін шашып» жейтін азаматтар – елдің жанашырлары, тәуелсіздіктің нығаюына нақты ісімен атсалысқан ерлер. Кәсіпкерлер мен халық мүддесін ескеріп, олардың еңбек пен іскерлік әрекеттерінің белсенділігін арттыру арқылы әлеуметтік жобаларды іске асыру, «Туған жер» бағдарламасы аясында өңірдің дамуына үлес қосып, елдің тұрақты экономикалық кеңістігін қалыптастыру мақсатындағы форум ел мен жердің көркеюіне әр салада қомақты үлес қосқан кәсіпкер азаматтарды танытты. Маңғыстауда меценаттардың қаржылай қолдауымен ауылдар абаттандырылып, әлеуметтік нысандар салынып жатыр, сондай-ақ тарихи ескерткіштер мен мәдени орындарды қалпына келтіруге бағытталған жобалар да бар. Биыл 100 меценаттың демеушілігімен жалпы сомасы 43 млрд 699 млн теңге болатын 110 жоба жүзеге асырылған.
«Туған жер» бағдарламасы аясында халықтың жағдайын жақсартып, қоғамдық санасын жаңғырту мақсатында, облыстың дамуына ықпал ететін әлеуметтік жобаларды ұсыну мүмкіндігі берілген аукцион өтті. Аукционға 7 жоба ұсынылды. Олардың бірі – жалпы құны 516 млн теңгелік Мұнайлы ауданындағы спортзал кешенін салу болса, екіншісі – инвестиция көлемі 250 млн теңге қаражат болатын Түпқараған ауданындағы спорт кешені. Сондай-ақ Ақтау қаласында Абай Құнанбаев пен Нұрмұхан Жантөринге арналған ескерткіш орнату 80 млн теңгеге түспек.
Форумда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақтың климаттық ерекшелігіне байланысты облыстағы барлық білім беру ұйымдарында «Жасыл мектебім – жасыл мекенім» атты жобаның тұсауы кесілді. Экологиялық мәселені шешу үшін айналаны көгалдандыру, балаларды еңбекке баулу арқылы тәрбиелеу, оқушыларға арналған ғылыми-тәжірибелік орталық ашу, тамшылатып суару, пайдаланған суды қайта өңдеу арқылы жаңа технологияларды дамыту, мектептерде өз өнімін қолдану арқылы кәсіпкерлікті дамытуды және бюджеттен тыс инвестицияларды тарту мәселелерін шешуді мақсат еткен меценаттар мектеп жанынан өз қаражаттарына жылыжай салуды қолға алды. Форум аясында аукционмен бірге жаңа жобалардың көрмесі ұсынылып, еліне қызмет еткен атымтайлар марапатталды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау