Бағдарламаны жүзеге асырудың басталғанына онша көп бола қойған жоқ. Дегенмен, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаның қалай жүргізіліп жатқанына назар салып қоюдың артықшылығы жоқ деген ойдамыз.
Ел Үкіметінің мәліметіне сүйенер болсақ, 2017 жылдың соңына дейін «Нұрлы жер» бойынша 10,1 млн шаршы метр, түсініктірек тілмен айтқанда, 99 мың баспана беру жоспарланған болатын. Оның ішінде 545 мың пәтер мемлекеттік инвестицияның есебінен салынып жатқанын айта кетейік. Он айдың қорытындысына көз жүгіртер болсақ, тиісті жұмыс 87,1 пайызға орындалып, 8,8 млн шаршы метр, яғни 77 мың пәтер иесін тауыпты.
Он ай ішінде өңірлерде атқарылған жұмыстарға шолу жасасақ, басқа облыстарға қарағанда Батыс Қазақстанда халықты баспанамен қамту ісі қарқын алғанын байқауға болады. Бұл облыста пайдалануға берілген баспана көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 49,2 пайызға асып түскені осыны айғақтайды. Одан кейінгі орындарға Павлодар, Атырау, Қызылорда, Ақмола, Қостанай, Жамбыл облыстары жайғасыпты.
Өңірлерде халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігіне арналған арендалық құрылысқа үміт артып отырғандар аз емес. Осы мақсатта 2017 жылдың соңына дейін – 2697 пәтер, 2018 жылы – 2270 пәтер, 2019 жылы 979 пәтер беру жоспарланып отыр. Жергілікті әкімдіктердің кезегінде тұрған мүгедек жандарға, асыраушысы жоқ отбасыларға арналған арендалық пәтерлердің төлемі де біршама арзан екенін айта кетейік. Мысалы, 50 шаршы метрлік пәтердің айлық жалға алу құны 5 мың теңге шамасында екен.
Бағдарламаның табысты жүргізілуінің басты тетігі қаржыға тірелетіні мәлім. Жыл ішінде «Нұрлы жерге» барлық қаржы көздерінен бас-аяғы 744,8 млрд теңге инвестицияланғанын, оның өткен жылғы көрсеткіштен 16 пайызға жуық асып түскенін айтсақ, қаражат бөлінуден кемшілік жоқ деуге болады. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2017 жылдың басында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдарын жұмылдыру туралы шешім қабылданған болатын.
Бүгінде жоба бірнеше бағыт бойынша өрістеуде. Бірінші кезекте тұрғындардың ипотекалық несие алуына ыңғайлы жағдай туғызу көзделген. Ол үшін жыл сайынғы сыйақы мөлшері 7 пайыздан аспайтын субсидия бөліне бастады. Субсидия үшін мемлекеттік бюджеттен 10 млрд теңге қарастырылып отыр. Қаржыны игерумен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ айналысады. Қаржыны екінші деңгейлі банктер халыққа жеңілдетілген несие түрінде ұсынуда. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Цеснабанк, Tengri Bank сынды қаржы ұйымдары да осы жұмысқа жұмылдырылған. Осы бағыт бойынша күні бүгінге дейін 8 770 пәтер пайдалануға беріліпті.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ел экономикасының толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндеті жүктелгені мәлім. Ал баспанамен қамту бағдарламасы құрылыс секторына тың серпін беруге тиіс екені анық. Сол себепті сөз етіп отырған жобаны жүзеге асырудың тағы бір маңызды бағыты ретінде тұрғын үй құрылысымен айналысатын компанияларды ынталандыру тетіктері жолға қойылып отыр. Атап айтар болсақ, құрылыс компанияларының банктерден алған займдары бюджет есебінен субсидияланады. Есесіне тұрғызылған үйлердің бір бөлігі жоғарыда тілге тиек етіп өткен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына берілуде.
Үшінші бағыт еліміздің әрбір азаматына 10 сотық жер бөлу мәселесіне қатысты. Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті таратқан ақпарға сәйкес, «Еліміздің әр азаматының жер заңнамасымен регламенттелген жеке тұрғын үй құрылысына әкімдік инфрақұрылым тартқан 10 сотық жерді тегін алуға құқы бар. 10 сотық жер алу үшін әкімдікке өтініш беру керек, яғни жер теліміне кезекке тұрған жөн».
Жоспар бойынша 2017 жылдың соңына дейін тұрғын үй салу үшін облыс әкімдіктері түзген тізімнің ретімен республика бойынша 60 мыңға жуық жер телімі таратылуға тиіс. Халық саны әр өңірде әртүрлі екенін ескерсек, беріліп жатқан жер телімдерінің көлемі де әртүрлі. Мәселен, Маңғыстауда – 15 мың, Ақтөбеде 11 мың жер телімі берілуде. Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында бұл көрсеткіш біршама төмен. 2017-2018 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бөлудің арқасында жалпы аумағы 2019,3 мың шаршы метрден астам 1 975 үй салынады деп жоспарланып отыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Нұрлы жер» бағдарламасы – Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттердің бірі. Президент Жолдауында бұл туралы «Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған», деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Үкіметтің есебі бойынша соңғы 10 айда елімізде 77 мыңнан астам пәтер берілгенін, 2017 жылдың соңына дейін оны 99 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын ескерсек, бағдарлама біршама сәтті жүргізіліп жатыр деуге болатындай. «Үйі бардың – күйі бар» деген аксиоманы алға тарта отырып, еліміздің әр азаматының әлеуметтік ахуалын жақсартуға бұл бағдарламаның әлеуеті жетеді деген үміт мол.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»