Қазақстан • 08 Қаңтар, 2018

Рух күші

1153 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

...Жол – ұзақ,  қилы-қиырлы. Қарт та әз-Қаратаудың сонау терең түкпіріндегі, Созаққа – теріскейге асар тұстағы «Жылаған ата» әулие. Зияратқа жиналғандар – әруақ жолына сапарлағандар – жасы бар, жасамысы бар, баласы-шағасы дегендейін – жиырма шақтымыз. Осылайша – көптеп-көмектеп, қауымдасып, ұқыптанбасаң межелі жеріңе жалғыз-жарым жете қалуың қиын іс.

Рух күші

Үкіаша ата – Ерқоян ата

Құмайлықастан кілт оңға, солтүстік шығысқа – қарт та әз-Қаратаудың күнгей етек қойнауы – Үкіаша ата әулиеге бұ­рылдық. Ескі қара жолға түстік. Оншақты ша­қырымдай-ақ жол. Бұл жолдармен сан­да­ған мың адамдар нешеме жүз мәрте жүріп өтпеді десеңізші. Жарықтық осынау жолдар – «қасиет, кие, ескірмес тарих, шежіре…». Жүк мәшинесінің табаны астынан бұрқ-бұрқ атқылаған май топырақ санаңды сыңғырлата сілкілеп, өткеннің елесі тынымсыз бұлдыраң қағады.

Иә-ә-ә... жолда, «Ерқоян ата» әулиеге тізе бүгетінбіз. Құран оқылатын. Одан «Үкіаша атаға» келіп, тағы да құ­ран бағышталып, «Өгізтау» асатынбыз. Содан, жазғытұры, қарт Қа­ратауымыздың жон арқасы – теп-тегіс Жон... Ескі, қара жол – тірі! Толқып, тол­ғанып та бұлқы­нып жатыр. Әне… шұ­батылған көш-кер­уен кетіп барады!

«Аруақ аттамаңдар» деген сөз бар. Әудем берідегі Ерқоян атаға ат басын бұрдық. Жарықтықтың қабірінің ұзын­­дығы он бес қадамдай; биіктігі екі метр­дей басталып, бір жарым метрдей аяқталады. Кетпен тастардан қалан­ған, бас жағында ақ мата керілген ба­қан ағаш. Жан-жағында жыпырлаған қорым­дар, уақыт өткен сайын жерге сіңіп, тегістеліп барады. Басын­да шырақшы, кішкене күрке тамы бар. Отыра қалып дұғамызды бағыштадық. Бұ жа­рықтық әулие Үкіаша атаның көмек­ші­ле­рінен болса керек-ті...

Үкіаша ата әулие – қарт Қаратаудың тегістікке ұласарындағы қаптал қойнау­да. Кесенесі қырық та он бес шаршы метр­дей аумақты алып жатыр. Тастан қаланып, төбесі түңкеленіп жабылған. Қабірі отыз-отыз бес қадамдай ұзындық (ұзын болуы – «басы кесілгенде, қаны шашыраған жер түгел қамтылған» делінеді), бір жарым метрдей биіктік, тастан қаланып, гипспен сыланып, ақ матамен көмкерілген. Бес жүз метрдей жоғарыда сыңғырлаған сылдыр бұлақ. Суы әулиенің бас-аяғына жетіп, төмендегі мал қора, қыстауларға жетіп жығылады. Мұнда жеміс ағаштарының жеті атасы – жүзімге дейін бар. Өкінішке қарай тозыңқырап бара­ды. Жатын, намаз оқитын, тамақ әзір­лейтін, тамақтанатын жайлар – қазан-ошақ, ыдыс-аяқ, көрпе-төсекке дейін жет­кілікті.

Ниеттеніп алып шыққан үш тоқтымыз­дың бірін Құдайға құлшылығымыз жолында бауыздап, әулиенің басында да, дас­тарқан үстінде де дұғаларымызды қайта-қайта қайырып, «құдыққа» бет­тедік.

Тарихтан шама-шарқымызша мағлұ­мат бере кетсек:  Үкіаша ата – тікелей Мұха­­мед с. ғ. а. пайғамбарымыздың алдынан қасиетті соңғы дінімізді таратуға шық­­­қан көрінеді. «Пайғамбарымыздың арқасындағы – жауырынындағы мөрін көріп, сүйген» делінеді. Ірі адам болса керек. Түйеде отырғанында, аяғы жер сызар екен. Содан бірде намазға ұйып отырғанында жаулары басын шапқан. (Бір әңгімелерде әйелі сатқындық жасап, жау­ларына осал тұсын айтып берген). Басы домалағаннан-домалап, қашып барып, бір шақырымдайдағы беткейдегі тастың қуысына (құдыққа) түсіп кеткен. Сөйтіп, жер асты суы арқылы Меккеге жеткен... Тағы бір тарихты қозғап өт­сек әбестік болмас: Құдайсыз қызыл со­вет­тің кезінде халықтың тоқтаусыз ағыла бергенінен қорынғансып қызыл белсенділер әулиенің қабірін де, кесенесін де булдозер трактормен тас-талқан етіп, сырып тастаған. Бірақ та бүкіл иманы түзік мұсылман ағайындар (бұ жарықтық әулиеге өздерімізден – Орталық Азиядан басқа да, сонау парсы, араб елдерінен де зияратшылар ағылып жатады ғой) жабылып жүріп, бұрынғысынан да үлкен де көрікті кесене тұрғызып, қазіргі қабірінің нобайын жасаған. Бірнеше жылдар әулиенің басында күзетке тұрған, – «құдайсыздар тағы да бүлдіріп жүрер ме екен» деп.

Үйдей-үйдей шомбал тастардың жа­ры­ғын­дағы құдықтың тереңдігі – қырық құлаштай. Шелекпен тартып, суын ырымдап ішесіз, алып та кетесіз. «Жөнсіз адам­дар­ға су шықпайды» делі­неді. Талай пен­де­лер­дің бірнеше күндеп басында көз жастарын төгіп отырғандарын да көрген  едік-ау...

Тиісті парыздарымызды атқарып болып, әулиені дөңгелене бауырына ба­сып жатқан боз төбеге көтерілдік. Әр шоқыдағы обаларды – қарауыл тас­тарды араладық. Көңіл тербетер тәт­ті желкем желпиді. Төбе-төбелер бір­те-бірте биіктеп, мұнар тауларға ұла­сып кеткен. Қуарған раңның ба, сар­ғайып піскен боз шөптің бе, енді қақтала бастаған қуырдақтың ба, көк желкен жусан, киік оты, көкемаралдың ба… сырларын ішіне бүккен мына мыңдаған жылдық тас-жартастардың ба, олардың ақты-қызылды-жасылды шор-шор қыналарының ба, әлде бәрі-бәрінің бір қазанда қайнап-піскен тұздықтарының ба, әйтеуір – мүңкіген қою қоңыр иістер танау-таңдайыңды қытықтап, қолқаңды атады, басыңды жеңіл ғана айналдырады, масайтады. Былай қарасаң – ен дала… олай қарасаң – мұнар да мұнар… мұнар таулар. Көз жанарыңды ұзатып салсаң – көкжиекпен қолтықтасып, сіңісіп-ақ кетесің. «Беу, дүние-ай – кең-ақсың-ау!?.»

Өгізтау

«Біссімілләмізді» айтып, отыз шақы­рым­дайдағы Өгізтауға бет қойдық. Үкі­аша атаның шығысындағы жотаға көлі­гіміз тігінен ыңырана ытқып шыққан бойы, біршамадан соң Жамантастың өрі­не ілігіп, шоқырақтап жүріп өтіп, Са­ры­обаның шоқысына шықтық. Одан әрі қа­­рата, Өгізтауға құлар ернеуге дейін жа­з­ық­тық – «кіші жон» десек те болар. Оң қапталымыздағы «Таңбалы тасқа» бұ­рылып өттік...

Осынау кіші жонның үстінде – Өгіз­тау­ға құлар ернеуде тұрып, алдыңыз­дағы айқарыла жайылған қасиетті де кие­лі кең құлаш аңғарға көз жібересіз де ойға батасыз: Кең құлаш аңғардың оң жақ орталығында – төбесі тақия немесе түйе­нің қомы іспетті «Өгізтау» тауы ай­рық­шаланып, айбаттанып та тұрады. Сол та­қия я қом іспетті төбесі – жаугершілік ке­зеңдердегі қорған. Қорғанның тіп-тік шы­ңырау арғы асты – сонау үлкен жоннан – Алтынбұлақтан басталатын Үйре­к­ата өзені. Аңғардың сол жағында – Қас­қашаның өзені, екі өзен аңғардың аяқталар жерінен қосылып («Қоспа» аталынып), Құмай­лықас, Ақсары жазығына кетіп жатыр. Менің әкем жарықтық – Бақша (Бақ­дәулет) Әйменұлы (1904-1985 ж.ж.) айта беруші еді: «Өгізтаудың орманынан атсаң оқ өтпейтін» деп. Біздің өзіміз де шет-жағасын көрдік қой: Үл­кен бау, Сыздықтың бауы, Сәрсеннің бауы, Тұрымбеттің бауы... Найзабай... До­лана бұлақ... Тал-терек, сәмбі талдары найқалып, өрік, тұт, алма-алша­лары төгіліп жататын. «Жанкешті қы­зыл совет» өріктерін түйе-керуенмен Түр­кістанға тасып, одан әрі Мәскеу жақ­қа асыратын да еді-ау. «Қазақ егін екпеген» дейді (өздеріміз де). Өтірік. Өгізтаудың – екі өзеннің қия беткейлерінің бәрі қара тасты қыршып-қопарып салынған оқ­пан арықтар. Қолдан жасалған оқтай тепсеңдер. Егін­шілік етек алған кәдуілгі малымызбен бірге. «Егемен тары піскен жоқ, қарашор божбан түскен жоқ» деген содырлардың (қарақшылардың) сөзі содан қалған. Үй-жайлар, мешіт-медреселер тастан қаланған, бүгіндері іздері ғана сайрап-сыңсып жатыр... (Өгізтаудың бар қызғылт-күрең шелпек тас­тарын бү­гіндергі харам ақшаның иісіне елітіп, есінен танған имансыздар тасып әкетті ғой). Өгізтаудың терең жыраларында шұңғыл апандар бар «зындан» дейді халық. Меніңше, бұлар – пат­шалық Ресей кезінде ағылшындардың «жа­рылғышпен» жасаған шахталары. Айнала толы қап-қара күйген тастар. Бәл­кім, бұрындарғы өз бабаларымыз да болар кен қазған, қару-жарақ, тұрмыстық заттар жа­сау үшін?..

Және де бір айтып өтеріміз: қарт та кө­некөз, әз-Қаратау – ерте-ерте ке­зең­­­дер­де ең биік таулардың санатынан бол­ған; біртіндеп шөккен. Оның ор­нына «бірі шөккен соң, екіншісі ыт­қып шықпай ма», – бүгіндергі жас та тәкаппар таулар – Алатаулар, Тәңір таулар өсіп-өніп шыққан. 

 Жалпы, қарт Қаратаудың екі беті – күнгейі мен теріскейі «әулиелі» жер­лерге толы екендігін де айтып өте­лік. Күнгейдегі: «Сайрамда – сансыз бап, Түр­кістанда – түмен бап, баптардың бабы – Арыстан бап»; «Үкіша ата, Ерқоян ата, Үйреката, Ба­лықшы, Қарашаш ана»; теріскейдегі: «Ысқақ бап, Баба-ата, Қара бура, Ақсүмбе, Ақбикеш, т. т.».

Үйреката

Бүйірлей қысқан, құлама екі таудың аралығынан – Үйрекатаның жынысты шатқалынан, бұралаң-бұлтың өзенінен әрлі-берлі кешкілеп жүріп өтіп, әулие­нің басына да жеттік. Үйреката әулие де Үкіаша атаның көмекшілерінің бірі­нен болса керек-ті... Өзеннің ирелең бұры­лысындағы қия беткейде тастан қаланған кішігірім – ықшам кесене. Кесененің ішінде әулиенің қабір-мүрдесі, жанында тағы бір қабір – «Үйрекатаның ана­сы әлде қызы» деп айтылады. Табақ бұлақтың – бүгіндері қаңсып қалған (Өгізтаудың, жалпы, Қаратаудың суларын Кентаудың дүниежүзілік рекордшыл «стахановшы» шахталары жұтты ма, әлде «адам жалмауыздың» өзі ме, бір Құдайым білер) – басындағы белуар­дан келер көк-майсаның үстіне кілем-текеметтерімізді төсеп, жайланысып алдық. Малымызды бауыздап-сойып, дастарқанымызды жайып, жоғарыда егін салып, мал ұстап, жаз жайлап киіз үйде отырған екі «жетімдер» отбасын шақырып, дұғамызды бағыштадық...

Түс ауа, жоғарыдағы Бәймен атаның (Әймен атаның ағасы) бауынан, Әлі ата­ның (Әймен атаның інісі) қыстауынан өтіп, солтүстік батыстағы Үйрекатаның өр асуынан асып, Долана бұлаққа зауыл­даған күйі құладық. Долана десе – ірі­лігі алшадай күрең-қоңыр жемістер, күз-күзеуде піседі. Биік тепсеңнің ас­­тын­да құм-қиыршығы бұрқылдап ат­қылап жатқан (вулкан іспетті) киіз үй­дің аумағындай телегей бұлақ, (әрине, бү­гіндері ортайып қалған) – бір өзен-су бір-ақ ағып шығады. Бұл өзен көп ұзамай Қас­қашаның өзеніне қисындап барып қосылады.

Үлкен Өгізтау аңғарынан кіші Жарбұ­лақ алабына аса бере, қия беткейдегі Шилібұлаққа тоқтадық. Бал-шекер суы­нан сіміріп, шөлімізді бастық. Ши­лі­бұ­лақ­та отырып, төмендегі сонау қос­­­­паға көз  жанарыңызды ұзатсаңыз – Аягөз-ана қыс­­тауы, Бекайдар Қара­байұлы баба­мыз­дың (Бәймен, Әймен, Саңғылбай, Әлі ата­лардың әкесі) ме­кені. Көзіңізге жас үйіріліп, сағым да сағыныш тылсым бір күйге еніп сала бересіз... Енді Діңгіл төбені айналып өтіп, қарт Қаратауымыздың ең биік нүктесі – Мыңжылқы-Бессаздың күн­батысындағы Шұқырқанаттан бастау алатын, Шаңырақсалдымен толығатын мол сулы өзенге құлдилаймыз. Одан Жоңғар-Қалмақ қырғынындағы «Тама батыр» аруақтың қабіріне тағзым етіп, тікесінен-тіке Темірастау биігіне тартамыз. Әй, көлі­гі­­ңіздің бір қиналатын жері... Сол жағыңда – сұстанған Үкітау мүлгиді, одан әрі – асқақтанған Пісте тау тұнжырайды...

Әупірім-тәңірімізді айтып жүріп, қарт та әз-Қаратауымыздың жон арқа­сына – биік Жонға көтерілдік. Мұн­дай жондар әрбір үлкен өзендердің ара­лы­ғында бар. Пышақпен кескендей теп-тегіс, қандай күш екен-ә, тау­дың төбесін тегістеп қиып өткен?!.» Шөптің (көбісі дәрілік) қырық атасы ыр­ғалып-жайқалады; әрегідік көкорай саз. Ең бір таңырқарың – таудың осынау биік төбесінде суы шүпілдеген таби­ғи құдық. Аңызи тарих: «Жылаған ата­ның жаңа туған бөбек-баласы қашып келе жатып осы құдыққа тоқтаған; су ішіп, бір­шама айналасындағы жалпақ тастарды сау­сақтарымен шұқылап ойнап отырған» де­лінеді жалпиған тастардың беттері шүпір­ле­ген майда-майда ұңғышақтар.

Оһ, шіркін, аңсарланған «Жылаған атамызға» да жеттік-ау! Екі бүйірден қау­сар­лай қысқан, ұшарына қарасаң тақияң тү­сер таулар өзенге келіп бір-ақ тірелген,  өзен­нің екі жағасында аяқ басар артық-бас орын жоқ есебі. Тек, күн­­шығыс таудың түп етегінде тулақтай ғана көгесінді алаңқай. Шырақшының жайы. Қазан-ошақ, ыдыс-аяқ, киіз-кілем, көрпе-төсектер тұратын бас­тырмалы там. Таудың әудем биігінде әп­пақ қудай қураған зәулім бәйтерек, – жай түсіп ырсаланған болса керек. Айналамыздағы бейне бір дию іспетті шомбал жартастардан сәумілдеген тамшылар – сонау ұшарлардан бастап, тау-тастардың астын кеулеп, өсімдіктердің тамырларын аралап, сүзіліп те сырсылып өтіп жатқан нәрлі де дәрумен су. Жарты сағат өтер-өтпес, төрт-бес метр биік­тік текпішектің сол бүйіріндегі апан-үңгірден бір арық су салдырлап-гүлдірлеп ағып кеп берсін!.. Жапа-тар­мағай, шүпірлесіп, бәріміз бір адамдай боп жабысып-қабысып, төбемізден арқы­раған қасиетті де киелі судың астына тұ­ра-тұра қалыстық. Іші­мізден – жан-жү­ректерімізден шыққан «біссімілләміз де, Аллаһуымыз да, шү­кір­шілік-тәубеміз де, бә­рі-бәрі де» ақ­тарылып-төгілуде... Бес-ал­ты минуттей өткенде, төбемізден ар­қы­рай құлаған бір арық су пышақ-кесті, саппа тиылған!.. Бұл су, осылайша, әрбір жарты сағаттай уақытта арқырай ағып, кілт доғарылып, қайталанып тұрады. Жер астында кім ашып-жауып тұр?.. Мұны да біле бермейміз.

Бір қызығы, малмандай болған үсті-ба­сымыз демде кеуіп кеткен бұл да бір судың қасиеті-ау, Құдіреттің ісі. Аң­тары­лып, не болғанын түсініп те үлгі­­р­­мей, оша­рылып, отырысып қалғанбыз. Сәлден соң, өз-өзімізге келіп, тағы да білгенімізді қай­тара-қайтара оқып, жан-жағымызды барлай бастадық. Отызшақты қадамдай жоғарыда үлкен қақпатас. Қақпа тастың бір метрдей ашық аралығынан өзен суы сығыла сарқырап, көк бөренге бұрқырай құйылуда. Ойпыр-ай, көк бөренге былайша қарасаңыз – тереңдігі жарты-ақ метрдей көрінер; ал, іші­не түсіп көрсеңіз (тастай – балдай да се­зінер қасиетті суға ырымдап сүңгідік те ғой) – қолыңызды жоғары созғанның өзінде бой­ламайсыз!..  Бұл не керемет!? Мұның ше­шуі де жұмбағы сол: Су – кіршіксіз  табиғи таза.

Аңызи тарих: Ерте-ерте замандарда, Түркістанның маңында шал мен кемпір өмір сүріпті. Балалары болмапты. Жаратқан Жалғыз Иесіне налып та жүрер екен. Содан, бір күндері, бүгіндергі «Мес» аталатын елді мекенде кемпір жүкті болып, уақыт-мезгілі жеткенде босанып, бала орнына – мес (қарын) туады. Шал мен кемпір: «А, Құдай, бала бермей – мес бергенің қайсы» деп тағы да налиды. Со мезет, мес жарылып кетіп, ішінен шыққан бала тауды бетке алып жүгіре жөнеледі. Шошынып қалған шал мен кемпір, апыл-ғұпыл естерін жиы­сып, баланы қуып кеп бере­ді. О кездері құрғақшылық болып, мына өзен де суалып, ел қиыншылыққа кезіккен уақ екен. Бала сайды қуалай жүгіргеннен-жүгіріп (қашып), содан, жондағы құдыққа келіп шөлін басып, біршама уақыт тасты шұқылап ойнап отырып, әлгі кездегі «палуан тасты» орнатып-бекітіп, қазіргі өздеріміз куә болып отырған өзен жағасындағы – биік текпішектегі үңгірлердің біріне кіріп кетіпті. Жылап-сықтаған шал мен кемпір де жете-жығылып, бала кірген үңгірді бағып отырып қалыпты. Біршама уақыттар өткенде, үңгірден баланың күңгірлеген даусы естіледі: «Әке, Ана, елге қайтыңыздар, арқаларыңыздан бір өзен су ілесіп отырады, бұрылып қарау­шы болмаңыздар, мен ендігі осында қала­мын, іздеп әуреленбеңіздер» деген. Амалсыз, жылап-сықтаған ата-ана елде­ріне бұрылады, бір өзен су ілесіп отырады. Елге жетіп қалғандарында, шыдамдары таусылып, арқаларына бұрылып қарап қалады. Со мезет, жер ойылып ке­тіп, бір өзен су сол ойыққа құйылып, жоқ боп кете барады. Қазіргі күні де, «Мес» аталатын елді мекеннің әудем жел­кесінде өзеннің суы апанға құйылып, үзіліп жатыр.

«Сол күндерден бастап, ел суланып, нәрленіп, есін жиып та қалған екен» деседі. Әулиелі мекеннің – «Жылаған ата» аталуы да содан қалыпты...

Әулиенің басында түнемелеп, – Құ­діреті шексіз жаратқан жалғыз Иемізге сансыз құлшылығымызды айтып, аруақ­тарға дұғаларымызды бағыштап, ерте­сіне сәске түсте төбеміздегі биік Жонға жіп­ке тізгендей іркес-тіркес көтеріліп, көлігімізге жай­ғасып алысып, төмен қа­рата – ел-жұр­тымызға қарай зырғып келеміз.

Жайлап, сапарлас ағайындарымның жүздеріне көз салып қоямын: үлкен кісілер, апалар, қатарлас һәм жасы кіші бауырлар, балаларға дейін, бәрі-бәр­лерінің де – жүздері нұрланып, жан-дүниелері толайып, бусанып та буыр­қанып, тылсымданып, ерекше бір күй­ге енген. Бәрі-бәріміз де – көкірек-сарай­ларымыз ашылып, жаңарып та жасарып, өзгеріп салғандаймыз... «Анадан жаңа туғандайсың да-ау...»

Міне, әнеки, «Рух» күші! Құдірет күші.

Игілік ӘЙМЕН