Үйірме «Ертегілер әлемінде» деп аталады. Кітапханаға кірген бетте қуыршақтар қарсы алады. Кітапханашы Жанар Қойшыбайқызы ертегі кейіпкерлеріне киімдерді де өзі тігеді екен. Жұмсақ ойыншықтарды сатып алады. Оларды сөгіп, қолға ыңғайлап қайта тігіп шығады. Жұмыс үстелі түрлі-түсті қағаз, картон, маталар, жіптер, мақта, моншақтар, ағаш, тері, бояуларға толы. Кезекті ертегі қойылымына дайындалуда. Сахналық көріністі де өзі декорациялайды. Мақсаты – оқушылардың әдебиетке құштарлығын ояту, оларды кітап оқуға ынталандыру, театр, өнер әлеміне деген қызығушылықтарына мүмкіндік беру. Үйірме аудан орталығындағы «Психология-педагогикалық түзеу орталығында» тәрбиеленіп жатқан мүмкіндігі шектеулі балаларға ертегілерін көрсетіп, қуантып қайтыпты.
– Алғашында қуыршақтарды қағаздан жасадым. Қолға кигенде қуыршақ қимылға келетіндей болуы керек. Жіп немесе сым арқылы қозғалтатын түрлері де бар. Сахналық қойылымдарға кейіпкер ретінде қатысу оқушыларға, әрине өте қызық, дейді Жанар Қойшыбайқызы.
Сахнаның ертегі мазмұнына сай безендірілуі, әсем табиғатты жандандыратын дыбыстарға ерекше үйлесімділік қажет. Үйірмеге Томирис Абдрахманова, Махаббат Жүнісова, Аяжан Айтқұлова, Маргарита және Карина Кичигиналар, София Козинская, Вика Треба сияқты мектеп оқушылары тұрақты түрде қатысады.
Жанар Қойшыбайқызының айтуынша, мектеп кітапханасы жұмысын негізі 3 тілде жүргізіп, жыл мезгілдеріне байланысты оқулар ұйымдастырады. Биыл «Неделя детских сказок», «Мир книг в мире детства», «Путешествия в мир сказок», «В гостях у Андерсона», «В гостях у Пушкина» және басқа ертегілер бойынша да үш тілде оқулар өткізеді. Оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі өлеңдерді мәнерлеп оқып немесе жатқа айтып, білім-біліктерін дамытады. Үйірмеге қатысушы оқушылар ертегілерді де үш тілде сөйлетіп, бейнелейді.
– Ертегіні оқимыз, талдаймыз. Әр оқушының қабілетіне сай кейіпкерлердің рөлін беремін. Сахнаға шыққан сайын шығармашылық шабыт, ізденіске түседі. Саусақтарды жаттықтырамыз. Балалар киімдерді саусақтарына киеді. Ертегінің мәтінін айта отырып саусақтарын қимылдатып, сюжет жасайды. Көріністі перденің сыртында тұрып немесе қозғала жүріп көрсетеді. Театрдағыдай дауыс ырғағы, бет әлпетінің өзгеруі, қол қимылдары, дене бітімінің өзгеруі, жүріс-тұрыс қозғалыстағы бейнелер көрсетіледі, дейді үйірме жетекшісі.
Қазір үйірме оқушылары Е. Елубаевтың «Асар», Қадыр Мырза Әлінің «Қотыр торғай» және «Ұр, тоқпақ!» секілді ертегілерін оқып дайындалуда. Жыл сайын 30-дай ертегі сахналанады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Лебяжі ауданы
Суретті түсірген
Қанат СҰЛТАНҒАЗИН