Осынау данышпан ақындардың ішінен Шәкәрім Хафизді жанына ерекше жақын тұтады. Ұлы Абайдың тәлімін көрген Шәкәрім өмірінің екінші жартысында Еуропа әдебиетіне, оның ішінде орыс әдебиетіне айрықша ден қояды. Сөйтіп әлемдік ақыл-ой иелерін жанына жақын тұтқан Шәкәрім өзінің барлық парасат-пайымын Алланы тану жолына бағыштады. Бұл ретте жоғарыда аталған ақындардың Шәкәрімге әсері болмай қойған жоқ. Көптеген Шығыс ойшылдары сияқты Шәкәрім де Алланы мадақтады, күллі жаратылысқа талантымен таңданды.
Әсілі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әлемдік философиялық-эстетикалық ойтанымда Шәкәрім мен Толстойдың есімдері қатар аталады. Қоғамдық танымда, тіршіліктің барлық саласында орыс білімпаздарының жолын ұстана отырып Шәкәрім сол орыс білімпаздарының ішінде Лев Толстойды ерекше қасиет тұтқан. Мәселен, Шәкәрімнің «Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың» деген сөзі тек қана әдебиетке қатысты емес деп түсінеміз. Дүниеден өтер шағында болсын Толстой ислам дінін қабылдап, жүзін құбылаға бұрған. Ниет етіп, Алланың мәңгілік екеніне және Мұхаммед пайғамбардың оның елшісі екендігіне сенген. Солай данышпан жазушы өзін мұсылманмын деп есептеген. Шәкәрімнің Толстоймен рухтастығы да Алланы тану жолында болып отыр. Шайырдың Хақты танудағы пікірі өлеңдерінде де көрініс береді. Сол замандағы исламшыл діндарларға ғана емес, кертартпа дін атаулының өкілдеріне Шәкәрімнің «Ақиқат сырымды айтсам, Толстойдың, мың сопыны алмаймын тырнағына» деуі жоғарыдағы сөзімізді растаса керек-ті. Және Шәкәрімнің Толстойдың ізгілік пен бауырмалдықты уағыздаған «Ассирия патшасы Асархадон», «Үш сауал», «Крез патша» әңгімелерін өз тілімізде сөйлетуі бос харекет емес. Дала ойшылы Шәкәрімнің Толстойды өзіне үлкен ұстаз санауы даналар үндестігі болып табылады. Себебі ол Толстойға ұстаз ретінде қараған және өзінің көзқарасы ұстазымен үндес келетіндігін жасырмаған.
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1912 жылы «Айқап» журналына «Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?» деп басталатын бес сауал жолдады. Әрбір адам Алланың адамды жаратқандағы мақсұтын әрқалай түсінеді, өздерінше байлам жасайды. Бірақ Шәкәрім ұстаз ретінде Толстойдан жауап сұрады. Бірінші сауалында «Адамның арына тиетін жағымсыз қылықтардың өзім білетін бәрін тізіп жаздым да, осылардың ішінде және біз білетін, арға ең ауыр тиетін не? Соны сұраймын» дейді. Толстой оның бұл сұрағына «Осы жазғандарыңның бәрі адамшылық арға тиетін нәрселер. Меніңше, арға ең ауыр тиетін іс бар. Ол – егер адам көпшілікке, не жалпы қоғамға зиян келетін хақиқат істі біліп, соны үш нәрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қалса, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші, сен өте бай болып сол хақиқатты айтсаң, малыңа зияны тисе, екінші, сен мансап иесі болып, сол хақиқатты айтсаң, мансабыңнан айырылатын болсаң, үшінші, сол хақиқатты айтсаң, басың жазаланатын болса. Міне, осы үш түрлі зардаптардан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты біле тұра айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетін осы», деп жауап береді. Екінші сұрағында Шәкәрім Толстойдан «Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?» деп сұрағанда, данышпан жазушы «Көп адамдар қатысқан көлемді шығарма болсын, не ұсақ әңгіме болсын, алдымен сол әңгіменің уақиғасына, сол уақиғаның ізі, сыры, қоғамға байланысты әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Олай болмаған күнде әңгіме дәл, қызықты болып шықпайды», деп жауап береді. Ал Шәкәрімнің «Жазушы, оның ішінде мен өз жазғанымның дұрыс, терісін сынай алмаймын. Өз шығармасының қатесін қандай әдіспен көріп, сынап-түзеуге болады?» деген үшінші сауалына Толстой «Жазушының артық қасиеті – өз қатесін көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді» деген де бар. Бәрінен, адам өз қатесін өзі көріп, өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол адамға біткен ақ жүрек. Егер адам істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімін ашып бере алады. Ақыл толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ымбалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, басқаның мінін де көре алады. Сондықтан әділ сыншың – ақ жүрегің», деп жауап қайырады. Қос хакім жөнінде мұндай мысалдар жетерлік.
Толстой граф, жоғары сославие өкілі болса, Шәкәрім ұлы дала өміріндегі аса ықпалды тұлғалар болған Кеңгірбай би мен Құнанбайдың ұрпағы және ұлы Абайдың немере інісі еді. Шәкәрім мен Толстойдың өзара рухани үндестігімен қатар, екеуінің өмір сүру салтында да үндестік бар деуге болады.
Екі ойшыл өзара рухани жақындықтарына қарамастан, эстетикалық құндылықтарды тануда екеуінің де таным ерекшеліктері өзгеше. Мәселен, әдемілік, мейірімділік және ақиқат ұғымдарының ішінде Шәкәрім ақиқатты биік қояды. Содан кейін Шәкәрім жақсылық пен әдемілік атаулыдан тұратын ожданды үш анықтың соңғысына жатқыза отырып, оған «Үш анық» атты пәлсапалық трактатында ерекше тоқталады. Толстойдан Шәкәрімнің ерекшелігі осы болса, Шәкәрімнен Толстойдың ерекшелігі ол мейірімділікті бірінші орынға шығарады. Және Толстой өзінің «Өнер дегеніміз не?» деген еңбегінің сүбелі бөлігін эстетиканың аса маңызды мәселелеріне арнаған.
Жарты ғасырдан астам уақыттан еріксіз үзілістен соң халық санасында қайта жаңғырған Шәкәрім Құдайбердіұлының халқымыздың әдебиеті мен мәдениетінде, жалпы ой дүниесінде алатын орны ерекше. Ұлы дала төсіндегі данышпандардың шығармашылықтағы басты миссиясы Ұлы Алланы тану, оның құдіретіне тамсану болды. Бұл рухани сабақтастық ғасырлар бойы ұлы дала келбетінде көркем биік болып қала беретіні сөзсіз.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы