Алатау өңірінде бұл ауылды білмейтін адам кемде-кем. Өйткені бұл өңір тума табиғатымен ғана емес, өткен тарихымен де әйгілі. Сонау ғасырлардан бері Қастек бекінісі ретінде тарихта қалған, талай-талай қанжоса шапқыншылықтың, ел мен жер үшін шайқастың ізі қалған жер. Сөзіміз дәйекті болу үшін түркітанушы ғалым В.В. Бартольдтің жазбасына жүгінелік. Міне, ол өзінің ғылыми еңбектерінің бірінде «Қастек VII ғасырдағы бекініс орны. Орта Азиядан Жетісу арқылы жүретін сауда жолы Қастек асуы арқылы Іле алқабына өтетін болған. Қастек бекінісі солтүстігіндегі Беклі қаласымен тікелей байланысты» деп жазған болса, Х ғасырда парсы тілінде жазылған «Худид әл-алам» деген кітапта Беклі (Беклік, Бекімдік) қаласының билеушісі өзінің 3000-нан 7000-ға дейінгі әскерін Қастек бекінісінде ұстағаны айтылған. Қастек асуы жөніндегі мәліметтер VI ғасырдағы жазба деректерде де кездеседі. Онан біз Шығыс пен Батыс Еуразияны жалғастырып жатқан Жібек жолының бойындағы Қастектің өркениеті дамыған, саяси, экономикалық, мәдени орталық болғандығына, алайда сан рет қирап, сан рет бой түзегеніне көз жеткіземіз. Әрине, патшалық Ресейдің, Кеңес өкіметінің тұсында да бұл өңірдің талай сойқанды бастан кешуі өз алдына бір хикая.
Жә, осы арадан ауылдың көне тарихын қоя тұрып, оның бүгініне оралғанымыз жөн шығар. Небары 120-ға тарта түтіні бар ауыл топырағының киесі болар, кезінде күндей күркіреп, жауына қарсы жан аямай күрескен Есқожа, Шапырашты, Тоқтар Сері, Алтынай абыз, Қарасай, Түрікпен, Тілеу мен Жарылғап, Қастек пен Қараш және т.б. батырлар өткен жер осынау бейбіт кезеңде елге танымал тұлғалардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен өнер майталмандарының алтын бесігі, ұшқан ұясы. Расында да осыншама саңлақтардың бір ғана шағын ауылдан қанат қағуы шындығында да ғажап құбылыс.
Бұл сөзімізді дәйектеу үшін тым әріге бармай-ақ, 1924 жылы әділет халық комиссары, республика прокуроры болып қызмет атқарған Қанай Боранбаев ағамыздың Варшава университетінен білім алған алғашқы қазақ екендігін айтуға тиіспіз. Өкінішке қарай, ол дер шағында жазықсыз жалаға ілініп, 1938 жылы атылып кеткен екен. Әйтсе де есіл ер өмірден ерте кетсе де ауылдастарының жүрегінде қалды. Қалғаны сол, Қанай ағаларының білім алуға, ізденуге деген құлшынысынан қуат алған жастар қатары Ұлы Отан соғысынан кейін-ақ бұл ауылда көбейе түсті. Әсіресе ғылым саласында ізденуді алдына мақсат етіп қойғандар қатары артты. Олардың көбі үлкен жетістікке де жетіп отыр.
Осы арада бір жайтты айта кетсем, еш артықтық етпес. Әлі есімде, жас кезімде Алматыдан бір-екі құрбым біздің ауылға қонаққа келген. Дәл сол күні екі жастың үйлену тойы еді, соған барғанбыз. Тойда бата беріп, сөз сөйлеген ауылдың үлкендері шетінен екі жасқа үлкен ғалым болыңдар деп тілек айтқан. Бұл менің құрбыларымды қайран қалдырды. Өйткені олар жаңа отау көтерген жастардың ғылымға еш қатысы жоқтығын, ауылда жұмыс істейтінін менен естіген еді. Әрине, оларды да түсінуге болады, өйткені тосын адамға осылайша тілек айту біртүрлі көрінетін шығар. Алайда, біздің ауылдың адамдарына мұның еш сөкеттігі жоқ. Бәлкім, бұл осы аядай ауылдан 15-тен астам ғылым докторының, 50-ден астам ғылым кандидаттарының шыққанын білетін осындағы ағайынның өзгелерге де тоқтап қалмаңдар, ізденіңдер деген құлаққағысы болар. Қалай болғанда да ауылдағы ақсақалдар қолына су құйған жастарға да ғалым бол деп бата беруі біз үшін үйреншікті жайт еді. Қарттардың сол тілегі қабыл болды ма, ғылым жолын таңдайтындар қатары арта түсті. Бүгінде осы ауылдан он есе үлкен елді мекендерден де осыншама оқымыстыны таба алмайсыз. Әдетте, осы ауылдан өсіп-өнгендердің арасынан бүкіл елімізге танымал тұлғалардың көптеп шығуын былайғы жұрт осы топырақтың киесі деген жорамал айтып жатады. Осы сөздің астарында бір ақиқат бар сияқты.
Ойлап қарасаңыз, орыс тілі түгілі, өмірінде тірі орысты көрмеген қаратабан ауыл балаларының іргедегі Алматыны айтпағанда, сол кезде алынбас асудай көрінетін Мәскеу, Ленинград асып, өз күштерімен оқуға түсуі, онда өзгелерден оқ бойы озық көрініп, өздеріне сабақ берген ғұлама ұстаздарының үміт күтер шәкіртіне айналғанын қоя тұрғанда, ғылымның дамуына да айтулы үлес қосуын өскен топырағы дарытқан алғырлықтың арқасы демеске шараңыз жоқ. Олардың қайсыбіріне қысқаша тоқтала кетсем, докторлық диссертациясын сонау Ленинградта қорғаған Әлімхан Ермекбаевтың геология ғылымын өркендетуге сіңірген еңбегі де орасан. Бұл орайда Ақтөбедегі Мұғалжар тауынан үш мыс, Орталық Қазақстанда төрт алтын, еліміздің оңтүстік батысында бір қорғасын кен орнын ашқан ғалымның тоқсанға жуық ғылыми еңбектің, үш оқулықтың авторы екендігін айтуға болады. Ал техника ғылымдарының докторы Тоқтасын Мендебаев болса, шешесі қалтасына салып берген жалғыз сиырдың ақшасымен Мәскеуге жетіп, онда Бауман атындағы жоғары техникалық училищесіне оқуға түскен екен. Бүгінде Алматыдағы ҚазҰТУ-де ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан ғалым еліміз үшін аса зәру машина жасау саласын дамытуға зор үлес қосумен қатар, 100-ге таяу ғылыми еңбектің авторы десек, оның жетекшілік етуімен жарық көрген «Стандарттау, метрология және сертификаттау», «Машина жасау технологиясы», «Сапаны басқару», «Санды бағдарламамен басқару станоктарындағы технологиялар» атты оқулықтар студенттер мен ізденушілер үшін аса қажет құнды дүниелер.
Бүгінде өз саласының айтулы тұлғасына айналған биология ғылымдарының докторы Жекенай Мамытовтың еңбегі де ересен. Ол екі монографияның, 136 ғылыми еңбектің авторы, өнертапқыштығы үшін алған 12 куәліктің иегері болса, ғалымның 15 ұсынысы тәжірибеден өтіп, бүгінде елімізде кең қарқынмен жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ оның «Тұзданған, сортаң топырақты игерудің жаңа технологиясы - НТОЗ» атты зерттеу еңбегі елімізге зор табыс әкеліп, күріш дақылын егіп, оны өсірудің тың тәсілін игеруге жол ашты. Ғалымның бұл жаңалығы өз елімізде ғана емес, Ресейде, Солтүстік Кореяда, Қарақалпақстанда, Өзбекстанда, Қытайда кеңінен жүзеге асуда. Осы арада оның Қытай халық республикасының шақыруымен сонау тоқсаныншы жылдары сол елге барып, «Жасыл индустрия» ғылым-зерттеу институтын басқаруы, ондағы егіншілерге тұзданған сортаң алқаптарда күріш өсірудің жаңа технологиясын үйретуі әлі күнге дейін сол институтқа тұрақты кеңесші боп келе жатуы қазақ ғылымының да мерейі емей немене.
Мәскеуден білім алған, құқықтану саласының нағыз білгірі, заң ғылымдарының докторы Арықбай Ағыбаевтың да есімі кеңінен танымал. Еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласа жүріп, жастар үшін танымдық, тәлімдік мәні бар мақалаларымен, жүздесулерімен де жұрт жүрегінде қалған ғалымның 140-тан астам ғылыми еңбектің, 10 ғылыми-әдістемелік оқу құралының авторы екендігін де тілге тиек етсек дейміз. Және бір айта кетерлігі, ҚазМУ-да ұстаздық қызмет атқаратын ол құқықтану саласындағы оқулықтарды, әдістемелік құралдарды, жалпы осы тақырыптағы көптеген еңбектерді тұңғыш рет мемлекеттік тілде сөйлеткен адам.
Әрине, бүгінгі шағын мақалада ғылымның сан саласында жемісті еңбек етіп жүрген ғалымдардың бәрін тізбелеп шығу еш мүмкін емес. Әйтсе де Әбді Қойшыбаев, Марат Нұриев, Әлібай Ысқақбаев,Тоқтамыс Мендебаев, Бинәлі Ысқақов, Баймұрат Халықов сынды ғалымдардың ғылым әлеміне қосқан еңбегі ересен екенін еске салу артық болмас.
Бәрі қарапайым отбасынан шыққан, өз жігерін өзі жани жүріп, өмірге кірпіш болып қалана білген азаматтар жайында айтқанда, белгілі тұлғаларға да тоқталмай өте алмаймыз.Иә, туған ауылына барынша қолдау көрсетіп өткен Жүсіпәлі Нөкетаев, Мұқат Сейдуалиев, Ғибатолла Кәрібозов сияқты ел ағаларының ізін жалғап келе жатқан інілерінің бүгінде бүкіл ел тынысын кеңейтер тірліктерді атқарып жүргенін айту парыз. Әсіресе, Алматы қалалық, Алматы облыстық, республикалық әскери сотының төрағасы боп қызмет атқарған Серік Байбатыров қара қылды қақ жаратын әділдігімен судьялық жұмыстың беделіне қылаудай дақ түсірмеді. Өзге әріптестерінің бойына да осы қасиетті сіңірді. Ол Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде де қаншама іс тындырды десеңізші. Соның бәрін тізбелеп шықпай-ақ, бір ғана жайтқа тоқталып өтсек, ол сонау егемендіктің елең-алаңында өз ұстазы, ғұлама ғалым Салық Зимановпен тізе қоса отырып, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы заң жобасын жазумен қатар, жас мемлекетіміздің нық тұруына негіз болатын құқықтық реформа жасау ісіне де белсене атсалысты. Әрине, мұның аса білімділікті, терең парасат-пайымды талап ететін жауапкершілігі зор іс екенін бәріміз де жақсы білеміз. Барша еліміз үшін осындай аса маңызды шаруаларды адалынан атқарған ол бүгінде Судьялар одағының төрағасы. Ол осы қызметінде де Қазақстанның озық отыз елдің қатарына қосылуы жолында аянбай үлес қосып келеді.
Ал күні кеше ғана ортамызда жүрген, елін-жерін шексіз сүйетін әділет генерал-майоры Тыныбек Оңалбаев та Ақтөбе, Ақмола, Алматы облыстарының прокуроры болып қызмет істеді. Әттең, бергенінен берері көп азамат өмірден ерте өтті. Әйтсе де оның да есімі ел жүрегінде. Осы арада «Ақ жол» халықтық-демократиялық партиясының атынан Парламент Мәжілісінің депутаты болған, бұл биік мінбердегі міндетін де абыроймен атқарған Азамат Әбілдаевқа да халқымыз дән риза. Бүгінде нағыз дер шағына келген, көргені, көңілге түйгені мол жас жігіттің ауылға, ондағы мектепке ұдайы қолұшын беріп тұруы – оның ертеңі нұрлы, ел үмітін ақтар аяулы ұл екенін аңғартады. Әрине, айта берсе, бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Алайда, біз қысқа қайырып, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі, ғылым докторы Бинәлі Ысқақовтың, Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаевтың, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың да осы ауылдың түлектері екенін айтсақ жеткілікті болар.
Талабы бар адам ізденген жағдайда нендей мамандықты болса да меңгеретіні бәрімізге белгілі. Тек бір ғана нәрсені Жаратқан Ием өз бойыңа дарытпаса, оны тартып ала алмайсың. Ол құдай берген дарын. Демек, суретшілік, актерлік, жазушылық, ақындық өнер – сүйген пендесіне берген тағдырдың ерекше сыйы деп білеміз. Мұндай талантты адамдар қатары бұл ауылда да аз емес. Бұл орайда біз ең алдымен дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың өзі ақ жол тілеген Саябала апамыздан (өкінішке қарай, артында қалған мол мұрасы әлі зерттелмей жатыр) бастап, одан әрі аты республика халқына мәлім, туындылары әншілерді айтпағанда, үлкен-кішінің аузынан түспейтін айтулы сазгер Жолдасхан Құрамысовтан, бала кезінен-ақ көзіндегі ұшқынды байқаған Шәкен Аймановтың өзі бата берген, театр, кино өнерінің саңлағы Балтабай Сейітмамытовтан, қолтаңбасы қазақ мультфильмінен бастап, ірі-ірі өнер ордаларының көзайымына айналған суретші Жанатбек Жақыповтан, ұдайы ой қуып, ізденіс үстінде жүретін ақын Манарбек Ізбасаровтан, қазақ цирк өнерін бүкіл әлемге танытқан Омархан Жаманақовтан, сондай-ақ көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зайра Жақыповадан үлгі алып, талай-талай өнер, спорт жарыстарында жүлде алып жүрген жастар қатарының көбейе түсуі қуантады.
Осы арада шәкірттерінің бойына білім нәрін егумен қатар, оларға қажыр-қайрат беріп, болашақтың кілті тек оқуда екенін айтып, жол сілтеген ауыл мұғалімдерінің ерен еңбегін атамасқа болмайды. Бүгінгі меженің биігінен қарасақ, сол кездегі ұстаздардың бітірген оқуы да шамалы екен-ау. Алайда, олардың әрқайсысы парасат-пайымы мол, өз пәнін шексіз сүйетін адамдар еді. Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес өкіметінің талабына сай КСРО тарихынан сабақ беретін Әбуғали Монтаев ағамыз ара-арасында сыналап өз халқымыздың өткенін, шеккен азабы мен алдағы мұратын айтып, санамызға сәуле жүгіртсе, Тоқтасын Әбдіхалықов, Қуанышбек Таңатов, Хамит Дөшкеев, Базарбай Спанов сияқты ұстаздар шәкірттерінің адами тұрғыдан қалыптасуына өз болмыс-бітімдерімен де ықпал ете білді. Әрине, математикасыз алдағы өмірің бұлыңғыр деп бәрімізге қатаң талап қоятын Қайыпбек, Қойшығара ағайларымыз бен Жамал,Балқия апайларымызды да бүгінде баршамыз сағынышпен еске аламыз.
Сол кездері осынау шағын ауылда небәрі 8 жылдық қана мектеп болатын. Ал бүгінде 11 жылдық білім ордасына айналған осынау оқу орнында жан-жақты білімді, озық ойлы ұстаздар еңбек етеді. Олардан тәлім-тәрбие алған жастар да ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, биік межеден көрініп жүр.
Ендеше, былайғы жұрттың Қастекке білім қонған ауыл деп қызыға қарауы жайдан-жай емес. Шынында да Қастектен қазақ халқының ертеңі үшін жанқиярлықпен күресіп, Суықтөбе тауында ат ойнатқан кіл батырлардың шығуы, бүгінгі ұрпағының да білім қуып, айтулы табыстарға жетуі осы шағын елді мекенге құт қонып, қыдыр дарығанын айғақтап тұрған жоқ па!
Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты