Сырқатыңыз сыр беріп, емхана есігін қаға қалсаңыз кейде дәрігерлердің жайма шуақ жанарын көріп жазылып кеткеніңізді де байқамай қаласыз. Сондай жандардың бірі №2 Ақмола облыстық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, доцент, «Золотой лапроскоп» сыйлығының иегері, Еуропа, Ресей және Қазақстан эндоскопиялық хирургтар ұйымдарының мүшесі, еліміздің бариатриялық және метаболиялық хирургтер қоғамының мүшесі Руслан Хасеновты әңгімеге тартқан едік.
– Руслан Ерсайынұлы, алдымен өзіңіздің балалық шағыңыз һәм өскен ортаңыз туралы айтсаңыз, дәрігер болуға құштарлығыңыз қай кезде оянды?
– Мен Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Томар ауылында дүниеге келдім. Әкем мал дәрігері еді. Үйде төрт ағайындымыз. Әлбетте, көпшілігі медицина мамандығына неге бардың деп сұрап жатады. Мен бұл шешімді 5 жасымда қабылдадым. Исі мұсылман болған соң қазақтың әр ауылында ер баланы сүндеттеп жатады ғой. Сол жаныма қатты батқан болу керек, жанымда тұрған әкеме бірден хирург боламын деген екенмін. Мектеп табалдырығын аттағанда да сол ойымда қалдым. Әлі есімде, 3-сыныпта оқып жүргенімде «Болашақта дәрігер, хирург боламын, адамдарға ота жасаймын» деп шығарма жазған едім. Сол шығармам әлі бар. Мектеп бітіретін кезде биология, химия пәндері бойынша оқуға дайындалып, бала күнгі бағытымнан таймай, Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына түсіп, 1998 жылы үздік дипломмен тәмәмдадым.
– Медицина мамандығын таңдаған жастар алғашқы курстардан кейін-ақ таңдауларын өзгертіп жататыны жөнінде естиміз. Бұл мамандықты игерудің қиындығынан ба?
– Біз 1992 жылы оқуға түстік. Еліміз егемендігін енді алып, еңсесін көтере бастаған шақ еді. Оқулықтар бар, бірақ жетіспеушіліктер болды. Әсіресе, 1-курс қиындық тудырды. Студенттік кездің қызықтары көп қой. Алғашқы сабақтарға қатыса бастаған кезіміз. Бір күні анатомия сабағы болды. Бізге дәріс беретін профессор группамызды жинап, қалыпты анатомия кафедрасына ертіп барды. Барсақ, өлген адамдардың денелері жатыр. Ауылдан келген біз аузымыз ашылып қарап қалдық. Профессордың өмір бойы сол жерде жұмыс істеп жүрген соң ба, әбден еті үйреніп кеткендігі көрініп тұр. Басында қорыққанымызбен, уақыт өте келе біз де үйрене бастадық. Сабақ сайын адамның дене мүшелерімен танысып, бұлшық ет, жүйке жүйе, тамыр деп жеке-жеке өттік. Оны теория түрінде оқыған басқа да, тәжірибе жүзінде таныссаң тіпті бөлек. Осы арада алғашқы қызметіме тоқталып өтейін. Мұның өзі қызық болды. Студент кезімде сабақтан соң төтенше хирургияның 11-бөлімшесіне барып кезекшілік атқарып жүрдім. Бұл – қазіргі профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығы. Сол кезде ең бірінші 3-курста соқыршекке ота жасадым. Институттан соң кафедрада қалуға ұсыныстар да болды. Бірақ мен кезекшілік атқарып жүргенде танысқан хирург ағамыздың жол көрсетуі бойынша Қарағандының қаласының Темір жол ауданындағы Сортировкада орналасқан Темір жол ауруханасына жұмысқа орналастым. Осы жердегі ұжым еңбек жолымды нықтап берді десем болады. Басшылықтағы ағалар бауырына басып, бауырмалдық танытты. Білмегенімді үйретіп, білгенімді жетілдірді. Сол жерде Нұрлан Кеңесұлы атты ағамыздың кеңесі білікті маман болуыма көп септігін тигізді. Бірде ағамыз лапароскопиялық тірек аппаратын алып келді. Бұл – 2000 жылдар шамасы еді. Құралды алғанмен іске асыратын маман болмады. Жарты жылдай бос тұрған құрылғыны басшылық көрген сайын «неге пайдаланбайсыздар» деп кейитін болды. Содан кейін әр кезекшілігім сайын әлгі аппаратты қосып, қолымды үйрете бастадым. Кейін келе игеруге болатынын байқадым. Сол жылы жаз айында өз қаражатыммен осы құрылғыны меңгеру үшін Алматыға бір айлық курсқа барып, оқып келдім. Есімде, Қарағандыға қағазын алып келгенде ең алдымен 76 жастағы әжеге ота жасадық. Төрт сағатқа созылған ауыр отаны аяқтап болғанымыз сол еді, қалың адамның қол шапалақтаған дауысы естілді. Артыма қарасам бүкіл аурухананың әкімшілігі тұр. Содан кейін осы әдіспен жасауды жалғастырдық. Тәжірибемді шыңдау үшін Ресейге оқуға да барып қайттым. Астанада ғылыми жұмыс қорғадым.
– Бүгінде елордада қызмет етіп жатырсыз. Астананың алғашқы медициналық мүмкіндіктері мен бүгінгі әлеуетін салыстыруға келмейтін болар?
– Әрине. Жалпы, өзімнің Астанаға келуіме көп жылдық тәжірибемнің көмегі тиді деп ойлаймын. Алғашқыда №2 қалалық ауруханаға қызметке шақырды. Бірақ оған дейін білімімді шыңдау мақсатында Еуропа елдерінің, Малайзияның бірқатар оқу орындарына өтініш қалдырғанмын. Қызмет бабымен Астанаға ауысып жатқанымда Малайзиядан шақырту келді. Әуелгі мақсатым сол болғасын жеті айлық білімді жинақтап қайту үшін Малай еліне аттандым. Өркениетті мемлекетті көріп, ағылшын тіліп үйреніп, озық тәжірибесімен танысып келген соң «Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа» жұмысқа орналастым. Бұл жерде 4 жылдай қызмет етіп, кейін №2 Ақмола облыстық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болдым. Бұл аурухананың да жұмысы қызу. Жалпы бөлімшеде 40 кереуеттік орын бар, оның ішінде 20-сы хирургиялық, 10-ы травматологиялық, 5-уі урологиялық және 5-уі отоларингологиялық. Біздің мекеме Целиноград ауданының тұрғындарына, сонымен қатар Астана қаласына іргелес жатқан Ақмола облысының 6 ауданының тұрғындарына көмек көрсетеді. Атап айтқанда Егіндікөл, Аршалы, Қорғалжын, Ерейментау, Астрахан және Шортанды аудандарының халқы жүгінеді. Соның ішінде ел азаматтарына, елорда тұрғындарына жоспарлы және жоғары білікті, жоғары мамандандырылған медициналық жәрдем береміз. Бөлімше жұмысы тәулік бойы жоспарлы және шұғыл, сонымен қатар ақылы негізде жүргізіледі. Жалпы, күніне жоспарлы түрде 10-11 ота жасалады. Одан бөлек шұғыл жағдайда 4-5 науқас келеді. Сол үшін жұмысымызды таңғы сағат 6-дан бастаймыз. Былтыр біз үшін табысты жыл болды. «Денсаулық сақтау саласының үздігі» марапатына ие болдық. Бұл менің ғана емес, әріптестерімнің де жетістігі. Сонымен қатар біз былтыр сөйлей алмайтын, тамақ іше алмайтын науқастарды емдеудің жаңа әдісін бастадық. Биыл бұл әдісті әрі қарай жалғастыруды көздеп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»