Мақаладағы «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Туған жерге деген сүйіспеншілік... Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деген сөздері Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының Қойтас деген ауылында туған, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен, соғыстан кейін шаруашылықты қалпына келтіру ісінде елге үлгі болған Ақмыш Қайшантаевты еске салғандай болады. Ақмыш ақсақалдың өмірден өткеніне жарты ғасыр толды. Бірақ ердің есімі ұмытылған жоқ, аға ұрпақ өкілдері бас қосқан жерде Ақмыш туралы әңгіме әлі де айтылады.
Бұғанасы қатпаған бала 4-сыныпта оқып жүргенде-ақ ауыр жұмысқа жегіледі. Ақмыш еңбектен қашқан емес, соның арқасында аузын аждаһадай ашқан аштықтан аман қалады, коммунистік партия қатарына өтеді, жаңа ұйымдастырылған Қойтас колхозының төрағасы болады. Қазақ даласын сансыратқан 30-жылдардан кейін соғыс басталады да, ол 1942 жылы 13 сәуірде майдан даласынан бір-ақ шығады. 1942 жылы 25 қарашада Ленинград қаласы үшін шайқаста А.Қайшантаев сол аяғынан жараланады. Емделгеннен кейін 1944 жылы маусымда Кеңес Одағының Жоғарғы Бас қолбасшысы И.В.Сталиннің бұйрығымен 310-атқыштар дивизиясы құрамында құрылған 1082-атқыштар полкіне ауыстырылады. Оқ қарша бораған, әр қадам сайын ажал алдынан қарап тұрған соғыста жауынгердің әр батыл қимылы ерлікке пара-пар еді.
310-Новгород Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының командирі полковник Н.В.Роговтың жауынгерлік естеліктерінің үзінділері қазақ баласының батылдығы мен батырлығына куә іспеттес. «...1945 жылы 3 мамырда жол бойындағы Воллин қаласын азат ету кезіндегі ұрыстардың бірінде қызыл әскерлер А.Қайшантаев пен К.Плотниковқа жаудың атқылаушы нүктесін жою туралы бұйрық берілді. Өйткені неміс пулеметі атқыштар ротасына кедергі болды. Қызыл әскерлер қойылған міндетті жоғары кәсіби деңгейде орындап шықты. К.Плотников ғимараттың бірінші қабатын қол гранатамен алса, А.Қайшантаев өзінің жеке қаруымен жаудың 3 солдатының көзін жойды. Екінші Беларусь майданында Воллин қаласын (Германия) басып алу ұрыстарында көрсеткен ерліктері үшін 310-Новгород Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы 1082-атқыштар полкінің қызыл әскерлері А.Қайшантаев пен К.Плотников «Ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталды» деп жазады дивизия командирі Н.В.Рогов.
А.Қайшантаев – кескілескен шабуылдармен Берлинге дейін жетіп, жеңісті фашистік Германия жерінде қарсы алған жауынгер. Ол соғыстан кейінгі жылдары Күршім ауданының Камышын (Құйған) ауылдық кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Ыңыршағы айналған ауыр кезеңде кеңестік шаруашылықты қалпына келтіріп, ілгері жүргізу оңай болды дейсіз бе? Бейнетке пісіп өскен Ақмыштың айналасын үйіріп әкететін мінезі бар еді әрі өзі дамыл көрмейтін еңбекқор болатын. Міне, осындай табанды жігіт 1947 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бірақ балалық қиын күндер, аштық-жоқшылық, майдандағы қар жастанып, мұз төсенген жылдар, ауыр жарақаты, соғыстан кейінгі тынымсыз еңбек Ақмыш ағамыздың денсаулығына зардап тигізбей қоймады. 1953-1954 жылдары денсаулығына орай жеңіл жұмыстарға ауысуына тура келді. Туған халқының бейбіт өмірі мен Отанының өсіп-өркендеуіне аянбай қызмет еткен ардагер 1968 жылы қаңтарда өмірден озды.
«Аға, майданда қалай соғыстыңыз?» деп сұрайтын едік. «Әй, қарақтарым-ай, соғыс деген кино емес. Екі жақ та боратып атып жатады. Кімнің оғы тиіп, кімнің оғы тимегенін кім біледі? Ал тылда еңбек етіп, жеңіс үшін бәрін берген адамдардың еңбегі соғыстан кем болған жоқ» дейтін», деп еске алады Ақмыш ағасы жайында Қазақ КСР оқу-ағарту саласының үздігі, ұзақ жыл мектеп басқарған ұлағатты ұстаз Кеңесбек Құрманғалиев.
Ақмыш атамыз бен Қазиза әжеміз алты бала тәрбиелеп өсірді. Қазір Қайшантаев әулетінен тараған ұрпақ қоғамның барлық саласында әке салып кеткен ізгілікті жолмен адал еңбек етіп келеді.
Отан үшін аянбаған, туған жерді түлету үшін қажырлы қайрат еткен ерлерді ұмытпай, олардың есімін болашақ ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Сонда келер ұрпақ та ерлік пен еңбекке құрметпен қарайтын болады.
Қабдірахым АЙТҚАЛИЕВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты
ӨСКЕМЕН