Республикамыздың қоғамдық-саяси, мәдени және ғылыми өміріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналған бұл кітап – ғасырларға бергісіз Ұлы дәуірден қалыптасқан тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің шежіресі іспеттес. Өйткені оны осы тәуелсіз елдің шығу «тегін», қалыптасу кезеңдерін, даму бағыттарын жақсы білетін адам жазды. Кітаптың мазмұндық желісі жан-жақты ойластырылған, ғылыми тұрғыда дәйектелген, дәлелді және нақты фактілерге негізделіп түсінікті тілмен қысқа да нұсқа жазылған. Оның ерекшелігі – Н.Ә.Назарбаевтың әр істің басында болып, оларды идеялық жағынан қамтамасыз етіп, өзі көріп, өз қолымен атқарған жұмыстарын осы кітабында ой елегінен өткізуінде жатыр. Президенттің ел тағдыры үшін маңызы бар іс-шаралардың жоспарлану кезеңінен бастап, олардың орындалу барысы мен нәтижелеріне дейін тікелей өзінің бақылауында ұстап отыруы, барлығынан хабардар болып, мәселені терең меңгеруі оқырмандар тарапынан Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа деген қызығушылықты арттырып, оның жеке пікірін білуге деген ұмтылыс тудыратыны түсінікті нәрсе.
Елбасы өзі салған «қазақстандық жолды» араға ширек ғасыр уақыт салып қайта жүріп өткендей. Оны саралап, сол кездері қабылданған шешімдер негізінде ескі қағидаларды қалай қиратып, батыл реформалар жүргізіп, инновацияларды өмірге енгізгендігін дәлелді көрсеткен. Кітапта жаңа саяси жүйе құрудың өзіндік, тек Қазақстанға ғана тән ерекшеліктері айқындалған, нарықтық экономиканың негізі мен құқықтық мемлекеттің іргетасын қалаудың ерекшеліктері көрініс тапқан. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидатының шешуші рөл атқарғандығына көңіл аударылған. Осы нәтижелердің негізінде жинақталған жеке тәжірибесі мен саяси ұстанымдарын Елбасы тағы да бір ой елегінен өткізіп, елдің, халықтың болашағына бағдарланған жаңа стратегиялық жоспарларды рет-ретімен ұсынып, оларды жүйелі түрде іске асырудың тетіктері мен алғышарттарына тоқталған.
Дағдарыстарды еңсеріп, жаңғыру процестерін ілгерілету барысында көптеген жаңашыл экономикалық, саяси механизмдер мен қағидаттар пайдаланылды. Солардың ішінде Елбасы дағдарыстарды серпіліс үшін тиімді пайдаланып, қалыпты жағдайлардан ғана емес, сондай-ақ дағдарыстан да ұпайын жоғалтпай, пайдамен шығып отырды. Олар өз кезегінде елдің экономикасы мен мемлекеттік басқару жүйесін үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға септігін тигізді.
Президенттің мінсіз логикаға негізделген басым бағыттарды дұрыс айқындауының арқасында экономика саласындағы табыстарымыз сайып келгенде саяси реформаларға ұласты. Халықтың әл-ауқаты өсті, елде тұрақтылық орнады, азаматтардың этностық сипатына қарамастан заң алдындағы теңдігіне, яғни ұлтаралық бейбітшілік пен келісімге қол жеткізгендігіміз аталмыш кітаптың арқауына айналған. Елбасы еңбегінде сыртқы саясаттың айқын және мызғымас басымдықтарына да егжей-тегжейлі тоқтаған. Көпвекторлық қағидатына негізделген сыртқы саясатымыз Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделін көтергендігі, оны халықаралық сахнада танымал еткендігі де нақты көрініс тапқан. Осының барлығын талдай келе, Н.Ә.Назарбаев «мемлекеттік құрылыс пен дамудың айрықша қазақстандық үлгісі қалыптасты деуге толық негіз бар», деп қорытады.
Еңбектің құндылығы – болашаққа жол салған жетістіктердің аталуында. Елбасы олардың қатарына жаңа мемлекеттің құрылуын, тәуелсіздіктің тәжі – Астананың салынуын, Қазақстан халқын біртұтас ұлт ретінде қалыптастырудың басталғандығын және қазақстандық даму моделінің жасалғандығын жатқызады. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда Президенттің жасампаздық дәуірі – тәуелсіздік кезеңдерін негіздеп, тұжырымдауын орасан зор маңызы бар оқиға деп қарастырған жөн.
Бір сөйлеген сөзінде Елбасы ХХІ ғасырдағы Қазақстан табысының кілті ретінде жаңғыру ұғымын бірінші орынға қойып, «Жаңғыру – менің мемлекеттік саясатымның басты өзегі», деген болатын. Еңбектің тағы бір ерекше тұсы да осында болса керек. Өйткені бұл жұмыс Қазақстанды жаңғыртудың үш толқынын жүйелі түрде зерделеу негізінде жазылған.
Бұл ғылыми және саяси тұрғыдан алғанда мүлдем жаңа көзқарас, ал методологиялық жағынан келгенде де орынды ұстаным. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ Н.Ә.Назарбаев ел дамуының басты бағыттарын, болашағын айқындау мәселесіне көп көңіл бөлді. Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында алғаш болып стратегиялық бағдарламалар қалыптастырып, оны кезеңдерге бөліп, аралық қысқа және орта мерзімді жоспарлар жасауды қолға алды. Жасампаздық дәуірінің екінші кезеңімен тұспа-тұс келген Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданып, президенттік иснтитуттың нығаюы дағдарысты еңсеруге, ұзақ мерзімдік «Қазақстан-2030» стратегиясы негізінде мемлекеттің жүйелі дамуына жағдай жасады.
Бетбұрыстық сипат алған осындай әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамдық даму үрдісі Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдаулары арқылы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын анықтап, оларды тиісті жоспарлар негізінде іске асыруға мүмкіндік тудырып отырды.
Осылайша, сонау 90-жылдардың бас кезінен бастау алған жаңғыру процесі өзіндік логикасы бар, жүйелі сипатқа ие болып, бүгінгі рухани жаңғыру кезеңімен өз жалғасын тауып отыр. Оның диалектикалық бастауында да, оның қайнаған ортасы мен кіндігінде де, даму процесінде де, қазіргі жаhандану заманында халқымыздың рухани мәйегін нығайтып, оны әрі қарай жалғастыру жолында да Елбасы тұрды. Ендеше жаңғыру саясатының үш толқынының басын қосып сараптау, зерделеу, сол жаңғырулардың контекстінде болашаққа бағытталған тағдыршешті қорытындылар жасап, стратегиялық жоспарлар құру Н.Ә.Назарбаевтың еншісіне тигені де заңды нәрсе.
Бұл кітаптың маңыздылығы қазақстандық даму үлгісінің табиғаты мен эволюциясын жан-жақты және терең зерттеуге арналғандығында. Осы жағдайдың өзі біз қарастырып отырған еңбекке тек тарихи публицистика жанры тұрғысынан ғана қарауды аздық ететін сияқты. Оны толыққанды ғылыми басылым, бай және құнды дереккөз ретінде қарастырған орынды шығар.
Оған негіз де бар. Автор кітапты жазу барысында өзінің түпнұсқалық жазбаларын, мұрағаттық құжаттарды, статистикалық мәліметтерді кеңінен пайдаланған. Оның үстіне Мемлекет басшысы талдап отырған стратегиялық құжаттар, жалпыұлттық бағдарламалар мен ресми шешімдердің барлығы кезінде Елбасының жеке бастамасымен, ұсынысымен ғылыми тұрғыда негізделіп, оның тікелей басшылығымен өткен мәжілістерде жан-жақты талқылаудан өткен дүниелер. Мәселен, кітапта арнайы қарастырылған Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдаулары айтқандарымыздың дәлелі бола алады. Оларға Президенттің қайтадан оралып, тарихи кезеңдермен, жаңару саясатымен байланыстыра жүйелеуі осы кітаптың тағы бір ұтымды қыры деп есептеймін.
Біз бір ақиқатты естен шығармауымыз керек сияқты. Кеңес дәуірінде тарихымызды жазудан қасақана шеттетіліп өз тарихымызды басқалардың жазғанынан оқуға мәжбүр болдық. Сондықтан біздің тарихымызда ашылмаған «ақтаңдақтар» жетіп артылады. Ендігі жерде, тәуелсіздік алған кезімізде, тарихымызды бұрмалауға, жұлмалауға, «жаңа ақтаңдақтар» тудыруға жол берудің ешбір қисыны жоқ. Өйткені ол біздің болашағымызбен тікелей байланысты нәрсе. Ендігі қателігіміз ол өз тамырымызға өзіміз балта шапқанмен тең болады.
Сондықтанда болар, Мемлекет басшысы бұл еңбегінде «Біздің азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз бағдарымыздың не үшін және қалай айқындалғанын, тәуелсіз Қазақстанның қандай жағдайда өмірге келіп, құрылғанын, оны қалыптастыруда қандай адамдардың маңызды рөл атқарғандығын, сол кезде қандай оқиғалар болғанын білуге тиіс», дегенді айтады. Осының барлығын ой таразысынан өткізу барлығымызға қажет екендігін ескертеді.
Ендеше бүгінгі таңдағы тарихи, қоғамдық-саяси процестердің бел ортасы емес, бастауында тұрған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі негізінде тәуелсіз Қазақстанның канондық тарихын жазып, соған сүйене отырып оқулықтар мәселесіндегі олқылықтарды жөнге келтіруді қолға алу қоғамдық ғылым (әсіресе тарихшылар) өкілдерінің алдында тұрған басты міндеттерінің бірі болуға тиіс сияқты.
Өйткені бұл кітап – тәуелсіз Қазақстанның даңқты тарихын білуге және түсінуге, елімізді мақтан етіп, халқымыздың патриоттық сезімін күшейтетін еңбек. Оның үстіне ол – деректерді талдау, оқиғаларға объективті баға беру, тарихи үдерістерді болашақ тұрғысынан терең түсіну, өткенге қазіргі кезең тұрғысынан көз салу және болашақты ойлай отырып, өткенді ұмытпау сияқты азаматтық, ғылыми ұстаным негізінде жазылған қолданбалы сипаты бар жұмыс.
Н.Ә.Назарбаев кітабында тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала білу қажеттігін айта келе: «Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында... Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді», дейді. Айта кету керек, Елбасы тарихты қоғамды ұйыстырудың қуатты факторы ретінде қарастыруға үлкен мән берген.
Олай болса, жоғарыдағы сөздерді Президент бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Себебі айналамызды қантөгісті азамат соғысының өрті шарпып жатқанда біз сол қайғы-қасіретті болдырмадық: «Өйткені 1991 жылы әрқайсымыз жүрек қалауымызды білдіре отырып, тілекке тілек, білекке білек қосып, ортақ шаңырақ астына бірігіп, береке-бірліктің, ынтымақ пен достықтың үлгісін көрсеттік. Бұл – біздің үкілі үмітіміз, бәрімізді бақытқа жетелеген баянды таңдауымыз болды», дейді Президент. Сондықтан ол кітабын жасампаз, бірлік пен тұрақтылықты ту етіп ұстаған халқына арнауының өзінде үлкен мән бар. Расында да, Елбасы атап өткендей, адам тағдыры Отанымен тағдырлас. Ұлтаралық жетістігіміз – қоғамдық өмір мен оның жаңа тарихының барысын анықтайтын ұлы құндылық дейтініміз де сондықтан. Елбасы айтқандай «Бәріміз бірге – біртұтас халықпыз, біздің әрқайсымыз – оның бір-бір бөлшегіміз».
Кітапта тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуі, оған төнген сын-қатерлер, ұлы бетбұрыс кезеңнің қыр-сыры, қияға құлаш сермеу кезеңіміз, ұлттық мәдениетіміздің ерекшеліктері, мемлекеттік тіл, дінаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы, қалыптасқан мемлекетіміздің құрылуы терең зерттелген. Бірегейлік пен тұрақтылықты нығайту, жаңа қазақстандық патриотизм мәселелеріне жаңа көзқарас қажеттігі сөз болған.
Жаңа экономикаға бет бұру, институттық реформаларды жүзеге асыру, халықтың әл-ауқатын және адами капиталды арттыру, жастардың орны, қоғам дамуының басқа да мәселелеріне ерекше көңіл аудару, Ұлт жоспарын жүйелі орындаудың маңыздылығы да Президенттің назарынан тыс қалмаған.
Автор мемлекеттің ішкі саясаты, оның барлық салаларының дамуын қамтып, тарихи тұрғыда сараптап, елдің қарқынды да тиімді дамуы стратегиялық мемлекеттік жоспарлаусыз мүмкін еместігіне көз жеткізеді. Ол «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуын айғақтармен дәлелдеп, оның 25 басты нәтижелерін айқын көрсеткен. Сонымен бірге 1991-2017 жылдардағы тәуелсіз Қазақстанның 33 басты нәтижелері іріктеліп, ғылыми түрде негізделген нақты қорытындылар жасалған.
Президент жаңа жаhандық ахуалға сәйкес жаңа бағдарды айқындап, қалыптасқан мемлекеттің «Қазақстан - 2050» Стратегиясына сүйене отырып, 2017 жылдың басынан бастап мемлекет пен қоғамды жаңғыртудың үш бағытын іске қосты. Негізгі міндеттері өзара тоғыспайтын осы үш жаңғыру тұтаса келгенде мазмұны мен алгоритмі біртұтас жаңғыру және даму процесін түзеді. Саясат, экономика және сана үштағаны Қазақстанда үшінші жаңғырудың басталғанын көрсетеді. Ол еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, оны әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуға жағдай жасамақ. Мемлекет басшысы саяси және экономикалық реформалардың өзегі ретінде қоғамдық сананың жаңғыруына, елдің рухани түлеуіне басымдық беру арқылы Қазақстан халқы үшін ХХІ ғасырдағы ең басты міндетті анықтап берді.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Ұйымдастырушылық
жұмыс қызметінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы