Руханият • 11 Қаңтар, 2018

Көнеден жеткен қоңыр үн

659 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қобыз – қазақтың жаны десек артық айтқандық емес. Алаш баласы ол аспапты ертеден қасиет тұтып, тіпті жаны бар құбылыс деп білген. Тарихтың тылсымына бойлай­тын болсақ, қобыздың бәйгеге қосылғаны есімізге түседі. Қобыз туралы небір аңыздар санамызда қайта жаңғырады. Жуырда Жезқазған қаласынан табылған көне аспап та санамыздың рухани жаңғыруына осылай әсер еткен.

Көнеден жеткен қоңыр үн

Айтпағымыз, осыдан үш ғасыр бұрын жасалған саз аспабы атақты бақсы, дәулескер күйші Досымбай Итем­генұлына тиесілі екен. Ұрпақтан ұрпаққа жәді­гер болып жеткен құнды қо­быз қазір бақ­сының бе­сінші ұрпағы Дас­тан­бек ақсақалдың шаңы­ра­ғында тұр. Жәдігерді жаң­ғыртушылармен әріптесіміз Ардақ Асылханұлы әңгі­мелескендей, қария қайтыс бол­ғанымен, бәйбішесі Зипан әже қара қобызды көзінің қарашығындай сақтап келген. Зипан әжей көненің көзі болған киелі аспапты қадір тұтып, ақ матамен қаптап, төрге іліп қойған. 250 жыл бұрын жасалған қара қобыздың шектері босағаны болмаса, сынын бұзбаған. Жиде ағашынан тұтас шабылып, төменгі жағы терімен қапталыпты. Еспесі мен ыс­қышы жылқы қылынан тартылған. Ал құлақ бұ­рауының тұсында шолпылары және шанағында айнасы бар екен. Яғни осыған қарап-ақ бақсының қобызы екенін аңғаруға болады. Досымбай бақсы оны ХІХ ғасырда Баржығұл деген шеберге жасатқан. Кейін немересі Жұмаділдәға аманаттаған.

Жезқазған қаласының тұрғыны Зипан Досым­баеваның айтуынша, қобыз иесі 82 жасында қайтыс болыпты. – Онда Жұма­ділдә атам 2-3 жастағы немересі екен. Осы қобызды мына Жұмаділдәға беріңдер деген аманат бүгінге дейін сертке берік сақталды, – дейді Зипан апай.

Кейін киелі аспап Жұ­ма­ділдә ақсақалдан баласы Дастанбекке өт­кен. Ал ері өмірден озған соң, әу­леттің келіні Зипан әжей қара қобызды көзінің қара­шығындай сақ­тайды. Тіпті 1973 жылы Ленин­градтан орыс зерт­теушілері келгенде де бермепті. Жергілікті мұражайға өткізуге де үзілді-кесілді қарсы болған.

– Досымбайдың өзінің киесі бар деп айтылады ха­лықтың арасында. Мүм­­кін сол себептермен мұражайға өткізбеуі әб­ден мүмкін. Қобыз – бақ­сы­лардың қобызы. Бел­гілі бір ерекшеліктермен жа­салған, – дейді тарихшы-археолог Ғабдол Әуезов. 

Ұлытау бойында қобыздың қоңыр үнін күңіренткен Досымбай бақсы – кешегі Қорқыт бабадан, Қойлыбай күйшіден қал­ған дәстүрлі өнерді жалғастырушы. Аты қазақ даласына аңыз болып тараған соңғы бақсылардың бірі екені ақиқат.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы