Аймақтар • 11 Қаңтар, 2018

Менің атым – Студент!..

356 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Менің атым – Студент!.. – дейді Кеңтүбек ауылдық әкімдігінде бас маман болып қызмет атқаратын жігіт. Ауданға барған жолсапар кезінде танысып, оның аты-жөні ерекше әрі қызық естілетініне таңғалып, бір күліп алғанымыз да бар

Менің атым – Студент!..

Студент Хамидолда 1986 жылы 7 тамызда Моңғолияның Хенти аймағында дүниеге келген. Әкесі Қобда аймағында тұрып, 80-жылдары Хенти аймағына жұмыс бабымен көшіп келеді. Шешесі Баянөлгейдің қызы. 1985 жылы Хамидолда Сайыр­хан мен Сәуия Бектемірқызы отбасын құрады. 

– Әкем Хамидолда Ұлан­батыр­дағы ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы, ал, анам Сәуия сол институтты мал­дәрігері мамандығы бойынша бітір­ген. Әкем Моңғолияда механизатордан бастап бас инженерге дейін қызмет атқарды, – дейді Студент. 

Бірі инженер-механик, бірі мал дәрігері болып атамекенге жеткен Хамидолданың отбасы нағыз ауылға керек жоғары білімді мамандар емес пе. Темірден түйін жасау қолынан келіп тұрғанда бос отыра ма, қазір ол ауылдағы жеке кәсіпкерлердің бірі, үй жылытатын пештер жасайды. Ал Сәуия елге оралғалы бері ауылдық мал дәрігерлік пункт меңгерушісі болып еңбек етеді. 

– Менің атымды атам қойыпты. Себебі, мен туған кезде әке-шешем студент болып Ұланбатырда институтта оқып жүрген. Мен ата мен әженің бауырында өстім. Атам екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан (1945 жылы Жапониямен) Қобда аймағындағы соғыс ардагерлерінің ескерткішінде есімі жазылған, ұста болған кісі. Әжем сырмақ басатын, киізден әртүрлі бұйымдар жасайтын, сонымен қатар жыр-дастандарды жатқа айтатын әнші болды, – дейді Студент еске алып. 

1991 жылы алғашқылардың бірі болып елге асыққан көштің ішінде Хамидолда Сайырханның да отбасы болды. Ол кезде Студент 5 жаста екен. Келген кезде Талдықорғанның Үшарал ауданы Ақши ауылына жетіпті. 1992 жылы ар жақтан көшіп келген басқа туыс-туғанмен бірге болайық деп Май ауданына көшіп келіпті. Ауылда қазір 40-қа жуық елге көшіп келген ағайындар тұрады. 

– Мен 1-сыныпқа Ақшиман ауылында тұрған кезде бардым. Өткенде өзіңіз жазған Қалмаққырылған тауының жанында тұрдық. Шежірелі тарихи жер. Бала кезімде жиі баратынбыз, – дейді. 

Студент те әкесінің жолын қуып, техникалық мамандықты таң­дапты. 2004 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік уни­верситеті машина жасау факультетінің көлік, көлік техникасы және технологиясы мамандығына түсіп, 2008 жылы бітіріп шығыпты. 

– Өз мамандығың бойынша зауытқа неге жұмысқа бармадың? Сен сияқты қазақ балалары өндіріске керек емес пе? – деген сұрағыма:

– Ауылға да маман керек қой! –дейді Студент. – Үйленіп, бас құра­дық дегендей. Уақыты келгенде кө­рер­міз, – деді сеніммен.

Жұбайы Айтаңсық Худабайдың да екі жоғарғы білімі бар. Айтаңсық облыс орталығындағы мемлекеттік педагогикалық институтты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша бітіріп, кейіннен мектепке дейінгі бала тәрбиесі мамандығын алыпты. Қазір Айкөркем деген кішкентай қызымен үйде. 

– Қазір әке-шешем інім Әдебиет­тің қолында бірге тұрады. Әйелі Серікгүл мектеп мұғалімі. Әдебиет аудандағы аграрлық колледжде шебер-мұғалім болып қызмет жасайды. Қарындасым Жанаргүл тұрмыс құрған. Әкем мен анамның Фарида, Дінислам, Айғаным, Айкөркем деген немерелері өсіп келеді. Фарида деп өзіңіз 2012 жылы ауылға келгенде атыңызды бергенбіз, –дейді Студент қоштасарда. 

Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,
Май ауданы,
Кеңтүбек ауылы

Суретте: Студенттің отбасы – әйелі Айтаңсық, қызы Айкөркем