Әдебиет • 12 Қаңтар, 2018

Шәрбану Бейсенова: "Киім сыртынан емес, ішінен тозады"

1800 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Он жеті жасында университет табылдырығын аттаған бойжеткеннің бала қиялы шартараптың қай қиырында жүрді екен?.. Ендігі жеткен жасында – аяулы жар, ардақты ана, асыл әже болған кезде сонау алыста қалған күндер еміс-еміс еске түскенде бойын нендей сезім билейді? Жазушының жеке өмірінен оқшау қаламгерлік жолы туралы әңгімеміз өз қолтаңбасы туралы болған. «Шығармашылық иесінің бақыты тақырыбын табумен байланысты», дейтін. Шәрбану Бейсенованың тақырыбы – ұлы дала арулары. 

Шәрбану Бейсенова: "Киім сыртынан емес, ішінен тозады"

– Сіздің кейіпкерлеріңіз – тарихи тұлғалар, арулар. Сүйін­бике, Сүзге, кеңестік дәуір­дегі қазақ әйелдері. 

– Өткен тарихтың бетінде қал­ған қазақ аруларын бері әкелсем, пери­заттардың рухани келбетін жасасам деп ойладым. Солардың мөлдір сезімін, қуаныштарын неге қуанды, неге қайғырды деген сұрақтарға көркем бейнелері арқылы ғана жауап табылатындай көрінді. Сүйінбике туралы деректі шы­ғарма жаздым. Ал оның жан тол­ғанысы жоқтауларынан көрінеді. Енді ол туралы көркем шығарма жазсам деймін. Ал Сүзге туралы бұрын да көп жазылған. Орыс­тың Ершов деген ақыны, «Сұң­қартай – Тұлпартай» деген ертегінің авторы да жазып­ты. Бұл Павлодардың ар жағындағы Тобыл мен Түменнің қиылысында болған оқиға ғой. Сол жердегі Сібірдің жазушылары да, қазақ ақындары да қалам тартыпты. Олардың бәрінде тек сыртқы келбеті жасалған. Бірақ оның ішіне еніп, Сүзгенің жан бейнесі жазылмаған еді. Жап-жас кезінде өзін өлімге қиған. Ал Сүзгені соған жетелеген нендей күш еді? Адам тегіннен-тегін өле салмай­ды. Оның үлкен әлеуметтік-психологиялық, саяси себептері бар. Мен Сүзгені осы жағынан алдым. Жастай Көшім ханға жар болған. Көшімнің өзі өте қарама-қайшылықты тұлға. Ол туралы бізде әлі ешкім қалам тарта қойған жоқ. Негізі сол замандағы Көшім хандығына қараған қазіргі Солтүстік Қазақстан, Омбы ай­ма­ғы. Орыстар осы хандықты жаулау үшін бекіністерін сала бастаған. Орталығы болған Ескер қаласына Жармақ шабуыл жасап, хан ордасы Новосібірге қарай шегіне береді. Сүзге өзінің алдында алған Көшімнің алты әйелінен бөлек отырған. Сондықтан соғыс кезінде Ескерде қалып қой­ған. Мұхтар Мағауиннің «Ала­сапыран» романының оқиғасы да тура сол жерде өткен еді. Ораз­мұхамед жас келіншегі Ай-Шешек бегіммен әлгі елге қы­ды­рып барған. Ол сол жерде аңшылықта орыстардың қо­лына түскен. Жармақтың әс­кері тұтқынға алып, Ай-Шешек бегімді қорлаған, содан жында­нып кетпей ме?! Ал Сүзгенің ол трагедиядан аман қалғаны – өзіне-өзі қол жұмсап, жанын өлімге қиғаны.

Көшім хан егде адам болған. Орыс тарихшылары Көшім хан туралы жазғанда, біраз күмәнді деректер айтады. Құл-мұхамед – Көшім ханның немере інісі. Оны халық батырлығы үшін «қара сем­сер» деп атаған. Сол баһадүр Сүзгеге көз тоқтатып қарайды. Бүкіл орда бай­қап қалып, содан Сүз­ге жырақ отыруды қалайды. Орыстар «Қарагөз ару Сүзге» атты поэмада Құлмұхамедпен бірігіп, хандықты тартып алмақ болған деген пиғылда жазады. Бұл шындыққа жанаспайды. Олардікі Жармаққа кінә жақындатпау. Сүзге өлсе, өзде­рінің тай-таластарынан өлген дегенге келтіру. Мен соны ашып жазуға тырыстым. 

– Ұлы дала аруларының тағдырын зерттеп, көркем бей­несін жасаудағы мақсат біздің тарихымызда осындай ана­лар, арулар өткен дегенді айту ғана ма? Әлде одан да бас­қа жазу­шылық мұраттар бол­ды ма?

– Біріншіден, оқырманға осындай әйел-аналардың өтке­нін айтып, батырлықтан гөрі адамның намысын, өзін қорғай алмай жатқанда баратын батыл әрекетін, сезімдерінің тұрақ­тылығын үлгі еткім келді. Сүйін­бике екінші ері Сапагерей екеуі өте жақсы жұп болады. Хан­дықтың ісіне араласып отырады, Сапагерей қайтыс болғанда баласы хан тағына кәмелетке келгенде отыратын болғандықтан, Қазанның хандығына уақытша отырған. Сол Сүйінбике де на­мыс­тың отына күйген. Қазақ әйелінің бойындағы намыс, ерлік деген ұғымдардың өміріне салт сияқты болғанын айту мақсат еді. Ерлік деген тек ел басқару емес. Әйелдік намысын қорғауы, арын сақтауы да – ерлік. 

– Сүйінбикені көркем шы­ғар­ма ретінде жазамын дей­сіз. «Сүз­генің соңғы күн­дері» бір­ден көр­кем шы­ғарма боп өмір­ге келді ме, әлде дерек­ті зерттеу болды ма?

– Мұрат Әбдіров деген тарихшы Сүзге туралы материалды «Қазақстан әйел­дері» журналына әкелген. Тоқса­ныншы жылдары тың тақырыптар «Азат­­тықтың алғашқы құрбандары» деген айдар арқылы беріліп отырған еді. Сүйінбикені бір әдебиетші мақала ретінде берді. Содан бастап осы тақырыптарда іздене бастадым. Астанаға көшіп келгенде, облыстық кітапханаға бардым. Ол өте бай екен. Министрліктегі бір жігіттің келіншегі кітапханада істеуші еді. Содан: «Жармаққа байланысты кітап болса берші», деп сұрадым. «Ресейдің Сібірді жаулауы» деген тарихи очерк түріндегі кітапты тауып берді. Сонда Жармақтың әскері туралы барлық дерек бар екен. Көшімді Новосібірге дейін қуғанда хан бір баласымен қоршаудан шы­ғып, құтылған. Одан кейінгі тағ­дыры белгісіз. Құлмұхамед те, Оразмұхамед те орыс елінде патша қызметінде бірге болған. Бірақ бас бостандықтары болмай, еріктерінен тыс қызмет еткен. Кейін Касимов шаһарында тұрған. Көшім ханның Мөлдір деген қызының, тағы басқа отбасы мүшелерінің де қабірі сол өңірде. Көшім ханның ұрпақ­тарының ішінде христиан діні­не күшпен қабылдағандары бол­ған. Ғұмырының соңына дейін мұсылман дінінде болып, мұсылман зиратында жерлен­гендері де бар. 

Сүзге туралы әуелі мақала жазып, кейін көркем шығармаға айналдырдым.

– Көркем проза мен деректі проза жазғанда жанрлық ерек­шеліктерді қалай сезінесіз? Екі жанр екі түрлі дайын­дықты қажет етпей ме? 

– Менің қолыма тек дерек түсті. Ал оған өмірбаян беріп, сол өткен уақытты жазуға тек қана көркем шығарманың мүм­кіндігі бар. Екі жанрға ортақ нәрсе – ізденіс. Деректі шығарма үшін тапқан фактілер құнды. Ал көркем дүниеге сол фактілеріңнің әсері маңызды. 

– «Бір махаббат баяны» деректі, көркем де сипаты бар шығарма. Ма­р­хума апай мен Мұхамеджан Қара­таевтың бастан кешкен оқиғасы. Өз аузынан естіп жаздыңыз ба?

– Мұхамеджан Қаратаев ағайды отбасымызбен қатты сый­ладық. Сәкең (Сағат Әшім­баев – автор) өзіне ұстаз тұтты. Біздің үйде қонақта болған. Ағай өзі келіп, бәйбішесі ауырып келе ал­мады. Менің жерлес апаларым бұл кісілермен құдандалы еді. Мархума апайды қатал адам ретінде айтатын. Бірде «Қазақ­стан әйелдеріне» Жәмилә деген келіншек келді. «Менің енеммен әңгімелесіңіздер», депті. Алдымен редакторға кірген екен, маған жіберіпті. Біз ене мен келіннің бір-бірін жамандап жүргені туралы көп жазамыз ғой. Бұндағы әңгіменің сыры мүлде басқа екенін сездім. Жәмиләмен сөйлесіп едім: «Ертең түске келі­ңіз», деді. Бардым. Апай қатты науқас екен. Бір күн жанында отырып, әңгімесін тыңдадым. Жәмилә: «Бұл кісінің айтқан әңгімесін ауырмай тұрғанда Шериаздан Елеукенов жазып алған. Сол кісіде касетасы болуы керек», деді. Бірақ мен оны сұ­рағаным жоқ. Екінші рет тағы барып, әңгімелестім. Сон­да Мархума апай қосымша екі кісінің атын айтты. Біреуі Хамза Есенжановтың әйелі София апай, екіншісі Өтебай Тұрман­жановтың жары Майнұр апай. Екеуі де Сібірге ерлерінің артынан барған. Біз сол кезде мұндай оқиғаларды білмеппіз. Мен бұл әңгімені «Ғажайып бақыт жұлдызы» деген атпен очерк нұсқасын жаздым. Кейін қиын-қиын жағдайлар болды. Мұхамеджан Қаратаевты кінәлайтын адамдар шықты. Сондай жерлерде де қатты қиналасың. 30-жылдардың ортасында Ленинградтан оқу бітіріп келгенде, Кеңес өкіметі Жазушылар одағына хатшы етіп отыр­ғызған. Сол кісінің қолымен барлық істерін жүзеге асырған ғой. Ағайды пайдаланып болып, артынан өзін де екі рет Сібірге айдаған. Итжеккенге жібергенде Мархума апай үш баласын енесіне тастап, ерінің соңынан көшіп кеткен. Кейін кенже баласын апарып, ол баласы жерсінбей, көп мехнат көрген. Қарап отырсақ, өзі еті тірі болған адам. Бар оқыған оқуы сауат ашу курсы – ликбез ғана. Ленинградта тұрғанда орысша үйреніп, сол орысшасымен Сібірге кетіп отырған. Онда барғанда сарымсақ еккен. Сібірдің цинга деген ауруы болады екен. Өйткені онда күн жоқ қой. Биік ағаштар, тұман, күннің сәулесі жерге түспейді. Бара салып ешкі, сосын сиыр ұстаған. Қаз өсірген. Қаздың майы қатпайды екен. Күйеуі ағаш кесуге кеткенде, қаздың майымен беті-қолын сылап жіберіп отырған. Үсік шалмасын деп. Күйеуін солай бағып күткен. Ауыртпай елге аман-сау оралтқан. 

– «Зағипа» деген кейіпкеріңіз де қажырлы, отбасын сақтауға талпын­ған аяулы адам. Күйеуі ішкіш болса да, атасын құрметтеп, отбасын сақтап қа­лады. Бұл үлкен адамгершілік қасиет қой. 

– Ол – қазақ әйелінің бойындағы қасиеттер. Мұндай құндылықтар қазақ қызының бойынан жоғалмауы тиіс. Мархума апайдың: «Киім сыртынан емес, ішінен тозады», деген сөзі бар. Әйел –киімнің іші. Ол сыртынан да мықты болуы керек, тозбауы тиіс.

– Қазіргі уақытта мұндай адамдарды жазу ұлттық қасиеттерді жо­ғалтпау ғой. Бүгін осындай мысалдарды (Зағипаларды) сирек көретініміз неліктен?
– Боданда қанша жыл болдық. Сол біздің ұлттық қасиеттерімізді жоғал­туымызға көп әсер етті. Әйел теңдігі деп біздің психологиямызды қатты бұзған. Қазір біз өзгеріске түскен әйел­дерміз. «Қамсыздандыру агенті» деген әңгімемде Кеңес өкіметі әйелді жұмыс күші ретінде пайдаланғанын жаздым. Жұмыс-жұмыс деп, отбасын да құра алмай, соңында жалғыз қалған қанша қазақ қызы бар. Ал отбасылы әйелдердің өндірістегі жұмыстан қолдары босамай, балалары өз бетімен өсіп, ана тәрбиесін көрмеді. Ұлттың бір трагедиясы осы. 

– Мағира Қожахметова, Сара Ла­тиева үшеуіңіздің жарасымды, өзара сыйластыққа бай, түсінікке толы достықтарыңыз бар. Көбіне ер адам­дардың арасындағы осынау ұлы сезім жиі айтылады. «Құдай берген бұл достық – кәннің бірі, мұң­дас­қанда қалмайды көңіл кірі», депті Абай. Осы жасқа келгенше сыйлас көңіл­дері­ңіздің нәзік жібі үзілмей келе жатқанының сыры неде?

– Біз отыз жігіттің ішінде үш қыз болдық. Үшеуміз үрпиіп, бір-бірімізге жақын отыратынбыз. Мен мектептен келдім, Сара Оралда екі жыл жұмыс істепті. Ол өмірге араласқан, піскен қыз еді. Маған қарағанда беттілеу, мінезді болды. Жігіттердің көбі жиырма бестен асқан, арасында Жарасқан Әбдірәшев, Айтқали Нұрғалиев, Сейсен Мұхтарұлы сияқты құрдастарымыз болды. Мағира сол кездегі қыздар институтынан ауысып келді. Біз бір-бірімізге қамқор болдық. Өйткені туыстың бәрі елде қалды. Са­раның жақындары Алматыдан көп болатын. Қайрат Жұмағалиев – Сараның анасының оқушысы. Сол кісілер аға­ларымыз сияқты болды. Бір демалыс­та ауырып, ауылға бара алмағанымда Мағираның анасы ауылдың дәмін салып жіберіпті. Еліне бара алмай қалды деп қатты уайымдапты. Бір-біріміздің әке-шешімізді көрдік. Осы бір таза кезімізде көңілімізге орныққан сезімдеріміз сол қалпы сақталып қалды. 

– Сынды қалай қабылдайсыз?

– Мен туралы жазған адамдар көп емес. Роза Мұқанова, Құлбек Ергөбек жазды. Серік Қирабаев «Бір махаббат баянын» қатты ұнатты. Өйткені ағай ол өмірді жақсы біледі ғой. Ал ең бірінші сыншым, Сағат ағаң еді. Жақсы десе, жариялап, ұнатпаса, қояр едім. Ол кісі өмірден озған соң, көп уақыт қолыма қалам ала алмадым. Кейін «Қарлыған піскен шақ», «Ми­замшуақ» әңгімелерімді жаздым. Жүрексініп, қорқып. Бірақ оқырман жақсы қабылдады. Бұл туындыларым Сәкеңнің рухына бағышталған-ды.

– Қай уақытта жазғанды ұнатасыз?

– Көбіне түнде жазамын. Бұл уақытта күндізгі қарбалас тіршілік тоқтап, ты­ныштық орнайды. Менің де көңілім қаламға жүгіреді.

– Қайталап оқитын шығар­мала­рыңыз бар ма?

– Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» ро­манының бірінші кітабын жиі қайталап оқимын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»