Президент • 15 Қаңтар, 2018

Сыртқы саясаттағы стратегиялық бағыт

615 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Егемен еліміздің ширек ғасыр бойы ұстанып келе жатқан көпвекторлы сыртқы саясатының ең басым бағыттарының бірі – Америка Құрама Штаттары. Бұлай деуге екі ел арасында қалыптасқан стратегиялық қарым-қатынастардың сипаты толық мүмкіндік береді.

Сыртқы саясаттағы стратегиялық бағыт

Біріншіден, 1991 жылы еліміз егемендік алған бойда оны Батыс әлемінің ішінен бірінші болып мойындап, дереу өз елшілігін ашқан да, сонымен қатар жас мемлекетіміздің дәл сол кездердегі сын-қатерлерді еңсеріп, аяғынан тік тұрып кетуіне елеулі үлес қосқан да АҚШ мемлекеті болатын.

Екіншіден, Елбасының 1992 жылы Америка Құрама Штаттарына жасаған бірінші ресми сапары сәтті болды, өйткені АҚШ президенті Джордж Г.Бушпен, мем­ле­кеттік хатшысы Дж.Бейкермен, сондай-ақ бірқатар министрлер, сенаторлар және іс­кер топтардың өкілдерімен өткізген кез­де­сулері барысында екіжақты қарым-қатынастардың өркен жаюына серпін берген бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылған болатын.

Үшіншіден, екі ел басшыларының ерекше назар аударған көкейкесті мәселелерінің бірі қауіпіздікпен байланысты қарым-қатынастар болатын. Сондықтан да АҚШ тарапы, әсіресе ядролық қарулардан бас тартып, Ядролық қаруларды таратпау жөніндегі халықаралық келісімшартқа қосылған Қазақстанның бейбіт саясатына үлкен қолдау көрсеткен.

Төртіншіден, 1992 жылғы қарашада АҚШ астанасы Вашингтонда Қазақстан Республикасы Елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың өрбуіне үлкен серпін берді. Соның арқасында тек дипломатиялық қатынастар ғана емес, экономикалық қатынастар да жылдам жандана бастады. Осы пайымның нақты дәлеліндей, 1993 жылдың сәуір айында Президент Н.Назарбаев пен АҚШ-тың энергетика саласындағы көшбасшы компанияларының бірі «Шеврон» корпорациясының басқарма төрағасы К.Т.Дерр екі ел арасындағы Түсіністік меморандумына қол қойды.

Бесіншіден, 1994 жылы ақпан айын­­да Елбасының АҚШ-қа жаса­­ған екінші ресми сапары да өте сәтті аяқталып, Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы Демократиялық әріптестік хартиясына; Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі пен АҚШ-тың Техникалық ақпарат алмасу және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты үйлестіруші комиссия­сы арасындағы келісімшартқа; Қазақстан Республикасымен, сондай-ақ Шетел жеке инвестициялары корпорациясы мен Қазақстан-Америка экономикалық даму жөніндегі кеңесі арасындағы ықпалдастық қағидаларына; Қазақстан-Америка қорғаныс конверсиясы жөніндегі комитетін құрудың қағидалары туралы мәлімдемеге және «Инмарсат-3» жасанды жер серігін ұшырумен байланысты Қазақстан, Ресей және АҚШ арасындағы үшжақты келісімге қол қойылды.

Алтыншыдан, 1994 жылдың қазан айынан бастап, күні бүгінге дейін екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды үйлестіріп отыратын Қазақстан-Америка бірлескен комиссиясы тұрақты жұмыс істеп келеді.

Жетіншіден, Елбасының осы уақытқа дейін Америка Құрама Штат­тарына жа­са­ған ресми сапар­ларының аясында сол елдің президенттері Джордж Г.Бушпен, сол сияқты Билл Клинтон, Джордж У.Буш және Барак Обамамен орнатқан дипло­ма­­тия­лық әрі экономикалық саясаты­ның қай-қайсысы да жемісті болғаны дау ту­дыр­­­майды. Өйт­кені екі ел арасында­ғы әріп­тес­тік қарым-қатынастар стратегия­лық дең­­­­гей­ге көтерілді және бұл әріптестік қалып­­ты сипатынан осы күнге дейін айныған емес.

Сегізіншіден, жоғарыдағы пайым­дардың негізсіз емес екенін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Аме­рика Құрама Штаттарына үс­тіміздегі жылы жоспарлап отыр­ған ресми сапары қар­са­ңында АҚШ-тың Қазақ­стандағы елшісі Джордж Кролмен кездесу барысында: «26 жыл ішінде біздің ел­де­ріміз арасында өзара достық қа­рым-қатынас орнап, 70-тен астам мемлекетаралық, үкі­мет­аралық және ведо­м­ство­аралық келісімге қол қой­ыл­ды. Қазақстанда Аме­рика капиталының қаты­суы­мен 500-ге жуық компания жұмыс іс­тейді, солардың 140-тан астамы – бірлескен кәсіпорындар. Олар тауар өндіріп, өнімдерін басқа елдерге экспорттаумен айналысады», деген мә­лім­­демесі дәлелдей түседі. Ел­шімен кездесу барысында Мем­лекет басшысы, сонымен қа­тар бүгінгі АҚШ президенті Д.Трамппен екі ел арасында қа­­лыптасқан стратегиялық се­ріктестіктің басым бағыт­та­рын, оның ішінде терроризм­ге қарсы күрес жүргізу, яд­ро­лық қаруды таратпау ре­жі­мін нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық жә­не ин­вес­тициялық ынты­мақ­тас­тық аясын одан әрі кеңейту ба­ғы­тында келіссөздер өткі­зі­летінін де атап өтті. Сосын, бұл сапардың да сәтті болатыны көрініп тұр. Себебі АҚШ-қа Елбасыны президент Дональд Трамптың өзі шақырып отыр.

Тоғызыншыдан, Елбасы­ның Америка Құ­рама Штат­та­рына жасаған сапар­ла­ры­ның өзге қырлары да үл­кен мәнге ие. Өйткені би­ыл­­ғы сапар Қазақ­стан­ның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңе­сі­не төрағалық етуімен тұс­па-тұс келіп отыр, демек, Президенттің аталмыш Кеңестің мінберінен тұ­шым­ды мәлімдеме жасайты­ны да күмән тудырмайды және бұл орайда, 2010 жы­лы Вашингтонда өткен ан­ти­я­дролық саммиттің мін­берінен сөй­леген Президент Назарбаевтың: «Яд­ролық соғыс басталса, одан бірде-бір мемлекеттің аман қалуы мүмкін емес және бүгінгі таңда лаңкестердің ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігі шындыққа айналды. Мұндай жағдайда әлем лидерлері күш біріктіріп, аталған сын-қатермен біріге күреспесе, тым кеш болады. Сондықтан БҰҰ-ға барлық мемлекеттерді жұмылдыра отырып, жаһандық лаңкестік топтармен күрестің бірегей жүйесін құратын мезгіл жетті. Тек осылай еткенде ғана жарияланбаған бұл соғыста жеңіске жетуге болады», деген тағдыршешті үндеуі аталмыш саммитке қатысқандардың басым көпші­лігінен қолдау тауып, өте ма­ңыз­ды пікірталасқа ұласқаны ойға оралады. Демек, біздің мемлекетіміздің БҰҰ секілді іргелі халықаралық үнқатысу алаңында қол жеткізген табыстары да, түптеп келгенде, Елбасы ұсынған батыл бастамалар мен идеялардың іске асқан нақты нәтижелері екені шындық. Өйткені Елбасының қай бастамасы болмасын тек өз халқымыздың мүддесімен ғана емес, бүкіл адамзат үдесімен астарласып жатады. Сондықтан да болар, Қазақстанның ұста­нымдары әлем қауым­дас­ты­ғы­ның тарапынан үнемі оң бағаланады. Сосын, мұны елі­міз­дің тек бейбіт атом сая­­са­тының ұтымдылығына бе­ріл­ген баға ғана емес, полиэ­тно­сты және поликонфес­сия­лы мемлекет ішіндегі этно­­сар­а­­лық, мәдениетаралық және ді­н­аралық татулықтың үлгісін еге­мен 27 жыл ішінде бүкіл әлемге паш етіп отырған әрі ешкімді шеттету мен кем­сітуді білмейтін, ішкі саясаты сындарлы, сыртқы саясаты көпвекторлы және экономикасы тұрақты даму жолына түскен Қазақстан мемлекетіне көрсетілген зор сенім деп қабылдаған абзал.

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі