Иә, қазір бәрі ақшамен өлшенетін заман. Қандай мәселе көтерілсін алдымен оны ақшаның өлшеміне салып есептейміз. Дұрыс қой, әйтпесе айналамыздан қысқан әлемдік экономикалық дағдарыс өз иіріміне тартып кетуі мүмкін. Дегенмен, ұлттық рух пен жалпы рухани құндылықты да бір сәт естен шығармағанымыз абзал. Мәдени-рухани байлықтарымызды мүлдем ұмыттық дей алмаймын. Өйткені біз тәуелсіздік алған жылдардан бастап жоғымызды түгендеуге кіріспес едік. Эрмитаждағы киелі қазанымыздан бастап, кешегі Кейкі батырдың бас сүйегі, бәрі біз түгендеп жүрген құндылықтар. Былай қарағанда жай нәрсе сияқты болғанымен, мұның бәрі ұлтымыздың бойындағы, ұрпағымыздың санасындағы рухтың қалғымауына септесетін құнды дүниелер ғой. Бұған қоса, Прежевальский жылқысы, Құлан мен Бұқар бұғысын да қайта түлетіп жатқанымыз, көңілге қуаныш ұялатады, әрине.
Ал жолбарысқа келгенде осы жүрісімізден неге жаңылып қалдық? Мұның басты себебі біз қазақтың кие деген сөзін ұмыта бастағанымызда сияқты. Жолбарыс қазақ пір тұтқан аң екені біртіндеп санамыздан өшіп бара жатқандай. Жолбарыс және барыс қазаққа айбар берген аң еді. Жолбарыс жоғалғалы ұрпағымыз да осы қасиеттерінен айырылмасына кім кепіл? Біз бала кезімізде «Жауға шапқан бабаларымыздың рухы қызыл жолбарыс болып көрінеді екен» немесе «Түркі халқы көк бөріден тараған» деген аңыз әңгімелерді жиі естуші едік. Бұл аңыз болғанымен астарында аз да болса шыңдық жататын. Бұдан әлдебір түйсігіңмен қазақ даласындағы айбарлы аңдармен өз ата-бабаларымыздың беймәлім байланысы барын іштей сезетінсің. Сондықтан жортып жүрген түз тағысын алыстан көргеннің өзінде бойыңда бір рух атойлап, дүр сілкініп қалатының бар ғой.
Жолбарысымызды кеше жоқтап, жон арқамызды енді көтеріп жатқанда отандық телеарналардың бірі «елімізге екі жүз жолбарыс әкелетін болса не істейміз?» деп бүтін елге жар салғанда, ұялғаннан жердің жарығына кіріп кете жаздадық. Не істегені қалай? Біріншіден, елге бірден екі жүз жолбарыс әкелу мүмкін нәрсе ме, өзі? Сенсация қуғанда да қисынға келетін әңгіме айтылуы керек қой. Екіншіден, Қиыр Шығыстағы Амур өзенінің бойында бар-жоғы төрт жүздей ғана жолбарыс тіршілік етеді. Оның тең жартысын Қазақстанға қалай әкелмексің? Айдап әкелуге көнетін қой сияқты жануар болса бір жөн. Жолбарыс деген дала тағысы, аң төресі. Оны жылына екеуін ғана ұстап, өйтіп-бүйтіп әкелгеннің өзінде ол қапасқа, қамауға көндіге алмай арпалысып, көнбей жанын жұлып жеп өлуі мүмкін. Осы арада ескерте кететін жайт, жолбарыстарды Қазақстанға қайта жерсіндіру бағдарламасы бойынша Қиыр Шығыстағы жолбарыс популяциясына зиянын келтірмей, жылына екі-үшеуін ғана ұстап, «Іле-Балқаш» қорығына жеткізу көзделіп отыр. Бұл 6-7 жылға созылатын процесс, осы жыл ішінде жиырмаға жуық жолбарыс қана жерсіндірілсе, аз жетістік болмас еді.
Әңгімені түз тағысынан бастағаннан кейін, қасқыр мәселесін де қозғай кеткенді жөн көріп отырмын. Соңғы кезде аңшылықпен жүйесіз айналысуымыздың салдарынан қазақ даласында қасқырдың тұқымы да біртіндеп құрып барады. Бұрын аңшылық кәсіппен айналысқандар жан-жануар популяциясына зиянын тигізбеу жағын назарларынан тыс қалдырмайтын. Негізінен ауыл-аймақ, ел-жұрттың мал-жанын қорғау бағытында аңшылық құратын еді. Қазір оны хоббиге айналдырып алғандар қарда жүретін техникаларын мініп, бойына бес қаруын асынып, автоматпен де шығып, қасқырды қынадай қырғанын ерлік іске балайды, жиырма-қырық қасқырды жайратып, ортасында қасқайып суретке түсетіндер де кездеседі. Осы есерсоқ әрекетіміз жалғаса берсе, қасқырды да құртып бітіретін шығармыз. Ежелден көк бөрісі жорытқан қазақ даласы сонда ертең қандай күйге түседі? Жолбарысы жоқ, көк бөрісі құрыған даланың қандай қасиеті қалады? Экожүйесіне балта шабылып, табиғаты тозған, аң-құсы жойылған дала кімге пана болады? Осындай нәрселерді ойлаудан қалып бара жатқанымыз жанға батады. Әр адам табиғаттағы аң-құстарымыздың сақталуына күш салып, жойылғандарын қалпына келтіруге тырысса, ұрпағымызға тұмса табиғатымыздың болмысын бұзбай тарту етер едік.
Аманкелді ДӘУРЕНБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты