Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері дәуірінде дамудың басым 10 бағытын айқындап берген бұл Жолдау ел дамуына жаңа серпін бермек.
Қазіргі заман талабының тренді – индустрияландыру, жаңа озық технологияларды енгізудің көшбасшысына айналу талаптарына басымдық берілуі құжаттың ерекше маңызын айқындайды. Индустрияландыру процесінің жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатта негізделуі мақсат етілді. Бұл мақсат елді заманауи талапта алға ілгерілете отырып 30 дамыған елдердің қатарына енуге жол ашпақ.
Жолдау өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделе отырып, елімізді сол талаптар үдесіне сай дамытудың маңыздылығын айқындап берді. Заманауи технологияларды кеңінен қолдана отырып дамудың жаңа белесін бағындыру жолында цифрлық технологиялардың алатын орнына зор басымдылық берілді. Бұл сатыда елдің дамуын цифрлы форматқа көшіру – күн талабындағы басты міндеттердің бірі екендігі айшықталды. Жолдауда көрсетілгендей, осы жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеу қолға алынбақ. Жаңа технологиялық қалып болашақта біздің цифрлық ортада қалай жұмыс істейтінімізді, елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайларын түбегейлі өзгертетіндігін таразылаған Елбасы бұл жаңашылдыққа үлкен ден қойып отыр.
Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған кәсіби мамандар саны көбейсе, бұл еліміз үшін халықаралық бәсекелестік аренада үлкен ұпай болмақ. Бұл міндет тікелей университеттерге тиесілі деп білемін. Стратегиялық құжатта айтылғандай, білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына сай бейімдеу ел дамуына жаңа сілкініс берері анық. Осы талаптар үдесінен шығып, бастамалар жан-жақты орындалғанда Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына ену мүмкіндігі арта түседі.
Ғалым МҰТАНОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры