Президент • 16 Қаңтар, 2018

Еркін Көбеев: Елбасы Жолдауы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнер­кә­сіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы зият­керлік өнімді әлемдік ұдайы жаңғырту құры­лымындағы жаңа технологиялар, үлкен деректер, жаһандық өзгерістер дәуі­рін­де елдің даму бағытын дараландырды.

Еркін Көбеев: Елбасы Жолдауы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Университеттік білім беру саласында жұмыс істейтін барлық тұлғалар үшін елдің жаңа даму кезеңінде Қазақстанның игілігі үшін әлеуметтік-экономикалық өмірінің барлық салаларына жаңа жетіс­тік­тер енгізіліп жатқан кезде, билік басында бұрынғыдай еліміздің азаматы тұрғаны өте маңызды. Білім беру қоғамдастығы алдына Елбасы «барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді» құру міндетін қойып отыр. Президент адамның үнемі жетіліп, білімдері мен дағдыларын жаңарту қабілеттері өмірде жеке табысқа жетуіне және еліміздің гүлденуіне жол ашатынына назар аударады. Университет ректоры ретінде қазіргі студент жастардың цифрлы дәуір жағдайында кәсіби ұмтылыстарын жүзеге асыру үшін зор әлеуеті бар және олардың инновацияларды қабылдауға да­йын екенін дәлелдей аламын.

Мектеп бағдарламаларының маз­мұнын жаңарту – заманауи әлеммен тиімді қарым-қатынас жасауға қабілетті креативті тұлғаны тәрбиелеу. Өскелең ұрпақ бойында технологиялық дәуір жағдайында өмірлік қажеті бар дағдыларды меңгеруге ұмтылуды тәрбиелеу үшін сол идеялар мен мақсаттарға ортақтаса алатын ұстаздарды даярлау қажет. Осыған байланысты Президент «жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер» санын көбейту міндетін қойып отыр.

Президенттің жас ғалымдар үшін ғылыми гранттар аясында квота бөлу туралы сөзін ғылыми қоғамдастық шабыттана қабылдады. Бұл жас зерттеушілер ұрпағының идеяларын іс жүзінде іске асыру мүмкіндіктерінің өрісін кеңейтеді.

Бизнесті, өндірістік секторды қолдан­балы ғылыми-зерттеу әзірлеме­лерін да­йындауға тарту ғылыми идеядан бастап оның нәтижелерін енгізуге дейінгі жолды едәуір қысқартады. Яғни ғылым өңір мен ел үшін маңызды мәселелерді шешуге бағытталады.

Елбасы үш тілде білім беру тәжіри­бесін одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Президенттің жас қазақ­стан­дық­тардың лайықты болашағы туралы қамқорлығын сезінуге болады. «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс».

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мем­ле­кеттік университетінің үштілді кадр­ларды даярлау тәжірибесі бар. Бұл бағ­дар­ламаны меңгерген түлектер табысты жұмыс жасайды, олар ұтқыр, қосымша біліктіліктерге ие болып, үздік шетелдік тәжірибені ықыласпен қабыл­дайды. Қазіргі кезеңде университет мектептерде биология, химия, информатика, математика тәрізді пәндерді ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарды даярлауға кірісті.

Қазақстандықтардың заманауи әлем­дік өркениет шыңдарына қарай бағытталған жолы қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына көшіру арқылы айтарлықтай жеделдетіледі. Осы бағыттағы алғашқы қадамдар қоғамның үмітін ақтап, жағымды пікірлерге ие болды.

Барлық деңгейдегі білім беру жүйесі­нің бүгінгі таңда қалыптасып келе жатқан жаңа парадигмасы енжарлық, үстірттікке, құзыретсіздікке жол бермейді.

Еркін КӨБЕЕВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры

Қарағанды облысы