
Тұтынушының сұранысына сай өнім шығаратын кәсіпорындар да елімізде көбейе түсуде. Мысалы, ағарған алғымыз келсе, алдымен еліміздің қай ауыл немесе ауданында өндірілгеніне назар аударамыз. Оңтүстіктің өнімі табылмаса, Пәкістанның емес, Павлодардың картобына бүйрегіміз бұрады. Түлкібас пен Төлебидің алмасы табылмаса, Қытайдың немесе қырғыздың емес, Алматының апортын іздейтініңіз анық. Күнделікті тұтынатын айран-сүт пен нанның да алыстан емес, жақыннан әкелінгенін таңдаймыз. Әрине ең бастысы сапасына қарайсыз. Осы орайда, яғни жергілікті тұтынушының сұранысын қанағаттандыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысында сүт кластері дамып келеді.
Облыс әкімдігінің ресми мәліметтеріне жүгінсек, оңтүстiк тұрғындары бiр жылда 738,4 мың тоннадан астам сүт және сүт өнiмдерiн тұтынады екен. 2016 жылы жергілікті фермерлер 710,6 мың тонна сүт өндiрiп, облыстағы сұраныстың 96 пайызын қамтамасыз етіпті. Ал былтыр 700 мың тоннаға жуық сүт және сүт өнiмдерi өндiрiлiп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға артқан. Яғни облыста сүт кластерiн дамыту бағытында айтарлықтай жұмыс атқарылуда.
Дегенмен облыс орталығының тұрғындары арасында қолдың сүтi мен айранын жайма базардан немесе үй аралап сататындардан алатындар әлі де аз емес. Оның басты себептерінің бірі бағаның қолжетімділігі мен сапасында болса керек. Яғни заман талабына сай өңделіп, тұтынушы талғамына сай келетін сүт өнімдері миллионға жуық тұрғыны бар Шымкентте әлі де жеткіліксіз. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары азық-түлік, әсіресе ағарған алғанда «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің өнімдеріне таңдау жасайды екен. Әсіресе облыс орталығының тұрғындары ертерек барып алмаса, таусылып қалатынын айтады. Серіктестіктің өз дүкендері де аз емес. Теріскейдегі әріптесіміздің мәліметінше, облыстағы «Зенченко және К» командиттік серіктестігі бұл күндері экологиялық таза, бағасы қолжетімді өнімдерімен танымал, заманауи ауылшаруашылық кластері саналады. Үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар шеңберінде толық автоматтандырылған сүт зауытында күніне 80 тоннаға жуық сүт өңделіп, өнімнің 50-ден астам түрі Ресей қалаларына да жөнелтіледі екен.
Сондай-ақ 7 мың ірі қара бағатын серіктестіктің 30 мың гектарға жуық егістік алқабы, қуаты 1,5 мегаватт 2 жел энергиясы қондырғысы бар. 700-ге жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Осы «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің өнімдерін көршілес Көкшетау қаласының, елордамыз Астана қаласының тұрғындары да көп тұтынады. Серіктестік өнімдерін жарнамалайын деп отырғанымыз жоқ. Айтайық дегеніміз, үш миллионға жуық халқы бар оңтүстікке осындай бір шаруашылықтың қажеттігі еді. Әйтсе де...
Оңтүстікте бәрі бар, ағарған да, көкөніс те, ет те жетерлік. Мысалы, Ордабасы ауданында орналасқан «Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасы тәулігіне 50 тонна сүт өңдеуге қауқарлы кәсіпорынды іске қосып, қаймақ пен айран, балаларға арналған йогурттың 6 түрін шығаратын болады. «Бадам» индустриялық аймағындағы ең соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған кешендi сүт фермасында Голландиядан әкелiнген сүттi сиырларға барлық жағдай жасалған. Тауарлы-сүт фермасына 2,4 млрд теңге инвестиция құйылған. Асыл тұқымды «гольштейн фриз» сиырының 700-і бар. Әр сиырдан тәулiгiне 30-40 литр сүт сауылады. Бiр тәулiкте шамамен 10 тонна сүт жиналады. Ал өз жұмысын 1998 жылы бастаған «Алтын дән» кәсіпорны ел нарығында ұн және сүт өнімдерін өндіруде көшбасшылардың қатарында. Өнімдері алыс-жақын шетелдерге де экспортталады. Онда жылына 8 мың тоннаға жуық макарон, 981 тонна сүт, 154 тонна ұн өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ «Сайрам сүттің» өнімдері де сұранысқа ие.
Соңғы мәліметтерге жүгінсек, облыста сүт шаруашылығымен айналысатын iрi компаниялар саны артып келедi. Олар өз иелiгiндегi iрi қаралардан бөлек ауылдар мен елдi мекендердегi жеке қолдағы сиырлардың да сүтiн қабылдайды. Былтыр облыста халықаралық талаптарға сай 46 сүт қабылдау бекетi ашылған. Шұбат, қымыз өндірісі де дамып келеді. Мысалы, Арыс қаласындағы «Желмая» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне қарасты түйе сүтін өңдейтін цех тәулігіне 1,5 тонна шұбат дайындауға қауқарлы. Төле би ауданында қымыз өндіру саласы қарқынды дамып, соңғы 3 жылда жылқы басы 4500-ге жеткен. Айта кетелік, 2016 жылы мемлекеттік қолдау шаралары 16 шаруашылыққа көрсетіліп, шаруалар жалпы 678 тонна қымыз өндіргені үшін 26,8 млн теңге субсидия алыпты. Былтыр осы бағыттағы шаруашылықпен айналысатындар қатары артып, 24 бірлікті құраған. Оларға 31,5 млн теңге көлемінде мемлекеттен субсидия беріліпті. Ал Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауыл округiне қарасты «Қаратас» ауылшаруашылық өндiрiстiк кооперативi маңынан «Фуд Мастер» компаниясы көлемі 1,2 тонналық сүт қабылдау бекетін орнатқан. Сондай-ақ кооператив мүшелерi 5 миллион теңге тұратын, сыйымдылығы 2 тонналық модульды сүт қабылдау бекетiн сатып алыпты. Оның 50 пайызын мемлекет субсидиялаған. Осыдан бір жыл бұрын құрылған кооператив Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 130 миллион теңге несиеге 700 сауын сиыр сатып алған. Кооператив сүттi бағыттағы малды көбейтiп, тәулiгiне 3 тонна сүт өткiзуді көздеп отыр. Модульды сүт қабылдау бекетiнде арнайы зертхана мен тоңазытқыш бар. Мұнда өткiзiлген сүттiң құрамы зерттелiп, сапасы тексерiлгеннен кейiн ғана «Фуд Мастерге» жiберiледi.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған және нақты мақсат пен міндет айқындалған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-қадамында сүт және сүт өнiмдерi өндiрiсiн дамыту көзделген. Сондай-ақ бағдарламада ТМД елдерi нарығына шығарылатын өнiмдердiң жартысына дейiнгi экспортын қамтамасыз ету қажеттігі көрсетiлген. Бұл мiндеттi орындау үшiн облыста сүт қабылдау бекеттерiн көбейтумен қатар, сүттi сиыр тұқымын асылдандыру бағытындағы жұмыстар да қарқынды атқарылуда. Яғни сүт өндiрушi компаниялар шетелден де асыл тұқымды сиырлар сатып әкелуде. Мысалы, Арыс қаласындағы «Қазына жер LTD» ЖШС-де бүгiнде асыл тұқымды мал саны 900-ге жуықтаған. Мамандардың айтуынша, мұнда әр сауын сиырдан күнiне орташа есеппен 25 литрден сүт алынады. Ал Ордабасы ауданындағы «Бөрте Милка» ЖШС Венгриядан асыл тұқымды 272 iрi қара сатып алып, жаңа технология бойынша әр сиырдан орта есеппен 30 литрден сүт алуда. Сарыағаш ауданындағы «Фирма Сәкен» ЖШС, Сайрамдағы «Гүлжәмила» ЖШС, Түлкiбастағы «Дос би» ЖШС және Төлеби ауданындағы «Атамекен НАН» ЖШС-де де сүттi сиырлар саны арта түсуде. Айта кетелік, облыста мал басы, оның iшiнде iрi қара саны көбейген. 1991 жылы облыстағы iрi қара саны 464 300 болса, өткен жылы 930 мыңнан асқан.
Мемлекет тарапынан сүт өнімдері және оны өңдеу саласын жандандырғысы келетiн шаруашылықтарға, жалпы ауыл тұрғындарына қолдау көрсетiлуде. Әрине, ең бастысы, жоғарыда айтып өткеніміздей, сапаға екпін берілуі тиіс. Сондай-ақ шаруа қожалықтары мен кооперативтердің, сүт өндiрушi компаниялардың бастамаларын ғылыммен ұштастыруы да маңызды. Демек, халқы көп оңтүстіктің орталығында аула аралап, бұрын қолданыста болған «баклажкамен» ағарған сатушыларға заманауи бәсекелестердің көп болғаны жөн. Иә, оңтүстікте ақ мол, алайда солтүстік аймақтың жұрты мақтан тұтатындай және өнімдерін таласа сатып алатындай кәсіпорын әзірге аз болып тұр. Заман талабына сай құтыларға құйылған және сұранысқа ие Түлкібастың қаймағы, Төлебидің немесе Қазығұрттың қымызын кейде таба алмайсыз. Шүкір делік, Алматы мен Петропавлдың сүт-майын, Талдықорғанның ірімшігін тұтынатындар көп. Облыс тұрғындарының сұранысын толықтай дерлік қанағаттандыратын «Зенченко және К» секілді серіктестік қажет-ақ дейтініміз де сондықтан. Бұл орайда, оңтүстік тұрғындары облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы статистикалық мәліметтермен ғана тұтынушыларды «тойғызбай» нақты бастамаларды жүзеге асырады деген үмітте. Әйтпесе сүт кластерін дамытуға мүмкіндік те мол.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»