Фото: Валерий БУГАЕВ
Еуразиялық Топтың (ERG) құрамындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жаңа буын кәсіпорыны саналады. Ол жоғары сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беретін, елімізде бастапқы алюминий өндіре алатын қазіргі заманғы технологиялармен жабдықталған алып өндіріс орны болып табылады. Еліміздегі индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруда жасампаздықтың онжылдығына жеткен өндіріс орнының мерейтойымен құттықтауға Еуразиялық Топ, облыс басшылығы қатысты.
– Бүгінгі күні «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ сияқты ерекше жобамен әр ел, әр қала мақтана алмас. Ал мен осындай ерекше жобаны Павлодар өңірінде іске асырдық деп мақтанышпен айта аламын. Біріншіден, бұл жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асты. Екіншіден, Президентіміздің арман-жігерімен Қазақстанды гүлденген елдер қатарына қосуға асыққан ұмтылысының нәтижесінде мүмкін болды. Әрине, бастапқыда қиындықтар да кездесті. Тоқырау да болды, металл бағасы да түсіп кетті. Тіпті әлемдегі кейбір электролиз зауыттары жабылып та қалды. Бірақ «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ сынақтан өтті. Неге? Өйткені зауыт жоғары сапалы өнім шығарады, өнімнің өзіндік құны төмен, ал зауыт металлургтері, қызметкерлері өздерінің жұмысына кәсіби тұрғыда шын берілген, – деді Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы А.Машкевич.
Иә, айтса айтқандай, еліміз серпілісті жаңа даму дәуіріне қадам басты. 2007 жылы желтоқсан айында 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіретін жоғары қуаттылығы бар алып зауыттың алғашқы кезегі іске қосылғанын жоғарыда айттық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы шара кезінде:
«Қазақстанның жеке өзінің алюминийін шығару менің арманым еді. Бұл сіздердің де армандарыңыз болатын. Міне, сол арман орындалды. Қазақстан өзінің жоғары сапалы дайын алюминийін шығаратын дәрежеге жетті», деген еді. Зауыттың екінші кезегі 2010 жылдың 24 маусымында салтанатты түрде іске қосылды. Сол шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «жалпы мұндай ірі зауыт салуға он-жиырма жыл уақыт қажет. Алайда электролиз зауытының әрбір кезегі небәрі екі жарым жыл ішінде салынды. Бұл осында жұмыс істеген құрылысшылардың, металлургтердің ерен еңбегінің үлгісі», дегені есімізде.
Сөйтіп зауыт жылына 250 мың тонналық бастапқы алюминий өндіретін қуатқа қол жеткізді. Қазіргі уақытта зауытта заман талаптарына сай экологиялық қауіпсіз және ең соңғы технологияларды пайдалану арқылы прогрессивті алюминий өндіру технологиялары қолданылуда. Халықаралық стандарттарға сай отандық алюминий өндіруде. Өндірілген бастапқы алюминий ресми түрде Лондон металл биржасында тіркелген.
Зауытта 20 келілік А8 және А85 маркалы алюминий кесектері дайындалады. Өндіріс орны халықаралық экологиялық талаптарға сай келетін жаңа заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Технологиялық операциялардың тиімділігін арттыруға, электролиздердің жұмыстарына жүйелі мониторинг жүргізуге, газ тазалағыш құрылғыларды, құю цехы мен көмекші нысандарды дер кезінде реттеуге мүмкіндік беретін жаңа зауыттың барлық технологиялық үрдістері автоматтандырылған басқару жүйелерімен бақыланады. Бұл күндері қазақстандық өндірістің үлесін арттыруға, елдің, облыстың эспорттық әлеуетін көтеруге және де қажетті өндірістер құруға, инфрақұрылымды дамытуға, өзге де оң істерге жол ашылуда.
Бүгінде электролиз зауытында 2 537 адам жұмыс істейді. Олар жасаған өнімге құю цехынан соң Қазақстанда шығарылғанын білдіретін белгі соғылады. Электролиз зауытының салынуы республикамызда металлургия кластеріне жол ашып отыр, бұған дейін сазбалшық өндірумен шектеліп келген еліміз енді тың өндірісті толық игеруде. Алюминий құймасынан дайын өнімдер де шығарылуда.
Зауыт – бұл біздің өміріміз. Бізбен бірге 400-ден астам металлург әріптестеріміз кәсіпорын ашылғалы бері еңбек етіп келеді. Өндіріссіз басқа өмірді көз алдымызға елестете алмаспыз. Кәсіпорнымызбен әрқашан біргеміз дейді еңбеккерлер.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы