Бірақ осы атамекен деп аңсап, ана тілін қызғыштай қорғап келген ағайынның соңғы жылдары бастан кешіп отырған қиындығы да бар. Соның бірі – Талғат Ахметов. көшіп келгелі оның Астана мен Рудныйдың арасында жүріп, соттың, прокуратураның, министрліктердің есігін тоздырғанына төрт жылға жуықтады.
– Өзбекстанда қызмет істедік, өзбек ағайынның арасында хал-қадерімізше абырой-беделден де құр алақан емес едік. «Қартайған түйе ботаның соңынан ереді» деген ғой, қазақ мектептері жабылып, жастардың жаппай атамекенге қарай көңілі ауған соң, біз де балаларымыздан қалмай Рудный қаласына көшіп келген едік. Осында келгелі мен балаларымның мойнында отырмын, өзімнің бүкіл азаматтық құқымнан айырылдым, – дейді Талғат Ыбырайымұлы. Ол қалай болған еді?
Талғат Ахметов Өзбекстанның Науаи облысының Зарафшан қаласынан Рудныйға 2014 жылы көктемде көшіп келеді. Өздерінің қаржысына үй сатып алады. Бірақ алты айға дейін ықтиярхат ала алмағандықтан, жалпы ешқандай құжат берілмегендіктен олар жұмысқа да тұра алмайды, тіпті басы ауырып, балтыры сыздағанда дәрігерге де көріне алмайды. Сол алты айдың ішінде Талғат науқас әйелі Гүлнарды дәрігерге қарата алмай, ауруханаға жатқызуға мүмкіндік таппаған азапты күндерін әлі ұмыта алар емес. Оның соңы қайғымен бітті, уақытылы ем ала алмаған Гүлнар күзге салым қайтыс болды.
Талғат Ахметов Өзбекстанның ішкі істер саласындағы қызметін Кеңес Одағы тұсында бастап, 25 жылдан астам өтілімен сол мемлекеттің заңнамасына сай 41 жасында майор шенімен зейнеткерлікке шыққан болатын. Ықтиярхат қолға тиіп, үйге түпкілікті тіркелгеннен кейін, ол облыстық ішкі істер департаментіне зейнетақы алу үшін құжаттарын тапсыруға барады. Осы жерден басталған кілтипанның әлі шешімі табылған жоқ.
– Маған облыстық ішкі істер департаментіндегілер «Қазақстанның заңы бойынша сізге зейнетақы тиісті емес. Қазақстанда зейнеткерлікке 45 жастан, 25 жыл қызмет өтілімен шығады, Өзбекстанның заңымен сәйкес емес» деді. Бірақ бізден бұрын көшіп келген жігіттер зейнетақыларын Қазақстанда да алған болатын. Мен бұл мәселені Ішкі істер министрлігіне де жазып, олардан да осындай мазмұндағы жауап алдым. Енді не істеуім керек? Амалсыз Рудный қалалық сотына жүгіндім, – дейді Талғат Ыбырайымұлы.
Ол Ішкі істер министрлігіне арыз жазғанда «Ашғабад келісімін» алға тартты. 1993 жылы 24 желтоқсанда Тәуелсіз елдер достастығына мүше 12 елдің президенттері Ашғабадқа жиналып, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердегі ішкі істер қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен және мемлекеттік сақтандырумен қамтамасыз ету тәртібі туралы» мемлекетаралық келісімге қол қойған болатын. Олардың арасында Қазақстан мен Өзбекстанның президенттері де бар және бұл құжат Қазақстан мемлекеті тарапынан ратификацияланды. Бірақ министрлік арызданушының бұл дәлелін ескерген жоқ. Рудный қалалық соты осы құжаттағы экономикалық тармақтарға сүйене отырып, Талғат Ахметовке зейнетақының берілмеуін министрлік тарапынан кеткен қателік деп мойындап, азаматтың құқын қалпына келтіріп, министрлікті оған зейнетақы төлеу мәселесін қарауға міндеттеп, шешім шығарды. Ал Ішкі істер министрлігі соттың бұл әділетті шешімімен келіспей, істі апелляциялық сотқа береді. Облыстық апелляциялық сот алқасы, одан соң Қостанай облыстық кассациялық сот алқасы Рудный қалалық сотының шешімін күшінде қалдырады. Осы шешім күшіне енгеннен кейін, Талғат Ахметов өзіне тағайындалған зейнетақыны, зейнеткер куәлігін алуға қол жеткізді. Ол бір жарым жылдай зейнетақысын алып тұрды.
– Қазақстанда әділеттілік бар екен ғой деп ойлап жүрдім. Көшіп келген уақыттың ауырлығынан да жеңілденгендей сезінген едім. Бірақ мұның барлығы да уақытша екен, сергелдеңге қайта түстім, Ішкі істер министрлігі 2015 жылы 24 маусымда кассациялық арыз берді де, Жоғарғы соттың шешімімен зейнетақы қайтадан төленбейтін болды, – дейді Талғат Ыбырайымұлы.
Атамекен деп келіп, азаматтық құқынан айырылып, қиналып жүрген Талғат жалғыз емес екен. Өзбекстаннан Жамбыл облысына көшіп келген тағы бір әріптесі Азамат Жүсіпбеков дәл осындай күйді бастан кешіп жүр.
– Азамат та мен сияқты Өзбекстанның ішкі істер саласында 20 жылдан астам қызмет етіп, 41 жасында зейнеткерлікке шыққан екен. Менің бұл істе «тәжірибе» жинап қалғанымды таныс жігіттерден естіп, ол маған хабарласты, көмек беруім-
ді өтінді. Мен оның заңды өкілі болып, іске кірістім. Екеуміздің ісіміз өте ұқсас болғандықтан іздене түсейін дедім, – дейді Талғат Ыбырайымұлы.
Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті Азаматқа 2010 жылғы 22 қазанда шыққан бұрынғы министр Серік Баймағанбетовтің 12/3. 1434 деп белгіленген «Тәуелсіз елдер достастығынан келген қызметкерлерге сол жақта тағайындалған зейнетақылары төленбесін» деген бұйрығын алға тартады. Бұрынғы министр мұндай нұсқауды қандай құжатқа сүйеніп бергені белгісіз, әйтеуір оның тарапынан болған заңсыз әрекет екені даусыз дүние. Президенттер қол қойған халықаралық Келісімнің 5-бабында «Тараптар өз мемлекетіндегі қызметкерлерді және олардың отбасын зейнетақымен және ішкі істер органдары қызметкерлерін мемлекеттік қамтамасыз ету туралы қабылданған заңды актілер, оларға енгізілген өзгерістер жөнінде әрекет етіп отырған нормативтік құжаттар туралы өкілетті органдар арқылы бір-біріне хабарлап отыруы, сонымен қатар осы мәселелер жөнінде ынтымақтастықты жүзеге асыруы керек» деп көрсетілген. Талғат та, Азамат та қоныс аудару үшін Өзбекстандағы жергілікті ішкі істер басқармасына барғанда оларға Қазақстанда зейнетақысын ала алмайтыны туралы ешқандай ақпарат берілмеген. Демек, Қазақстан жағы да орын алған өзгерістер жөнінде Өзбекстанға дер уақытында хабарламаған деген сөз. Талғат амалсыз Ташкентке барып, республиканың Ішкі істер министрлігінен осы жағдай туралы анық-қанығын сұрастырды. Олар Өзбекстан республикасында тұрақты тіркеуге тұрған жағдайда ғана зейнетақы төленетінін айтып, ресми жауап жазып берген. Бұл деген көшіңді артқа қайтару емес пе?
Енді атажұртқа келіп, аңырып қалған екі жігітке түсініксіз жайлар да жеткілікті. Азамат Жүсіпбековтің ісін қайта қарап шығу үшін Ішкі істер министрлігі Жоғарғы соттың қадаға лаушы сот алқасына өтініш хат түсірген. Азаматтық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының мүшелері хатты қарап, Ішкі істер министрлігінің талабы дұрыс еместігін, бұл туралы қайта іс қозғаудың қажеті жоқтығын, зейнеткерге зейнетақысын беру керектігі жөнінде шешім шығарып, алқа мүшелері қол қояды. Осы шешімнен 9 ай өтіп кеткеннен кейін Ішкі істер министрлігі Бас прокуратураға шағым түсіреді. Ал еліміздің тағы да сол Азаматтық процессуалдық кодексінің 436-бабы 1 бөлімінде айтылғандай, наразылық туралы өтініш сот шешімі шыққан соң алты айға дейін жасалуы тиіс еді. Сондықтан министрліктің 9 айдан кейін берген өтініш хаты заңсыз болатын. Соған қарамастан, сол кездегі Бас прокурор Асхат Дауылбаев та осы өтініш хат негізінде Жоғарғы сотқа кешіккен наразылығын жолдайды. Бұл қай заңға сыяды?
– Мен Азаматтың заңды өкілі болғандықтан бізді Жоғарғы сот шақырды. Санаулы минуттардың ішінде «бәрі де заңсыз, шешімнің барлығы бұрынғы күйінше, өзгеріссіз қалады» деп екеумізді де айдап шықты. Жоғарғы сот екі елдің заңы екі түрлі деген уәжді айтып, Экономикалық соттың 2015 жылғы 26 қарашадағы түсіндірмесінің 2-тармағындағы: «егер көшіп барған елдің заңнамаларына сәйкес келмесе, ішкі істер органының бұрынғы зейнеткеріне зейнетақыны ол көшіп барған ел төлемейді, оған зейнеткерлік тағайындаған ел төлейді» дегенді алға тартты. Біздің ісіміз 2014 жылы қаралды, ал бұл түсіндірме одан бір жылдан кейін шығып отыр ғой? Ал Жоғарғы соттың 2003 жылғы 20 наурыздағы №2 Нормативтік қаулысының 30-бабында: «Тараптар ұсынғанымен бірінші немесе апелляциялық сатыда сот зерттемеген дәлелдер негізінде күшіне енген сот актілерін соттың кассациялық сатысының өзгертуге және оның күшін жоюға құқы жоқ. Осыған сәйкесті негізде қайта ашылған жағдайда сот актісі қайта қаралуы мүмкін» делінген. Бұлай болса, істі соттың бірінші сатысынан қайтадан бастау керек емес пе? Қисынға келмейді. Сонда қараңыз, Жоғарғы соттың түсіндірмесі мен қаулысы бір-біріне қарсы шығып отыр емес пе? – дейді шаршаған Талғат Ахметов.
Өзі де, әріптесі Азамат да соттан әділдік таппаған соң, олар енді жағдайды Президент әкімшілігіне жазған болатын. Жақында Президент әкімшілігі істі Бас прокуратураға жіберді. Олар жыл аяғында Астанада болып, Құқықтық қорғау орталығында Қайрат Мәмидің қабылдауына өтініш білдіріпті. Бірақ істің арты немен бітері белгісіз.
Талғат Ахметов биыл 59 жасқа толады. Рудныйдың маңайында оны еш жер жұмысқа алған жоқ. 2016 жылы 14 шілдеде Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барып, жұмыссыз ретінде тіркелген болатын. Бірақ жәрдемақыдан тағы шеттетілді. Себебі оның әлеуметтік жәрдемақы алуына орташа айлық табысының жинағы жоқ. Бұл енді қарапайым адамға белгілі жай болса керек, ғұмыр бойы өзге елде тұрып келген азаматта қандай табыс жинағы болуы мүмкін? Сонымен атажұрт, атамекен деп келген азамат зейнетақы, жәрдемақы алу құқынан айырылып отыр. Қостанайға шетте жүрген ағайындар тек Өзбекстаннан ғана емес, көбіне Ресейден де көшіп келіп жатыр. Бірақ олардың құжаттары еш кедергісіз өтеді, мұндай проблема тумайды.
Дегенмен, Талғат Ахметов жақсылықтан үмітін үзгісі келмейді. 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы игі шара аясында ауылы аралас, қойы қоралас іргелес әрі туыс екі ел арасында көші-қон шеңберіндегі өзекті мәселелердің бүге-шігесіне дейін реттелер, нүкте қойылар деп біледі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
РУДНЫЙ