Бұл жерде әңгіме бар саналы өмірін халқына, еліне қызмет етуге арнап, оның игілігін арттыру жолында беріле қызмет еткен, сөйтіп абырой биігіне көтеріле білген Қызыр Ыбырайұлы Жұмабаев жайында. Бүгінде мерейлі жетпіс жасқа жетіп, еңбегінің зейнетін көріп отырған осындай атпал азаматпен ол Біржан сал (бұрынғы Еңбекшілдер) ауданында аупарткомның бірінші хатшысы болып қызмет атқарған кезде бірге қоян-қолтық еңбек ету сәті бұйырды маған.
Жаңа бірінші хатшы келісімен бірден іске кірісіп, орын алған кемшіліктерді жою, ауыл шаруашылығын өрге бастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін айқындап, оларды жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледі. Бұл жоба кейін «Ауыл», «Мәдениет-90» бағдарламаларында ресми құжат түрінде көрініс тауып, олардың әрбір тармағының орындалу мерзімдері мен оған жауаптылар анықталды.
Бағдарламаны нақты жүзеге асыру барысында айналасы үш жылдың ішінде ауданда кеңшарлармен қатар ұзын саны 20-дан асатын шағын ауылдарда да тұрмыс күрт жақсарып сала берді. Олардың барлығына жаңадан жол, байланыс тартылып, клубтар, моншалар салынып, емдеу пункттері, балабақшалар ашылды. Еңбек жағдайын жақсартуға да жете көңіл бөлінді. Бөлімшелерде бұрын-соңды болмаған жабық гараждар, техника жөндеу шеберханалары, мал қоралары бой көтеріп, егіс бригадаларында тамақтанатын, демалатын, жуынатын бөлмелеріне дейін бар дала қосындарында механизаторларға, малшыларға өнімді жұмыс істеу үшін мүмкіндік туғызды. Міне, сөйтіп тың көтеру жылдары Қазақстанға сырттан келгендер үшін тек орталық қоныс-жайларда ғана тұруға жағдайлар жасалып, қазақ ауылдарының назардан тыс қалушылығы осылайша жойылып еді. Бұған қоса, шағын ауылдарда 10 бастауыш мектеп қазақ тілді орта және орташалау мектептер болып қайтадан құрылды.
Қызыр Ыбырайұлының үнемі назарында ұстаған мәселесі тұрғын үй құрылысын өркендету болды. Бұрындары да үйлер салынып келген-тін. Бірақ сонда да, әсіресе кеңшарларда, диқан, малшы қауымды айтпағанда, мұғалімдер мен дәрігерлерге баспана жетпей жататын. Осы кемшілікті жою жолында ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Алдымен құрылыс кооперативтері құрылып, кірпіш жасау цехтары іске қосылды, құрылыс саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Соның нәтижесінде құрылыс ісі өркендеп, әр жылда 23 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй тұрғызылды. Салыстыру үшін айтсақ, сол кезде облыстың қай ауданын алсақ та оларда бір жылда салынған тұрғын үй көлемі 6-7 мың шаршы метр-
ден аспайтын.
Кеңшарлармен қатар аудан орталығы – Степняк қаласы да айтарлықтай көріктенді. Қала тарихында алғаш рет 150 орындық «Ертөстік» қазақ балабақшасы өз есігін айқара ашты. Аудан орталығында әлеуметтік ахуалдың, әсіресе тұрғын үй құрылысының өркендеуіне бірінші хатшының тың шаралар қолданғанын ерекше атап өтпеске болмайды. Ол кәсіпорындар мен мекемелер басшыларының әрқайсысына ішкі өндірістік мүмкіндіктерді пайдалана отырып әр жылда кемінде 2-3-тен үй салып отыру міндетін жүктеп, бұл тапсырмасының орындалуын өзі қатаң бақылауға алды. Сөйтіп аудан орталығында жыл сайын кемінде 20-25 үй пайдалануға беріліп, көптеген тұрғындар жайлы баспанаға қол жеткізіп еді.
Әлеуметтік саламен қатар, ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға да ден қойылды. Қалада Көкшетау тігін фабрикасының бөлімшесі, жаңа нан зауыты, Казгородок ауылында 50 адам жұмыс істейтін жиһаз құрастыру цехы, шағын ет комбинаты, Васильковка кенішінің көкөніс өсіру шаруашылығы және басқа да жаңа жұмыс орындары ашылды.
Міне, осылайша мәдени-әлеуметтік проблемалардың табысты шешілуі кешікпей ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізуге тікелей ықпал етті. Жыл сайын сүт пен ет өндіру орта есеппен 3-5 пайызға тұрақты артып отырды, ал 1990 жылы егіннің әр гектарынан 18,5 центнерден астық алынып, бұл көрсеткіш бойынша облыста ең астықты деген өңірлердің қатарында болғанымыз әлі есімде.
1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне алғаш рет баламалы сайлау науқаны басталғанда аудан тұрғындарының депутаттыққа кандидат етіп Қ.Жұмабаевты бірауыздан ұсынуы және оның сайлау күні қарсыласын басым дауыспен жеңіп шығуы халық алдындағы үлкен беделі мен оған деген шүбәсіз сенімінің айқын көрінісі болды. Ол халық берген жоғары өкілеттілікті өз басыма қонған бақ деп бағаламай, оны жұрт игілігіне барынша тиімді жұмсауға тырысты.
Егемен елдің іргетасын қалаудың саналуан қиыншылықтарға толы алғашқы кезеңі Қызыр Ыбырайұлының Көкшетау облысының әкімі болып қызмет атқарған жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол 90- жылдардағы жаңа мемлекетті қалыптастырудағы күрмеуі мол қиындықтар кезінде жаңа әкім облыстар арасында бірінші болып Көкшетау қаласында қазақ драма театрын ашты, облыстық аурухананың терапиялық корпусын салдырды. Сонымен қатар дүлдүл ақын, сазгер әнші, Біржан салдың 150 жылдық мерейтойына орай, Степняк қаласында оның сүйегі жатқан жерді өзара үйлесім тапқан архитектуралық ансамблі бар алаңға айналдырып, бабамызға əдемі ескерткіш орнаттырды. Көкшетау қаласында, жұмысшы жастардың кешкі мектебі басқа жайлы мекенге ауыстырылған кезде, босап қалған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, онда даңқты жерлесіміз, майдангер, Кеңес Одағының Батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің 80 жылдығына орай көркемделіп жасалған мұражай аштырды.
Нарықтық қатынастар өмірімізге енді ғана дендеп еніп, күнделікті тұтынатын ең қажет тауарлар жетпей жатқанда, облыс әкімі өзі Түркияға барып сабын, кір жуатын ұнтақ, шампунь және басқа да гигиеналық заттарды жасау технологиясын алып келіп облыс орталығында осы өнімдерді шығаратын цехты іске қостырды. Осындай қиын уақытта, әсіресе қыс кезінде, қаланы жылытуда қиыншылықтар туындаған шақта, бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қуатты екінші қазандықты іске қостыруы айтарлықтай іс болды. Осы игіліктерді Елбасымыз Көкше өңіріне арнайы келіп өз көзімен көріп, облыстық ауруханаға заманауи үлгідегі томограф құрылғысын сыйға тартып, ризашылығын білдірді.
Сөз орайында Қ.Жұмабаевтың 1981 жылы КОКП-ның ХХVІ съезіне делегат болып сайланғанын, еңбегі жоғары бағаланып, кеудесіне Халықтар достығы орденін таққанын, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметін абыроймен атқарғанын айта кеткен жөн. «Өнерді үйрен де жирен», дейді дана халқымыз. Қадірлі ағамыз 1999-2007 жылдар аралығында Қазақстанның Өзбекстандағы консулы, уақытша сенімді өкілі қызметтерін атқарған кезде де жаңа қырынан танылды. Көрші бауырлас елмен тығыз қарым-қатынастар орнатуға өз үлесін қосты, абыроймен зейнеткерлікке шықты, Елбасы арнайы алғыс хатында елге сіңірген еңбегі үшін өз ризашылығын білдірді.
Бұлай деп тек ары таза, намысы биік адам ғана айта алса керек.
Орынбай ШӘЙКЕНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері