Әдебиет • 17 Қаңтар, 2018

«Абыз» ұғымының аясы кең

3281 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгінде газет-журналдар мен теледидарларда аты шыққан танымал ақын-жа­зушы мен ғалымдарды пәленше абыз, түгенше абыз дейтін абыздар күн өткен сайын балалап көбейіп бара­ды.

«Абыз» ұғымының аясы кең

Тіпті әйел кісілерді де абыз дей бастадық. Осыған қарағанда есте жоқ ескі замандардан бермен қарай өте сирек қолданысқа түскен қастерлі абыз атауының мән-мағынасын жете тү­сінбей, өте үстірт қарап жеңіл­де­тіп алған тәріздіміз. Өйткені консер­ва­то­рияның қобыз класын бітірген өзі қа­ра қобызды құйқылжыта арқаланып тар­татын жас ғалым Әсем Бұрханқызы Мұ­хаметжанның «Абыздан қалған асыл­дар» (Алматы «Алаш» баспасы, 2006 ж., 182-бет) деп аталатын ғылыми мо­но­графиясын оқысаң, осы пікірге ерік­сіз келгендей боласың. Әсемнің ой қорытуына қарағанда, Абыздар интуитивтік сана-сезімнің иесі, Қор­қыт және Қорқытқа дейінгі абыздар дү­ние­танымы жағынан қарағанда олар­дың бәрі де таза тәңірлік діннің же­текші өкіліне жатады екен. Бұл – та­рихи шындық, еш қоспасы жоқ сол ке­зеңнің дүниетанымы абыздар туын­дысы арқылы синкретті өнерден өз көрінісін тапқан, қайталанбас рухани құндылықтың өзегіне айналған бірегей құбылыс. Атақты филолог ғалым Қ.Жұбановтың танымында: «...ескі кездегі шамандарды абыз, – деп «ру бастықтары, ру ақсақалдары, «бақсы-балгерлер мен қобызшы, домбырашы, әншілердің барлығы да абыздардан өрбіген», – деп абыздың синкретті өнер өрісін кеңейтіп, оның өмірге өріс жаюының негізі қайда жатқанын нұсқай көрсетуінің елеулі мәні бар құбылыс.

Абыз тұлғасының өте көне тарих қойнауында қалыптасып жетілген тү­рін танып білмей, бүгінгі абыз ұғы­мы­ның түп мағынасына дендей алуы­мыз екіталай. Заман ағымын алдан болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөй­лесе төгілген шешен, ой ойласа кө­ріп­­кел көсем, халқының рухани әлем­і­нің өзегіне айналған бірегей кетпен тұ­яқ кемеңгер тұлға ғана абыздық дең­гейге жете алған. Мұндай тұлғаның бол­мысын б. з. б. дәуірде ғұмыр кеш­кен Үйсін мемлекетінің билік пи­ра­ми­да­сындағы 9 сатылы биліктің алтын­шы са­тысынан ойып тұрып орын алған абызд­ы мемлекеттік жоғары билік са­тысындағы қызметтен көре аламыз. Бұл жайлы нақтылы жазба дерек көз­дері де б. з. д Қытай жылнамаларында жазылған, ресми түрде хатқа түскен құжаттар қабатынан ұшырата аламыз. Мысалы, Қытайдағы Үрімжі қа­ла­сында 2005 жылы қытай тілінен қа­зақ тіліне аударылып басылым көр­­ген «Ежелгі Үйсін елі» деп атал­а­тын ғылыми еңбекте Абыз туралы аз болса да саз ғана өте сирек дерек көз­дері ұшырасады. Осы кітаптың 271-бетінде «Үйсін елінің билік жүйесі» деген тақырыппен берілген Үйсін мемлекетінің мемлекетті басқару пирамидасындағы ең негізгі 9 сатылы қабаттан тұратын, яғни оларды 15 лауазымды ұлық бірлестігі ең биік бүкіл мемлекеттік билік орындарын меңгеретіні жазылған. Бірінші орында тұрған ең биік шешуші орын – елбасы, яғни ол Күнби деп аталады, 2- Дулы (дұғлу) – бас уәзір, 3- қолбасы, 4- тайпа басшылары, 5- Дарту яғни бас жасауыл, 6-шы орында – Абыз (бас бағамдар) 2 адам тағайындалған, 7-Ұлыс бегі, 8-Орда бегі, 9-Атқосшы (әмір сарбазы). Тоғыз дәрежеге бөлінген өкіметтік ұйымды орталықтанған 15 ұлық бірлігі меңгеріп, басқарып отыратын болған.

Осы билік иелерінің ішінде абызға қоғам өмірінің дүниетанымдық, идео­ло­гиялық өміріне басшылық ету тап­сы­рылуы себепті, абыздардың өзі өза­ра «Бас ақылгөй абыз» (180-бет); «Санаткер абыз» (215-бет); «Төреші абыз» (370-бет) деп аталып, олар өздеріне тиісті салаға басшылық еткен. Бас ақылгөй абыз – Күнбиге кеңесші ақылгөй болумен бірге көріпкелдік қасиеті басым, өнер иесі, қоғамның келешек тағдырын барлап, қандай тағдырға ұшырарын болжап отырған. Санаткер абыз табиғаты шамасы синкретті өнер атаулының бет алысын, даму жолын танып білу жолында бойына біткен өнердің күшімен қалың үйсін елінің рухани ұйытқысына айналып, қауымын күнби саясатының маңына сүттей ұйытып отыруға ұмтылған. «Төреші абыз» – қоғамның юриспруденциясына жөн сілтеп, төрешілік етіп отыруына қарағанда, қазақтың атақты билерінің түп төркіні мен билік қызметі осы абыздықтан әуже алып жатқандай. Әрине, бұлардың бәрі де тәңірлік дүниетаным негізіне сүйеніп, қоғамдық санаға сол тұрғыдан бағыт-бағдар берсе керек. Өйткені қоғам мүшелерін рухани тұтастықта ұстап, осы мақсатқа ұйытып отыру міндеті олар үшін әрі қоғамның саяси-әлеуеттік мүддесі үшін шешуші әрі басты парызы ретінде саналған. Үйсін тарихының б. з. б. III ғасырдан б.з X ғасыр арасындағы 1200 жылдық тарихы Қытай жазба дерек­терінде хатқа түсіп сақталып, біз­ге жетті. Мемлекетті басқарудың 9 дә­режелі сатысы өзгеріссіз дәстүр ре­тін­­де жалғасын тауып абыздар атқа­ра­тын тәңіршілдік дүниетаным негі­зін­­де қо­ғамның рухани тұтастығын сақ­тау па­рызы өзгеріссіз сақталып, V-VIII ғасырлардағы Түрік қағанаты заманын­да абыз­дық қызметін Тоныкөк, Қорқыт ата ат­қарған деп батыл түрде болжам жа­сау­ға айрықша дәлелдер жетер­лік­тей.

Өйткені Тоныкөк қоғамның ақыл­гөй көріпкелі болудың үстіне Қытай мен Түрік елі арасындағы идео­ло­гия­лық күрестің дәл ортасында қызу ат­са­лысып, жау жақтың қитұрқы идео­ло­гиялық айла, тәсілінің шырмауына тү­сіп қалмау жағына ескерту жасап отыруында көп мағыналы сырлар жатыр.

Әз Жәнібек заманында ханның абызы ретінде қызмет еткен Асанқайғыны кө­реміз. Ханға ақылгөй болумен бірге қа­зақ қауымының келешегі туралы кө­ріп­келдік пікірін толғай отырып:

Бұдан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң тозып жаман болар.

Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың өмірі тәмам болар, – деп ханға айтқан болжау сөзінде болашақта Ресей империясының отарлау саясатын шортан бейнесі арқылы меңзейтіні бар. Бұл қасіреттен құтылудың жолы жаңа қоныс іздеп, өз танымындағы Жиделі-Байсын қонысын Желмаясына мініп іздейтін арманы жай қиял емес, шындықтың өзінен, яғни бодандық лебін сезінуден туған сарын еді.

Асанқайғы абыздың дәстүрін жал­ғас­тырушы Абылай хан заманының абы­зы деп Бұқар жырауды айта аламыз. Бұқар жырау Абылай ханның ақылгөйі, әрі көріпкел сұңғыла білікті, өлеңді өнер тұтынған жырау аталуы – тарихи шындық. Асанқайғының Әз Жәнібек ханға айтқан көріпкелдік мағынадағы жұмбағы:

Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,

Желмая мініп жер шалам

Тапқан жерге ел көшір...

Әй, Жәнібек, ойлансаң,

Қилы, қилы заман болмай ма?

Суда жүзген ақ шортан,

Қарағай басын шалмай ма?

Мұны неге білмейсің...

деп Асанқайғының көріпкелдікпен бол­жап айтқан жұмбағының шешуін Бұ­қар жыраудан сұрағанда, Абылайға бы­лайша жорып таратып жеткізетіні бар:

Хан Абылай, Абылай...

Қарағай судан қашықтап

Шөлге біткен бір дарақ.

Шортан – шөлге шыдамсыз,

Балықтан шыққан бір қарақ,

Ойлама шортан ұшпас деп.

Күнбатыстан бір дұшпан

Ақыры шығар сол тұстан.

Жаяулап келер жұртыңа!

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жебірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны

Сөйлетпей ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды,

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан!

Бұл айтқаным, Абылай,

Болмай қоймас артынан, –

деп көрегендікпен толғай сөйлеген өлең жолдарында түбінде Ресей тарапынан отаршылдықтың бодандық қамыты мойынға ілінерін меңзеп отыр.

Абылайдың абызы Бұқар жыраудан кейін, хандық биліктің заманы өтіп, ел билеу жүйесі отаршылдық қа­лыпқа түскен соң-ақ қасиеті бар, ақыл­гөй өнерпаз, алдын болжай алар кө­ріпкел абыздар болса да, заманы өзге­ріп өз биігіне өрлей алмай қайғылы ойға тұншығып арманда кеткен дарын­дар да өмірден өтіп жатты. Осы құбылысты ес­кере отырып Абай «Ол кезде шала-пұ­ла хат таныған кісісі болса – оны «абыз» дейді екен. Ол «абыз» демек әуелде шаман дініндегілердің өз мол­дасына қоятын аты екен» (Абай. Ал­маты, 1995, 2 том, 222-бет), – деп ой жүгіртуі арқылы абыздың көне болмы­сы өзгеріп, уақытына қарай евенкі ті­лін­дегі елерген, делебесі қозған шаман де­ген деңгейге дейін түсіп кеткен қа­лып­ты аңғартады.

Ал, Ресей патшалығы мен кеңестік заманда абыз атаулының шығу мүм­кін­дігі болмағаны кімге де болса анық еді. Шәкәрім қолдан билік кеткен Ресей бодандығы заманында «Ел ғайыптан хабар алып, болашақты болжайтын» деп табынатын ақылды, ойшыл, адал қария Абыз болған» (540-бет. 2 том, 2007 жыл. Алматы), – деп көрсететіні бар. «Еңлік-Кебек» дастанында Нысан абыз Кебектің тағдырын болжап:

Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан,

деп көріпкелдігін білдірді. Шәкәрім­нің айтуынша Нысан абыз:

Ол кезде балгер болған Нысан абыз,

Шын дәулескер бақсының өзі нағыз.

Жыны айта ма, кім білсін, шыны айта ма,

Айтқаны келеді деп қылады аңыз. (Сонда 376-бет)

деп абыздың бодандыққа түскен елі­нің кезіндегі қызметі мемлекеттік дең­гейден төмен түсіп, ірі ру, тайпа өмі­ріндегі қалпын суреттейтіні бар. М. Әуезов те «Еңлік-Кебек» пьесасында Нысан абыз тобықты руының көріп­кел, қобызын сарнатқан абыз ретінде су­­рет­т­еледі.

Арабтар Тұранға VIII ғасырда ғана аяқ басты емес пе? Абыз араб сөзі емес, көне түркі сөзі. Этимологиясы зерттелмеуі се­бе­п­ті, мағынасы ашылмай келеді.

Бірақ тәуелсіздік заман желі алтын күрек желдей маңдайымызды желпи соққан тұста газет-журнал беттері мен көгіл­дір экранда атағы шыққан ақын-жа­зушы, ғалымдарды пәленше абыз, түген­ше абыз деп жамыратып жатырмыз. Бірақ біздің үстірт түсіп жатқан бұл мағынасы ауысқан жасампаз абыз­дарымыз дәстүрлі абызға мүлдем ұқ­са­маса да сөз мағынасын бұзып «абыздап» жатуымызға жол болсын?

Тәуелсіз Республикамыздың сенімді бо­лашағы үшін билік сатысында абызд­ың жауапты қызметін атқарар көріпкел, тұла бойын өнер құдыреті билеген ұлт­тық идеологияның көрігін жағатын абыз­дық лауазымның орны күн өткен сайын сезілуде. Өйткені көп диаспоралы хал­қы­мыздың дүние танымы қырық қы­рау көр­педей шұбарала қалыпқа тү­сіп барады. Осы арада б.з.б. VI-V ғасырда өткен иран патшасы Даридің (б.з.б., 522-486 ж) жар­тасқа жаздырған «Баянды мемлекет бо­лу үшін халықтың бір тілде, бір дінде бо­луын қамтамасыз ету қажет», – деп кө­ре­ген­дікпен айтқан өсиеті дәл бізге арналып айт­ылғандай естілетіні бар. Олай болса осы осал жерімізді түзетіп, қоғамдық сана­мыз­ды сүттей ұйытатын мемлекеттік дең­гейдегі идеолог абыз қажет болып-ақ тұр!

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
профессор