Қазақстан • 19 Қаңтар, 2018

Бәсекеге қабілетті болудың баспалдағы

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға, ортақ мақсатқа топтастыруға арналған маңызды бағдарламалық құжат.  

 

Жолдау жүктеген міндеттер табан астынан шыға қалмағаны анық. Еліміз бұл жолға сындарлы еңбекпен келгені ақи­қат. Біз өз жұмысымыздың барысында бұған күн сайын куә болып келеміз. Мысалға Қазақстандағы тіл саясатын алып қарайық. Жыл өткен сайын елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі өсіп, абыро­йы арта түсуде. Ал үш тұғырлы тіл өмір­лік қажеттіліктен туында­­ғ­ан идея екендігі белгілі. Қай заманда болсын, бірнеше тілді мең­гер­ген мемлекеттер мен халық­тар өзінің коммуникация­лық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Сондай-ақ бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірін­ші баспалдағы. Өйткені бірне­ше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. 

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайын­дағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Жол­дауында айтылған 10 мін­дет­тің жетеуі адами капиталды дамытуға байланысты өрбіп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы үш тілді еркін меңгерудің маңыздылығына жете тоқталды. Яғни Қазақстанның болашағы үш тілді еркін меңгеруінде екендігін қадап айтты. «Қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны қазіргі заманға лайықтау қажет», деді Президент.  

Алматы облысы да мем­ле­кеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында өзінше үлес қо­сып келеді. Өңірде 2005 жылы құрылған облыстық тіл бас­қар­масының бастамасымен тілді дамытуға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Елбасының Жолдауда айт­қан қазақ тілінің маңыздылы­­ғын арттыру жолындағы тапсыр­масы алдағы атқарылар ісіміз­ді жандандыруға оң ықпалын тигізбек. 

Сондай-ақ өз Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев терминдерді қазақ тіліне аудару барысында кездесетін мә­се­ле­лерге де тоқталды. Мем­лекет басшысы соңғы жылдары әлем­де қалыптасқан 7 мың тер­мин­нің қазақ тіліндегі аудар­масы күлкі туғызатынын айтып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату қажет деді. Ал латын графикасына көшу бұл мәсе­ле­ні реттеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. 
Жолдауда айтылған әр мәселе кім-кімге де терең ой қал­­дырды деген ойдамын. Ал бұл міндеттерді орындау жолында біз де тәуелсіз еліміздің нығаюына өз үлесімізді қосуға әрқашан дайынбыз. Пре­зидент Жолдауы бұл әрбір қазақстандықты белсенді болуға шақырады. 

Айдар БАШБАЕВ,
Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының
басшысы