Әйгілі Біржанның «Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым» дегендегі баласына қойған ат «ақықтың» аса бағалы асыл тас екені де ұмыт қалып бара жатқандай. Ал, «Үкідей өздеріңді балақтадым» дегені әннің мазмұнын байытып қана қоймай, Біржанның аласапыран жан әлемінен хабар беріп тұрған терең мағыналы сөз екенін ескеріп те жатқан жоқ секілдіміз...
Қазақ қыздары, тіпті серілері сәндік үшін үкі құсының үкісін өте көп пайдаланатыны көпке аян жәй. Ал, үкіні баланың, бесіктің басына қадаудың өз мәні бар. Біз олардың бәріне тоқталып жатпай, осы ән мәтіндегі жалқы жолға үңіліп көрмекпіз.
Әуелі, үкіні қалай қолға түсіретін жайында аз-кем айтуға тура келеді. Құдайдың құдіретімен үкінің көзі түнде өткір, күндіз шалаң көретінін бәріміз білеміз. Оның осы осал тұсынан пайдаланып аталарымыз оны күндіз атпен қуып та ұстап алады. Жазық жер, тоятта болса тіпті тез ұстап алуға болады, бұдырмақ, адырлы жерде үш-төрт төбеге қона ұшып аздан кейін-ақ ұша алмай қалады. Оны қой бағып жүргенде көзімізбен көріп, басымыздан өткерген жәй. Қолға түскен үкіден үлкен олжа – балақ жүні. Әдетте біз қолданып жүрген үкі – сол балақ жүні. Ұстаған бетте үлпілдеп, тіпті күзге қарай болса сырты қызғылттанып «жанып» тұрған балақ жүні көздің жауын алады. Ептеп жұла бастайсыз. Оны түйенің жүнін жұлуды «жүндеу» деп айтатынымыз секілді «балақтау» дейді. Ал, кейде үкінің күйі нашар болса үйге әкеліп неше ай бағып семіртіп, үкісін жетілдіріп барып балақтайды. Күйін жақсы қылып жыл ұстап түлетіп балақтайтындар да болады.
Енді Біржанның айтып отырғанын болжай беруге болады. Үкі кісіге көрік қой. Сендердің қызықтарыңды көрдім, сендер маған сән болдыңдар, салтанат болдыңдар деген ризалығын айтып жатқандай. Сонымен қоса балақ жүндеріңді жұлғандай ғып жүдеттім, сендерге арқа сүйеп, серілікпен жүріп ауыртпалық салдым, дегендей өкініш те жоқ емес секілді...
«Кәмзолдай келте пішкен дөңгеленіп, Дүние өтерінде шыр айналды» деген Біржанның астаң-кестең, алақұйын көңіліндегі дүниені тап бастық демесек те, теңіздей сезім мен терең толғамды темірдей жүйкемен ұстай отырып бізге қалдырған «Теміртастан» осыны түйсінгендейміз, осыны түсінгендейміз.
«Үкідей өздеріңізді балақтадым...». Денесінен бөлінген тірі тіршілік – өз перзенттеріне ризалықпен өкініші аралас осы бір қосқабат күйді жеткізуде осы сөздің орнын қай сөз алмастыра алар еді? Қай сөз сезіндіре алар еді?.. Білмейміз. Тіпті сол сезіндіргенді де сезіне алмастай жайымыз бардай...
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»