Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өткен жылы 23 рет арнайы рейд өткізіп, мемлекеттік автокөліктерді жеке шаруаларға пайдаланудың 33 дерегін анықтады. Оның сыртқы сипатына көз жүгіртсек, бірінші кезекте мұның өзі жүргізушілердің кінәсі болып шығады. Өйткені департаменттен алынған деректер көп жағдайларда қызметтік көліктерді жүргізушілер өз меншігіндей көріп келгенін көрсетеді. Сөйтіп олар қызметтік көліктерді такси ретінде пайдаланып, тұрғындарды тасыған.
Әрине, мұндай жағдайда жанармай шығынын рульде отырғандар қалтасынан шығармайтыны белгілі. Бұл мемлекеттік автокөліктерге берілетін төлемақылар мен талондар есебінен жабылады. Екіншіден, кездейсоқ жүрістер мемлекеттік автокөліктің мерзімінен бұрын тозуы мен ескіруіне де әсер етеді. Содан кейін мемлекеттік мекемелер тарапынан тағы да жылжымалы құралдар сатып алуға тапсырыстар беріліп жатады. Екі арада бюджет қаржысы шығын болады.
Бір қызығы, тіпті қызығы емес-ау, түсініксіздігі, мұндай теріс көріністер орын алған кезде тәртіптік шаралар осы уақытқа дейін тек мемлекеттік мекемелердің жүргізушілеріне қатысты ғана қолданылып келіпті. Сонда өздеріне бекітіліп берілген мемлекеттік автокөліктердің жүріс-тұрысына бақылау жасамайтын, бұл жөнінде өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінбейтін мекеме басшылары сүттен ақ, судан таза болып қала бере ме?
Алдағы уақытта мұндай жағдай болмайды. Келесі кезекте біз осындай көріністерге жол берген, бақылауды өз бетімен жіберген мекеме басшыларын да жауапкершілікке тарту мәселесін ойластырып отырмыз, – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайыржан Токушев.
Әрине, бұл айтылғандар кәсіпорын басшыларының тікелей өздері қызметтік көліктерді жеке бастың мүдделеріне пайдаланбады немесе пайдаланбайды деген ұғымдарды білдірмейді. Мұндай деректер де бар. Олардың қатарында Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Жұман Зейненің, №10 Ақтөбе қалалық балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры Бақтияр Төлеуовтің, Темір аудандық ауруханасының басшысы Есентемір Демегеновтің және Қобда аудандық ветеринария стансасының басшысы Тимур Құлметеновтің аты-жөндерін атай аламыз. Қызметтік көліктерді қызметтен тыс мақсаттарға пайдалану көріністері департамент мамандары мен сарапшылары жүргізген рейдтер кезінде облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер, кәсіпкерлік, қаржы, дін істері, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, жер қатынастары, дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алғаны қынжылтпай қоймайды. Мұндай жағымсыз жайттардың Ақтөбе қаласына және Ырғыз бен Хромтау аудандарына да қатысы бар.
Ендеше аталған басқармалардың басшылары Маржан Қорғанбаева, Анар Даржанова, Гүлқасима Сүйінтаева, Жолдас Қалмағамбетов, Әбдухат Мырзалин, Қабай Сәрсенғалиев, Нұрлыбек Жүсіпов пен Ақтөбе қаласы және Ырғыз бен Хромтау аудандарының әкімдері Ілияс Оспанов, Мәди Елеусізов пен Аманғали Бердалин бұл жайтқа тиісті бақылау қояды деген сенімдеміз. Айталық, жоғарыда аталған кейбір басқармалар мен Ақтөбе қаласы әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің қызмет көліктері жүргізілген рейдтер барысында бірнеше рет ұсталыпты. Бұл деректің өзі басқарма басшылары мен қала әкімі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді.
Сөз соңында айтарымыз, бүгінгі кезде тілдік қорымызда «стикер» деген сөз пайда бола бастады. Бұл толық ақпарат беретін арнайы белгіні мемлекеттік автокөлікке орнату немесе жапсыру деген ұғымды білдіреді. Мұнда оның қандай басқарма мен департаментке немесе қандай бюджеттік мекемеге қарасты екені көрсетіліп, бұл мәселеге толық ашықтық пен жариялылық беріледі. Бұл игі іске қозғау салған да агенттік болып шықты. Соған сәйкес Ақтөбе облысындағы аумақтық департаменттерге қарасты қызметтік автокөліктерге арнайы стикерлер толықтай орнатылған. Ал осы бағытта облыстық басқарма басшыларының қимылы әлі де болса баяу, селсоқ, енжар болып отыр. Мұның өзі олардың қызметтік көліктерді жеке басының мүдделеріне пайдаланудан бас тартқысы келмейтін іс-әрекетті танытпасына кім кепіл?
Қызметтік автокөліктерге стикерлер орнату белгілі бір нормативтік-құқықтық актілермен және заңдық күші бар тәртіптермен бекітілген іс емес. Бұл азаматтық қоғам мен өзара іс-қимылды дамытуды көздейтін әрі ортақ мақсатқа жетуді басты ұстаным санайтын агенттіктің бастамасы. Ал тұтастай алғанда «Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта» акциясының басты мақсаты да осы арнадан тамыр тартады. Бір сөзбен айтқанда, қызметтік көліктерге стикерлер орнату – ардың ісі болмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ
Суретте: стикерлер осылай орнатылады