Сондықтан білім беру саласы Елбасының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман даярлау, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу керектігін айтады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет.
Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты», делінген. Демек, алдағы уақытта жастарды бәсекеге қабілетті, өз Отанын сүйетін азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға білім беретін мұғалімдердің де соған сәйкес біліктілігін арттыруымыз керек.
Елбасының биылғы Жолдауында, сондай-ақ білім саласында еңбек ететін мамандардың жағдайын жасау, мұғалімдердің еңбекақысын көбейту, оқушылардың оқу жүктемесін төмендету, цифрлы білім беру ресурстарын дамыту, еліміздегі мектептерді видеоқұрылғылармен жабдықтау, т.б. атқарылатын жұмыстарды белгілеп берді. Енді біз осы міндеттерді бұлжытпай орындап, еліміздің дамуы жолында ерінбей еңбек етуіміз керек. Елбасының игі бастамаларына қолдау білдіріп, жаңа күндерден тек жақсылықтар күтейік!
Камалхан ҚУАН,
ардагер-ұстаз, Қазақстан білім беру саласының үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері