Оның басты көрінісі – ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін шағын өндіріс орындарының ашыла бастауы. Осындай сүт өңдейтін шағын цехтың бірі Қосестек ауылында іске қосылды. Оны Еркін Өтегенов жетекшілік жасайтын «Қосестек» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жүзеге асырды.
Бұл үшін кооператив мүшелері өзара кеңесе келіп, ең алдымен тиісті инфрақұрылымдық жүйе жасақтау қажет деген ортақ ұйғарымға келеді. Солай болады да. Атап айтқанда, алдағы уақытта салынатын шағын өңдеу нысаны үшін электр желісі тартылады. Бұдан соң газ, су және кәріз жүйелері іске қосылады. Келесі кезекте ауызбірлігі мен ынтымағы жарасқан ауыл азаматтары ауысымына бір тонна шикізатты өңдеп, бұдан әзір өнім шығара алатын құрал-жабдықтар сатып алуға қол жеткізеді.
Сөйтіп «Қосескек» кооперативі сүттен қаймақ, сүзбе, май өндіруге мүмкіндік алды. Біз үшін ең бастысы шикізат өндіру көлемін кемітіп алмау. Мәселен, өткен жылы біз тұрғындардан 300 тонна сүт қабылдап алған едік. Бүгінгі меже осы мөлшерден төмендемей, оны сүт өңдеу цехына тапсыру, – дейді кооператив төрағасы Еркін Өтегенов.
Олардың бүгінгі алға қойған мақсаттары мен іс-жоспарлары да өміршең. Соның ішінде қосестектіктер ертеректе жергілікті май зауытына шығарылған ірімшіктің ерекше түрін жаңа технологияның көмегімен қайта жаңғыртуды көздеп отыр. «Бәрін айт та, бірін айт, Коллективтің жырын айт» деген екен Би-ағаң, Бейімбет Майлин. Осы өлшемге «Қосестек» кооперативі мүшелерінің ілкімді іс-қимылдары да дәл келіп тұрғандай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Қарғалы ауданы,
Қосестек ауылы