Аймақтар • 23 Қаңтар, 2018

Отандық өнімнің оңды нәтижесі

4202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағда­йын­дағы дамудың жаңа мүмкін­дік­тері» атты Қазақстан халқына Жол­дауында елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқан нарық­т­ық экономика моделінің қалып­тас­қаны, өткен жылы еліміз әлем­дік дағдарыстың салдарын ең­серіп, биік көрсеткіштерге қол жет­к­ізгені айтылды. 

Отандық өнімнің оңды нәтижесі

Ендігі жерде өңір­лерде өндіріс көлемін арттыру, өнеркәсіп кешендерін жандандыру, сонымен қатар өнімдерді экспортқа шығару мәселелері күн тәртібінде тұр. Әлемнің дамыған мемлекеттерімен тәжірибе алмасып, үйрену арқылы еңбек өнімділігін ұлғайту еліміз үшін де тиімді болмақ. Мәселен, тоқы­рау жылдарында жұмысын тоқ­татып, тәуелсіздік жылдарын­да қай­тадан іске қосылған жүз­де­ген кәсіпорынның бұл күнде еліміздің дамуына қосып отырған үлесі мол.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қиын кезеңде жабылып қалған «ТаразКожобувь» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігі бұл күнде тірлігін қайта тіктеген кәсіпорындар қатарын­да. Былғары аяқ киім шығаратын Қазақстандағы жалғыз ғана серік­тестікте бүгінде шикізаттан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі үрдістер қолға алынған. Өткен жылы 157 мың жұп бәтең­ке шығарған кәсіпорын бүгі­нде еліміздің бірқатар ірі мекеме­лері­нің мемлекеттік тапсыры­сы арқылы аяқ киім тігеді. Ен­дігі жерде аталған кәсіпорын жыл сайын жұмыс қарқынын арт­ты­рып, ел экономикасына айтарлықтай үлес қосуды көздеп отыр екен.

 – Біз өз межемізді жылдан жылға көтеріп келеміз. Биылғы жылы 200 мың жұп аяқ киім шы­ғаруды жоспарлап отырмыз, – дейді «ТаразКожобувь» ЖШС директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов.

Бүгінгі таңда еліміз үшін бәсекелестік маңызды. Қазақстан енді өзге елдердің өндірістегі тәжі­рибесін үйреніп қана қой­май, үйретуі де керек. Елбасы өз Жол­дауында да бәсекеге қабі­лет­тілікті жиі айтып келеді. Мәсе­­лен, осыдан біраз бұрын Әулиеата жеріне Түркия аяқ киім ассо­циа­циясының президенті Бекир Айдин бастаған аяқ киім өнеркәсібінің бір топ өкілдері келіп, тәжірибе алмасып қайтқан болатын. Сонымен қатар түрік ағайындар аталған серіктестіктің жұмысына қызығушылық танытып, өнім сапасына ерекше мән беріп, болашақта бірге жұмыс істейтін ниеттерінің бар екенін аңғартқан еді. Егер екі тарап келешекте бірлесіп жұмыс жасайтын болса, өңірдегі өндіріс қарқынының арта түсетіні сөзсіз.

Отандық өнімнің оңды нәти­же­сі экономикалық әлеуетті арт­тыра түседі. Мәселен, бүгін­де им­порт­пен келетін тауар көпші­лік­тің талғамына дөп келіп тұр. База­рға барсақ та, дүкен араласақ та И­та­лияның, Түркияның аяқ киім­дерін көруге болады. Бірақ отан­дық өнімдерге тапсырыс беруші қара­пайым тұрғындарды табу қиын. Болашақта отандық аяқ киім өнді­рісінде бұдан да ілгерілеушілік бай­қа­лып жатса, еліміз үшін бәсеке­лес­тік бәсінің арта түсетіні де белгілі.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы