Бәрінде дерлік жүктіліктің мерзімінен бұрын үзілуі және мерзімінен бұрын үзілу қаупі деген екі диагноз. Былайша айтқанда, баласын түсіріп алып жатқан келіншектер көбісі. Екінші айтылған диагнозбен түскен маған мұндағы ахуал өте аянышты көрінді. Құрсағына біткен нәрестесін үлкен үмітпен күтіп жүргенде сол қуанышынан айырылып қалған аналардың жағдайы қайбір жақсы бола қойсын. Біреуінің баласы алты ай болғанда ішегіне оралып өлген, біреуінің суы құрғап, шарана тұншығып қалған. Тән мен жанның азабын қатар кешкен тағдырлар... Бірақ Құдай басқа салса не шара? Бір көргеніңде жылап-сықтап, ойбайды салып жатқандардың бірер сағаттан соң әңгімеге араласып, өз бастарындағы жағдайды тәптіштеп әңгімелеп отырғанын көресің.
Палаталасым қанша тұйық болғанымен бас-аяғы екі-үш сағаттың ішінде онымен құрбы болып алдым. Ол «Балам ішімде шетінеп кетіпті, 23-24 апта болып еді», деді. Аядым. Дәрігерлер бір күн қарайды екен де, ертеңіне толғақтың дәрісін беріп, босандырып алатын көрінеді.
Медицинасы қарыштап дамып жатқан елімізде жүктілігі мерзімінен бұрын тоқтаған әйелдерді акушерлер босану залына апарып босандырмайды. Ондай әйелдер өздері босанады. Гинекология бөлімінде, кәдімгі палатада. Дәрі арқылы жасанды жолмен келген толғақ қашан пісіп-жетіліп, 5-6 айлық өлі бала әйелдің памперсіне өздігінен келіп түспейінше, оны ешбір акушер қарамайды, памперсін шешіп те көрмейді. Мұны мен палаталас келіншектің толғағы басталғанда өз көзіммен көрдім. Таңғы жетіден бастап шырқыраған келіншек түс ауа шыдай алмай талықсып бара жатқан соң дәрігерлерге барсам, олар: «Баласы түсті ме памперске? Алдымен түссін, сосын тазалаймыз ғой», деді.
Амал жоқ, оған өзім көмектесуге тырыстым. Бір кезде бала туды-ау әйтеуір. «Түсті-түсті» деп памперсті шешпекші болғанда қолын шап беріп ұстап алдым да, «Көрме! Қарама!» дедім. Өйткені соның алдында ғана бөлімде емделіп жатқан әйелдерден бір жас келіншектің осылайша өлі баласын памперске туып, онысы акушерлер жетемін дегенше жерге түсіп қалып, өз баласының өлігін көрген әйелдің қатты шошып, ауырып қалғанын есітіп едім.
Сонымен, 23-24 апталық баланың қандай болатынын анасы да, мен де көрмедік. Акушерлер келіншекті креслоға алып кетті. Ұялы телефоны кереуетінде қалған екен, бір ер адам қайта-қайта қоңырау соға берді. Тоқтамай безілдеген соң «Күйеуі шығар, уайымдап жатқан болар» деген оймен телефонды көтеріп, «Пәленшені дәрігер қарап жатыр, қазір бос емес», дедім. Осы әрекетім екі күннен бері біртүрлі жұмбақ болып көрінген көрші келіншектің бар құпиясын ашып берді.
– Ринаттың қоңырауына сен жауап бердің бе? Не дедің оған? – деп шаңқ ете қалды ол.
– Ештеңе. Дәрігерлер қарап жатыр дедім.
– Дәл солай айттың ба? «Бала туып жатыр» деп айтып қоймадың ба?
Мен не дегенімді сөзбе-сөз қайталадым. Содан соң барып, жүрегі орнына түскендей терең демалды. Сөйтіп өзі жайлы әңгімелей бастады.
Иә, оның күйеуі де, ата-енесі де жоқ екен. Баяғыда ажырасып кеткен. Төркінінде әке-шешесі, аға-жеңгелерімен бірге тұратын көрінеді. Бұрынғы күйеуінен мүгедек қызы бар. Ең өкініштісі, «шетінеп кетіпті» деген 23-24 апталық баласы шындығында шетінемеген, оны өзі, өз қалауымен, дәрігерлердің қолымен өлтірген.
– ...Көтергенімді төрт ай болғанда білдім. Жүкті екенімді білсе жігітім үйленетін шығар деген ем. Қайдағы? Екіқабат екенімді айтқан күннен кейін оны қайтып көрмедім. Сол кезде-ақ алдырып тастайын дегенмін. Бірақ ақша таба алмадым. Сөйтіп жүргенде бала өсіп кетті.
– Енді, алты ай болғанда барып ақша таптың ба?
– Иә, қызымның 53 мың теңге жәрдемақысын алдым. Тағы әпкемнен қарызға ақша сұрадым. Бір дәрігермен келістік. Оған 20 мың, қазір мені тазалаған екі акушерге 20 мың теңгеден бердік.
– Демек, сенің балаң тірі тууы да мүмкін еді ғой?
– Жоға, осында келген күні дәрімен өлтірді. Алдымен өлтіріп, сосын туғызады екен...
Денем түршігіп кетті. Бір-екі күннен бері бір дастарқаннан тамақ ішіп, өзім қамқорлық танытып, жаным ашып жүрген жан өз баласын өлтірген жан болып шықты.
«Өліп-ақ қалғым келген, қызымды қимадым», деді бір кезде. Алайда ол «өлгім келген» дегенмен, өлгісі келген адамның түрін мен көрмедім. Кешке қарай келіншектің басқа бір жігіті қоңырау соқты. Он сегіз жасар қыздай үлбіреп, майыса тіл қатып, жігітімен сағаттап сөйлесті. Сөйлесіп болған соң: «Бұл басқа жігіт. Мұнымен сөйлесіп жүргеніме бір жыл болды. Ішімде бала бар кезде кездескенде ыңғайсызданатынмын», деп қояды.
Оған мына сұрақты әдейі қойдым:
– Егер балаңды алты айлығында да алдырып тастауға ақша таба алмасаң қайтер едің? Туып болған соң далаға тастап кетер ме едің?
– Қойшы, құтылдық қой, әйтеуір.
«Бағар ем, тастамас ем» деген сөзді айта алмады.
– Дәрігерлер баланы не істеді? Қоқысқа тастады ма?
– Жоқ, баланың денесін үй іші әкетуі керек екен. Әпкем келіп алып кетті. Алыс бір жаққа апарып көміп тастаған. Оған да қиын болды, күйеуін алдап шығып әрең көміпті, әйтеуір.
Бұ келіншекті о баста жақын тартуымның себебі, екеуіміздің жүктілік мерзіміміз бір еді. Мен жүктіліктің үзілу қаупімен мұнда түскенімде Құдайдан баламның амандығын тіледім. 23-24 апта деген үлкен мерзім. Бұл уақытта баланың барлық мүшесі әлдеқашан қалыптасып болады. Іште атой салып, тепкілеп, бүлкілдеп жатады. 20 апталығында-ақ УДЗ шарананың ұл, не қыз екенін, қол-аяғының, басының, барлық дене мүшелерінің өлшемдерін анықтап, суретін қағазға шығарып береді. Ал дәрігерлердің айтуынша, бұл мерзімде баланың сезу мүшелері қарқынды дамиды: жарықты көре алады, анасы жеген тағамдардың дәмін сезіп, айналадағы дыбыстарға, анасының көңіл-күйіне қарай әрекет ете бастайды. Бір сөзбен айтқанда, 23-24 апта болған, салмағы жарты кило шамасындағы тірі жанды жай ғана ұрық дей алмаймыз, «шарана», «нәресте» деп адам санатына қосамыз.
Қоғамда мұндай жағдайларды көптеп кездестіруге болады. Жазықсыз шарананың өмірін қиып, кешірілмес күнәға батқан жандарды Жаратқан түбінде жазасыз қалдырмас-ау. Десек те, өркениетті ел ретінде мұндай жауыздыққа заң арқылы тосқауыл қоймағанымыз – елдігімізге сын.
Нұрбану КАМАЛ,
журналист