Фото: Ерлан Омар
Әңгімені Астанадан бастасақ. Елорда әкімдігі оқыс оқиғаларды болдырмау үшін аяз басталысымен төтенше жағдай жариялаған-ды. Өрт сөндіру қызметі, жедел медициналық қызмет, қалалық ішкі істер департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және коммуналдық қызметтер сынды шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелерден өзге мемлекеттік органдарға, базарлар мен сауда-ойын-сауық орталығы сынды кәсіпкерлік нысандарға, бірқатар білім беру мекемелеріне жұмыс уақытын қысқарту ұсынылды.
Алайда, тоңған халықтың арқасында қалтасын томпайтып алуды көздегендер де көзге түсті. Табиғаттың тосын мінезін такси жүргізушілері «тиімді» пайдаланып қалуға тырысып баққаны байқалды. Әсіресе ешқайда тіркелмеген, жеке көлігімен жүрген «жабайы таксистер» бағаны бірнеше есеге дейін көтеріп жіберді. «Индрайвер» желісі арқылы жұмыс істейтін жүргізушілер бұрынғы бағаға бұрылмауға айналды. Заңды түрде тіркеліп жұмыс істейтін компанияларға да хабарласып көрген едік. Көпшілігі бос көлік жоқ екенін, біраз уақыт күтуге тура келетінін айтады. Олар да бағаны біршама көтеріпті.
Бір жақсы жері, табиғаттың тосын мінезіне қарапайым астаналықтардың өздері бірлесіп қарсы тұра бастады. Мәселен, шаһардағы 8 мешіт бірігіп, «Астана – мейрімді қала» акциясын ұйымдастырып, тұрғындарды таксимен тегін тасу, мұқтаж адамдарға көмір түсіріп беру, құрылысшы, көше тазалаушы адамдарға ыстық шай мен тамақ ұсыну сынды қамқорлық шараларын қолға алды. Қалалық полиция қызметкерлері тұрақты мекен-жайы жоқ, жаураған адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізіп жатқанын да айта кету керек.
Қыс маусымына қаншама әзірленді, жұмыстың бәрі қамтылды дегеннің өзінде, үрген иттің тілін қаритын үскіріктен зардап шеккен жандар, жарылған жылу қазандықтары, жолда қатып қалған көліктер туралы деректер кейбір облыстардан дүркін-дүркін жетіп жатыр. Өңірлердегі жағдай туралы төменде «Егеменнің» тілшілері жіберген материалдарды ұсынып отырмыз.
Қарағандыдан – Қайрат ӘБІЛДА
– Қарағанды облысында қақаған аяздың зәрі сынар емес. Ауаның температурасы кей жерлерде күндіз –30, –35, ал түнде –45 градусқа дейін төмендеді. Синоптиктердің мәлімдеуінше, аяз осы аптаның аяғына дейін сақталуы мүмкін.
Аязды күндері жол бойындағы медициналық-санитарлық бекет бригадаларында тыным жоқ. Олардың көмек сұрағандарға тәулігіне төрт реттен аттанған кездері де болды.
Жалпы, жол бойындағы медициналық көмек бекеттері елімізде 2012 жылдан бастап пайда болған. Қазір олардың саны 70-ке жетті. Оның ішінде жеті бекет Қарағанды облысындағы апат жиі болатын жерлерде шоғырланған. Медициналық арнайы көліктерде қажет деген құрал-жабдықтың бәрі бар. Бес жыл ішінде жол бекетінің «медиктері» 5 мыңға жуық жәрдем сұраған дабылға шыққан екен. 27 мыңнан астам адамға көмек қолын созған.
– Қарағанды облысы бойынша тек республикалық трассаларда болған жол апаттарының өзіне 632 рет шығыппыз. Сондай-ақ қыстың күні жолда бұзылып қалған автокөліктерге, қар құрсауында қалған адамдарды құтқаруға барамыз. Тіпті әйелдер жол үстінде босанып қалған оқиғалар да кездесті, – дейді облыстық медициналық апат орталығы бөлімінің бастығы Гүлдана Маханова.
Бұл күндері қатты аяздың қаупінен сақтандырған ескертпелерге қарамастан, жолға шығып кеткен 80-ге тарта жолаушыға Теміртаудың құтқарушылары көмек көрсетті. Атап айтқанда, Алматы – Екатеринбург тас жолында тұрып қалған жолаушылар автобусындағы 80 адам (арасында 7 әйел, 3 бала бар) құтқарылып, Теміртаудағы политехникалық колледждің жатақханасына орналастырылды.
Сондай-ақ Бішкек – Түмен бағытындағы автобустың 40 жолаушысына көмек көрсетілді. Сақылдаған сары аязға қарамастан, Сарыағаштан Петропавлға жол тартқан автобустың 47 жолаушысын да құтқарушылар аязға ұрындырмай, Теміртауға аман-есен жеткізді.
Қаңтардың 22-сінен бастап Қарағандыда және облыстың кейбір қала, аудандарында мектеп оқушылары сабақтан ішінара босатылды.
Қостанайдан – Нәзира ЖӘРІМБЕТ:
– Қостанайда қазақтың «қысқы шілдесі» бәрін бір тарының қауызына тықсырып тұр. Ауа райын болжаушылар айтқан күннен бастап, аяз күндіз –30 градусқа жетіп жығылды. Бірақ қызыл шұнақ аяз бұдан бұрынғы күндері де кешке қарай күшіне мініп тұратын.
Арқалық қаласының іргесіндегі Ашутасты ауылында кешке қарай өзі тұратын үйден басқа көшедегі екінші ұлының үйіне қарай шыққан 88 жастағы қария жолдан шығып, адасып кетеді. Атасының бармағанын естісімен балалары қарияны іздей бастайды. Жақын арадан, таныс-туыстың үйінен табылмаған соң, дереу Солтүстік өңірлік жедел құтқару отрядының қалалық бөлімшесіне хабарлайды.
Дабыл түсісімен «Марш-Бронто» деп аталатын УАЗ жүрдек көлігімен жеті адам қарияны іздеуге шыққан. Олар жылдамдатып ауылдың айналасын, қатты аязда жаяу жүргіншінің аяғы жетер деген жердің барлығын қарап шығады. Адасқан аз уақыттың ішінде қарт кісі ауылдың сыртына екі шақырымдай шығып кеткен екен. Әбден тоңып, әлсіреген қарияны құтқарушылар оппа қардан аяғын алып жүре алмай тұрған жерінен тауып алды. Үрей мен аяздан есін зорға жинаған қартты жылы машинаға салып, бала-шағасына жеткізді. Бұл кезде қарияны медицина қызметкерлері де күтіп тұрған болатын, жеңіл үсік шалған оны Арқалық қалалық ауруханасына алып кетті. Қазір қарт кісінің жағдайы жақсарып қалды.
Түн ішінде аязда қалып, үсіп кете жаздаған тағы бір адамды Қостанай қаласының сырт жағында орналасқан УК 161/11 мекемесінің қызметкерлері аман қалып қалды. Аяз басталған түні колония қызметкері, психолог Динара Мадиярова кезекшілікте отырған болатын. Ол айқайлаған адамның даусын естиді де, әріптестеріне хабарлайды. Алдымен әділет майоры Ілияс Бұқаев пен капитан Асхат Баламбаев жетеді. Олардың артын ала капитан Нұрсұлтан Жұмашев пен аға лейтенант Диас Нұрахметов келіп үлгереді. Олар дереу іске кіріседі. Қаладан таксимен шыққан жас жігіт пен бойжеткен колонияға жақын Қостанай – Федоров тас жолының бойына келгенде машина салонында келіспей, ұрсысып қалады. Жігітіне өкпелеген қыз қалаға жолсыз төте жолмен кетіп қалады. Ал кешке далада сынап бағанасы –28 градусты көрсетіп тұрған-ды. Жігіт машинадан шығып, қызды іздегенімен одан көз жазып қалады. Қызды іздеп таба алмайтынын білген жігіт амалсыз айқайлап, жұртты көмекке шақырады.
Колония қызметкерлері тас жолдан үш шақырым жүргеннен кейін адасқан қыздың ізін тапты. Содан әрі қарай тағы үш шақырым жүргенде қар үстінде қимылсыз жатқан оның өзін тауып алады. Қатты тоңған қыздың сөйлеуге тілі келмейді. Ілияс Бұқаев оны өзінің тонына орап, машинаға көтеріп алып келіп отырғызады.
Аязды күнде өкпелесіп қалған ғашықтарды қызметкерлер мекемеге әкеліп, жылындырып, ыстық шай берді. Психолог қызбен әңгіме өткізген соң, қызметкерлер түн ортасында жастарды қайта татуластырып, мекеме көлігімен қалаға жеткізіп салды.
Тараздан – Хамит ЕСАМАН:
– Жуырда ғана «Қазгидромет» РМК еліміздің оңтүстігіндегі төрт облыста ауа райының күрт суытатыны туралы ескерту жариялады. Мәселен, 24-29 қаңтар аралығында Алматы мен Жамбыл облыстарында, ал 26-29 қаңтар аралығында Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында ауа температурасының төмендейтіні хабарланды.
Кеше Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында күннің суықтығы –15 градус болса, шалғай аудандарда –25, –30 градусқа дейін жеткен. Биыл өңірге қар қалың жауып, бұрын-соңды болмаған қыс орын алды. Ал қызылшұнақ аяз бет қаратпайды. Мұндай кезде әуелі ата-аналардың алаңдайтыны белгілі. Қыстың көзі қырауда балалардың сабаққа қатынауы, тіпті тасымал арқылы басқа мектептерде білім алып жүрген балалардың жағдайы алаңдатпай қоймайды. Дегенмен, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгінде Әулиеатада жағдай тұрақты. Тек облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауданының бірқатар мектептерінде сабақ уақытша тоқтатылған, бірақ өзге аудандарда әзірге мұндай жағдай орын алмапты.
Қарағанды облысымен шектесіп жатқан Мойынқұм ауданында бүгінде күннің суықтығы –20, –25 градус болып тұр. Қақаған қыста балаларды оқыту мүмкін емес болғандықтан, бастауыш сыныптарда сабақ тоқтаған. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Жанар Бажикованың айтуынша, бүгінде 1954 бала білім алатын 15 мектептің бастауыш сыныптарында сабақ жоқ. Сабақ уақытша тоқтаған Қашқантеңіз, Мыңарал, Биназар, Хантау, Кеңес, Мойынқұм ауылдарында қар қалың, күн аяз. Ал Сарыөзек ауылындағы Қ.Сәтбаев мектебіне Кіші Қамқалы ауылынан қатынап оқитын 8 бала бар. Бірақ олар үшін көлік қарастырылған екен.
Павлодардан – Фарида БЫҚАЙ:
– Қазір өңірде қатты аяз. Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдайтын №153, 152, 157, 151 маршруттағы шағын автобустардың жайы алаңдатады. Бұл автобустарда жолаушы қауіпсіздігі сақталмаған. Аязды күндер тұрмақ жай күндері де сенімсіз. Жаман айтпай жақсы жоқ, онсыз да әбден тозған бұл көліктердің аязды күндері көше бағыттарына шығулары да қауіпті. Бұдан да ескі, әбден тозған көліктер бар. Мұны қалалық әкімдік те өте жақсы біледі.
Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің хабарынша, жағдай тұрақты бақылауда. Бәрі жақсы-ақ. Ауа райының күрт суытуына орай жолаушы тасымалымен айналысатын барлық мекемелер тәулік бойы жұмыс жасауға көшіпті. Жұмыс кестесінен аязға шыдай алмаған көліктерді автобус паркіне жеткізіп, жылытып, жөндеп қайта жолға салуда. Төтенше жағдай бола қалған жағдайда жөндеу жүргізетін бригадалар құрылған. Қосымша бөлшектер дайындалып, көмек беретін жедел экипаждар жасақталды. Жалпы, жолаушы тасымалдайтын қалаішілік, қала сыртына қатынайтын көліктердің барлығы дерлік өз бағыттарында жұмыс жасауда. Сонымен бірге «Трамвай басқармасы» АҚ-тың 73 трамвайы да жолда.
Айтпақшы, бұған дейін облыс орталығындағы Кутузов – Шөкин көшелерінің қиылысында №22 автобус өртеніп кете жаздады. Облыстық ТЖД басқармасының мәліметінше, жолаушылар сыртқа шығып үлгеріпті. Қазір себептері анықталуда. Одан кейін, екі рет трамвай өртенді. Біріншісі, Толстой – Кутузов көшелерінің қиылысында болған. Екінші оқиға да Торайғыров – Кутузов көшелерінің қиылысындағы байланыс желісінің сымы жана бастаған. Сым үзіліп трамвай вагонына құлаған. Зардап шеккендер жоқ. Апатты жою кезінде трамвайлардың қозғалысы тоқтатылды.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»