24 Қаңтар, 2018

Бір автобус бұйырмағаны-ай!..

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір бұрынғыдай емес, алыс-жақындағы ауыл-аудандардың жай-күйін әлеуметтік желіден көріп-біліп отыратын болдық. Әсіресе табиғат тосын мінез таныт­қан тұста шалғайдағы өзекті мәс­еле­лер еміс-еміс естіліп қалып жата­ды.

Бір автобус бұйырмағаны-ай!..

Қаңтардың аязы мен бораны кезектесіп қысқан кезде Қос­та­най облысының орталығы мен Аман­гелді ауданының арасында автобус қатынамайтыны қажытқан жұрт­тан сондай бір хабар жетті. 

Көлігі жоқ адамдардың облыс орталығы мен Амангелдінің арасында таксимен тепеңдеп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Қатынасты қыздырып отырған такси жүргізушілеріне қояр кінә жоқ, қайта ауыл тұрғындарының санасын­дағы «жырақта жатырмыз, ауылдан шыға алмай қалдық» деген қасаң ой, керітартпа көзқарастан құтқарған солар екен. Қажет болса, таңертең үйден шыққан адамдар кешке дейін қаладағы шаруасын тындырып, отының басына оралып үлгеретін көрінеді. Жаздағы қапырық ыстықта да, қыстың қақаған аяз-боранында да жүргізуші жігіттер жерге қарат­пауға тырысады. Елді де діттеген жеріне жеткізіп, өздері де табыс тауып отырған таксилердің тірлігі дұрыс-ақ. Алайда жол жүретін адамдардың қатары көбейген сайын, таксилер жүргіншілердің нөпірін тасып үлгере алмайды. Бір ауданға бір автобус бұйырмағанына жұрттың амалы құрып отыр. 

Екіншіден, таксистер алатын жолақыны да жұрттың бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Жүргіншілер көбейген кездерде бір бағыттың бағасы 4 мың теңгеге дейін жетеді екен. Жеңіл-желпі сәлемдеме жіберемін десеңіз 1 мың теңге төлейсіз. 

Үшіншіден, таксилердің қай жерден жүретінін жұрттың бәрі бірдей біле бермейді. Қоғамдық көлік сияқты емес, жеке машиналар баратын жеріңе дәл жеткізіп тастай алмайтыны және бар. 

Төртіншіден, қашықтығы 400 шақырымнан асатын, сапасы да оңып тұрмаған жолмен кейбір таксилер уақыт пен жанармай үнемдеу үшін өзінің де, жолаушының да басын қатер­ге тігіп, жүйткіп жүреді екен. «Арқа­лыққа 45 минутта бардым, Қос­­танай­ға 3 сағатта жеттім» деп күпі­нетін «жүйріктер» жетерлік. Ал жолау­шы­ның жанын шүберекке түйіп, има­нын үйіріп отырудан басқа амалы жоқ. 

Ендігісін сол жақтың азамат­тарының аузымен жеткізіп көрейік. Амангелді ауданына бұрын барып көрмеген адам таксиді қай көшеден іздеп жүреді?! Таксилерден жай ғана іссапар билетін алу да оңай емес. Қалай болғанда да, бір ауданға бір автобус керек екен, дейді жол азабын тартқан азаматтардың бірі. Таксиге қарағанда, автобустың әр жерге тоқтап, шабандау жүретіні рас. Бірақ автобус сенімді көлік екенін, әсіресе қыста жақсы екенін елдің бәрі мойын­дайды. Қостанай тұрмақ, Астанаға автобус шықса да мінетін адам табылар еді. Әсіресе жаз мезгілінде әрлі-берлі ағылған жұрт көп, дейді тағы бірі әлеуметтік желі арқылы. 

– Бәрі ұйымдастыруға байланыс­ты. Жолаушыларға да, тасымалдау­шыларға да тиімді болуы керек. Бұрын «Арқалық – Амангелді», «Амангелді – Қостанай» арасында автобустар кестеге сай тұрақты жүруші еді. Солар шығы­нға батты дегенге сену қиын. Халық­қа такси де, автобус та керек,– дейді Жомартбек Нұрман есімді ел азаматы. 

Жалпы, жол мен жолаушылар тасымалы туралы жыр талай мәрте жазылып та, айтылып та келе жатқаны белгілі. Бірақ «Айта, айта Алтайды...» деп қоя салуға тағы болмайды. Еліміздің әр түкпіріндегі халықтың облыстары бөлек болса да, шешілмеген әлеуметтік проблемалары ортақ. Сол баяғы сапасыз жол, тартылмаған ауыз су, жанбаған жарық, «ұстамайтын» ұялы байланыс... деген сияқты жалғаса береді. Айтып отырған автобус жыры та соның бір көрінісі. 

Шынында да, 20 мыңға тарта халқы бар Амангелді ауданынан облыс орталығына бірде-бір қоғамдық көліктің қатынамайтыны көңілге қонбайды. Кеңес Одағы кезінде аудан орталығы тұрмақ, ауданнан қашықта жатқан ауылдарының өзіне АН-2 ұшағы ұшатын. Ұшақ тұр­мақ, автобус көзден бұл-бұл ұшады деп кім ойлаған?! Жол азабынан шаршаған жұрт аудан әкімдігі мен облыс әкімдігі осы мәселені шешіп, арнайы автобус бөлсе деген үмітпен қарап отыр.