Депутаттар алдымен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының таныстыруымен кейбір заңнамалық актілерге архив ісі мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Министрдің мәлімдеуінше, аталған құжат аясында архив істері жөнінде 4 бірдей заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. «Заң жобасының негізгі мақсаты – құжаттамалық қамтамасыз етудің жаңа ақпараттық нысандарын өмірдің барлық салаларына ықпалдастыру мен электронды құжат айналымына көшуге байланысты архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады. Сондықтан да біз архивтік құжат, архив ісі секілді түсініктерді саралай отырып, Ұлттық архив қорына құжаттардың мемлекеттік есебі, Ұлттық архив қорының құжаты, басқаруды құжаттық тұрғыда қамтамасыз ету, ерекше құнды құжат секілді ұғымдарды айналымға енгізбекпіз. Оған қоса, мемлекеттік архив жүйесіне Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасын қосуды ұсынамыз», деді А.Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар министр өз баяндамасында мемлекеттік архив көрсететін қызметінің тізімін, атап айтқанда, ақылы қызметті кеңейту жоспарланып отырғанын айтты. Ал мұндай қызметтердің қатарына тақырыптық, генеалогиялық сұраулар мен архив құжаттарының депозитарлық сақталуы жатады екен. «Өткен жылы ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында Астанада сирек кітаптар мен қолжазбалардың Ұлттық орталығы ашылған болатын. Біз бұл тұрғыда Армениядағы ғылыми-зерттеу орталықтарының табысты тәжірибесін негізге алдық. Қысқа уақыт ішінде орталықта мемлекет тарихы мен мәдениетіне қатысты аса құнды тарихи кітаптардың және қолжазбалардың коллекциясы қалыптасып үлгерді. Зерттеушілер үшін көрме, оқу залдары ашылды», деді А.Мұхамедиұлы.
Ал аталған заң жобасына қатысты қосымша баяндама жасаған Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кеңес Абсатиров бұл мәселе бойынша жұмыс тобының 5 отырысы және тиісті комитеттің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылғанын атап өтті. «Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар жобаның жекелеген нормаларын нақтылауға және жақсартуға бағытталған түзетулерін енгізді. Ал талқылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 6-тармағына сәйкес енгізген ұсыныстар ел Үкіметіне жолданды», деді ол.
Күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе – Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин таныстырған «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Айта кетейік, бұл құжат 2015 жылы 15 маусымды Ханойда жасалған Шартты ратификациялауға бағытталған. «Заң жобасының негізгі мақсаты – уағдаласушы мемлекеттердің ұстап беруге әкеп соғатын қылмысы үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асырады немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында өзінің аумағында жүрген кез келген адамды беру саласында ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады», деді А.Лукин.
Бас прокурордың орынбасарының түсіндіруінше, Шартқа сәйкес бір тараптың аумағында қылмыс жасаған және екінші тараптың аумағында жасырынып жүрген қылмыскерлерді экстрадициялау бойынша екі елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимыл жасау мәселелері регламенттелген.
Отырыс аясында осы заң жобасына қатысты қосымша баяндаманы бастан-аяқ қазақ тілінде жасаған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Наринэ Микаелян орайлы сәтте Мәжіліс Төрағасы тарапынан жоғары баға алып, қошеметке бөленді. Ал депутаттың пікірінше, құжатқа ұстап беру саласындағы еуропалық стандарттар имплементацияланған. «Сол себептен де ұстап беруге әкеп соғатын негіздер мен ұстап беруден бас тарту шарттары егжей-тегжейлі регламенттелген. Сондай-ақ уақытша ұстап беру мен ұстап беруді кейінге қалдыруды реттейтін нормалар да бар. Ұстап беру мәселелерінде тікелей өзара іс-қимыл жасайтын екі мемлекеттің орталық органдары айқындалған. Құжаттарды беру тәртібі мен олардың рұқсат етілуі де ескерілген», деді Н.Микаелян.
Айта кетейік, жиын барысында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың баяндауымен Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесі туралы және оның қызметтік мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Ал отырыс соңында халық қалаулылары өз құзыреттері шеңберінде тиісті ведомство басшыларының атына депутаттық сауалдарын жолдады. Олардың қатарында Берік Дүйсенбинов, Галина Баймаханова, Жамбыл Ахметбеков, Аманжан Жамалов, Серік Сәпиев, Шакир Хахазов, Владислав Косарев, Қуаныш Сұлтанов, Кұдайберген Ержан, Шаймардан Нұрымов және Азат Перуашев болды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»