25 Қаңтар, 2018

Отандық туындылар көбейіп келеді

489 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оқырман азайып, көрермен көбейген бүгінгі заманда ғаламшардан іздегеніңді ғаламтордан табу қиындық тудырмайды. Жаһандану дәуірінде жас ұрпақты ұлттық нәрмен сусындатудың өзі үлкен мәселе. Дегенмен телефонға телмірген қазіргі адамдардың назарын телеарнаға бұрғызу үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің атқарған жұмыстарынан аттап өтуге болмас. Бұрындары отандық арналардан корей мен үндінің телехикая­лары көп берілгендігі жасырын емес. Осы және өзге де олқылықтардың орны толғанын отандық телетуындылардың көбейгенінен көруге болады. 

Отандық туындылар көбейіп келеді

«Қазмедиа» орталығында өткен жиында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өткен жылы әртүрлі жанр­дағы, түрлі тақырыпты қамтитын 40 сериал көрермен назарына ұсы­нылғанын атап өтті.  

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір біз отандық сериалдарды дамытуға барынша көңіл ауда­рып отырмыз. Мемлекет басшы­сының тікелей тапсырмасы бойынша, халқымыздың салт-дәстүрін, тарихы мен ерекше құн­дылықтарын насихаттайтын телеөнімдерге баса назар ауда­рып келеміз.

Мәселен біз өткен жылы әртүрлі жанрдағы, түрлі тақырыпты қамтитын 40 се­риалды көрермен назарына ұсындық. Отандық телехикаяларды түсіруді тек қана мемлекеттік арналарға емес, коммерциялық каналдарға да тапсырған болатынбыз. Жанрлар жан-жақты әрі әртүрлі жастағы аудиторияға ар­налғандықтан бұл жұмысты жауап­ты мамандарға табыстадық деп ойлаймын. Бұл сериалдардың бір­неше бағыты болды. Мәселен, қо­ғамның әлеуметтік тұстары, отба­сылық құндылықтар мен береке-бірлікті насихаттап, халқымыздың бай тарихы мен дәстүрін де көрсетуге тырыс­­тық. Әрине көрерменнің көзқа­­расы әртүрлі болады. Сон­дық­тан сериал­дар­дың рейтингі де бір­ден артып кетуі мүмкін емес. Ең басты­сы, осы жұмыс­тар  шығарма­шылық топтардың кәсі­би дең­гейінің өсуіне ықпал етеді. Біз оған сенеміз. Құрмет­ті кө­рер­мен­деріміздің, зиялы ор­таның пікір­лерін біліп отыр­­­мыз. Эк­ранды шетелдік сериал­­дар жау­лап алды дейтін­­дер де бар. Сон­дықтан біз ал­ды­­мызға ауқымды стратегия­­лық мақсат қойдық. Бұл мақ­саты­мыз – сапалы отандық теле­фильм­дер­дің санын арттыру, кө­рер­мен тал­ғамына сай, жақсы сериал­дар түсіру. Сондықтан да бұл жұ­мыс­ты жалғастыра беретін боламыз», деді Д.Абаев.

Сонымен қатар министр өт­кен жылы 131 әлеуметтік бейне­ро­лик түсірілгенін және бұл Қазақ­стан телеарнасының тарихы үшін рекордтық көрсеткіш екенін жеткізді.

«Ақпараттық технологиялар күннен-күнге дамып жатқан заманда біз ата салтымызды сақтап қалуға, эфирде көрсетілетін дү­ние­лердің сапасын арттыруға үл­кен назар аударуымыз қажет. Халқымыз «Елдік мұрат – ең биік мұрат» деген қанатты сөзді бекер айтпаған. Сонымен өткен жылы «Қазақстан» телеарнасы 15 сериал, «Хабар» 13 сериал, жеке телеарналар әртүрлі жанрлар мен түрлі тақырыпты қамтитын 12 өнім шығарды», деді министр.

Жиынға қатысқан «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төраға­сының орынбасары Ринат Кер­таев «Хабар» арнасында шыға­тын сериалдардың 95 пайызы қазақ тілінде екенін атап өтті.

«Өйткені бізде отандық өнімге, оның ішінде қазақ тілін­дегі өнімге деген сұраныс жоға­ры. Сол себепті біз көпшілік көрер­меннің қазақтілді азаматтар екенін ескере отырып, қазақтілді аудиторияның қатары артып келе жатқанын алдыңғы орынға шығара отырып, мемлекеттік тілдегі өнімді көптеп шығарамыз. Бұрындары сериалдар аз түсірі­летін кезде бір жылға арналып жоспарланып түсірілген сериал­дарды біз сол жылдың ішінде түсіріп, көрсетіп бітіретінбіз. Ал соңғы жылдары Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің сериал өндірісін қолдауы, сериалдарды қаржыландыруды арттыруы арқасында былтыр шыққан сериалдардың ішінде әлі де болса қаңтар, ақпан айларында эфирге шығаруға жоспарланып отырған дүниелер бар. Бірақ барлық сериалдар өндіріс бойынша жоспарланған мерзімде түсіріліп, тапсырылып үлгерді. Отандық сериалдардың түсірілуі телеарна үшін де үлкен көмек. Өйткені, телеарнада екі маусым бар. Олар: көктемгі және күзгі мау­сым. Сол маусымдардың орта­сын­дағы үзілістерді сездір­мей, кө­рерменнің отандық се­риал­дар­ды жыл бойы көруіне жақ­сы мүмкіндік беріліп отыр деген ойдамыз», деді ол.

Ал «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай негізінен сериалдардың тілі ол арнаның бағытына, аудиториясына байланысты дейді. Сонымен қатар Л.Танысбай «Астана» арнасы аудиториясының 87 пайызы қазақ тілінде болғандықтан, сериалдар тек қазақ тілінде түсі­рі­летінін тілге тиек етті.

«QAZAQSTAN» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин Ұлттық арна түсірген «Тар заман» телесериалына тоқталып, кеңінен ақпарат берді.
«Тар заман» сериалы ХХ ға­сырдың басындағы түрлі тарихи драмалық оқиғаларға арналған туынды. Бұл ауқымды жоба болды. Біз оған мұқият кірісіп, ұзақ дайындадық. Тұрсын Жұртбай, Берік Әбдіғалиұлы бастаған арнайы кеңесшілер тобы құрылды. Берік Әбдіғалиұлы жобаның басынан аяғына дейін өзі кеңесші бол­­ды. Біз оның сценарийін мұ­қият зерттеп, қарап, ойнайтын ак­тер­лерді де бүкіл респуб­лика бо­йынша іріктедік. Сериал бірнеше жерде түсірілді. Нақты­рақ айт­сақ, Алматыда, Тал­ды­қор­­ған­да, Таразда, Мер­кіде, Пав­­ло­­дарда, Баянауылда және Орын­бор­да түсірілім жұмыста­ры жүр­гі­зілді. Бұл сериалда 37 тари­хи кейіпкер суреттелген. Негіз­­гі кейіпкерлері – Алаш қай­рат­­кер­лері. Аталған туынды көрер­мен назарына наурыз айында ұсы­нылады», деді Ерлан Қарин.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»