Экономика • 25 Қаңтар, 2018

Мұрат ЖҰРЫНОВ. Жаһандық 30 экономикаға апарар жол

510 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жыл сайынғы Жолдауын Қазақстан халқына арнап, еліміздің алдағы уақытта қарыштап дамуының басты 10 бағытын нақтылап белгілеп берді.  

Мұрат ЖҰРЫНОВ. Жаһандық 30 экономикаға апарар жол

Биылғы Елбасы Жолдауының ерек­шелігі – ел дамуының түбегейлі тұстарын зерде­леп, оның сан қырлы салаларын жүйе­лі түрде жаңғырту мәселесіне мән беруінде. Стратегиялық мазмұны жоғары бұл құжатта анықталған он міндеттің әрқайсысы еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін қажет.

Елбасы мемлекетті жаңа сатыға көтеретін ауқымды реформаларға үлкен үміт артып, ондағы басымдықтардың бүгінгі қоғамға сәйкес келетін өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды. Демек, қазіргі заманның нағыз дамыған өркениетті елдерінің қатарына қосылуы үшін ескі экономикалық жүйені ғана емес, қоғамдық сананы да өзгертуге тиіспіз деген ойды ортаға салды. Мәселен, соңғы жылдары қолға алынған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары секілді реформалардың мәні зор, маңызы ерек. Осы ізгілікті бастамаларды жалғастырып, ұлттық келбетімізді, рухани мәдениетімізді жоғалтпай, кемелденуге бағыт алуымыз қажет.

Президент өз Жолдауында иннова­ция­лық индустрияландыру саясаты эконо­ми­ка­ның флагманына айналуы тиіс деген тапсырма жүктеді. Расын­да да Қазақстанның бүгінгі жеткен жетіс­тігі, алдымен Елбасы пәрменімен іске асырылған индустрияландыру бағ­дар­ламасының арқасында мүмкін болып отыр. Міне, соның нәтижесінде қаншама жаңа өндіріс орындары пайда болды, ол өз кезегінде мыңдаған қазақ­стан­­дық үшін тұрақты жұмыс көзіне айнал­­ды. Мәселен, бір ғана өткен жылдың өзін­де индустрияландыру картасы бойын­ша 12633 жұмыс орны ашылды. Осы ба­ғыт­тан таймасақ, еліміздің келешегі кемел болары сөзсіз. Өйткені қазіргі дамы­ған мемлекеттердің бәрі де осы жолмен жүріп өткен. Маңызды стра­тегиялық қадам­дарсыз экономикамыз да өрге баспай­ды, алдыңғы қатардағы отыз ел­дің жаһандық экономикасына кіру қиын. 

2017 жылы еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 пайызға, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 пайыздан асты. Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы кө­ле­мінде өңдеуші сектордың үлесі 40 пайыздан асты. Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік берді. Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұ­мыс­сыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін тө­мен­­деді. Еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық табыстарының негізі – азамат­тық бей­біт­шілік, ұлтаралық және конфес­сия­ара­лық келісім – біздің басты құндылық­тары­мыз ретінде қала бермек. Ең басты құн­­ды­­лығымыз – тәуелсіздігімізді сақтай оты­­рып, Президентіміз алға қойған нақты ұлт жос­парын іске асыру – біздің басты міндет. 

Елбасы жариялаған басымдықтар мен міндеттер Қазақстанның әлеумет­тік-эко­но­микалық және технологиялық тұрғы­да жаңғыртудың логикалық жалғасы іспет­тес. Кез келген мемлекет өз билігінің тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету үшін бұқара халық­тың әл-ауқаты мен тұрмыстық жағ­дайын ұдайы жақ­сартып отырады. Бұл – аксиома. Адами капиталдың сапасын арттыру мемлекет дамуын қамтамасыз етудің бас­ты алғышарты. 

Көпшілікке белгілі, кезінде М.Горбачев КСРО-ны жаңа демократия­лық бағытқа бұрып, халықтың тұрмыстық деңгейін еңбек өнімділігін арттыру арқылы көтермекші болды. Ол үрдісті «Перестройка» деп атады. Бірақ оның қоғамды «қайта құруының» бағдарламасының негізінде «ұлттық (немесе қоғамдық) сананың» өзгеруі, оның даму жолдары қаралмады. Осы терең гума­нитарлық мәселені М.Горбачев техно­кратиялық жолмен шешіп тастауға болады деген жалған пікірден шыға алмады.  

Бұл жердегі астын сызып тұрып айтатын мәселе, Елбасы өзінің іргелі еңбектерінде елімізді дамытуды бірінші кезекте ұлттық кодты (тіл, діл, әдет-ғұрып, дін, рух) сақтай отырып, ұлттық сананы жаңғыртудан бастау керектігін алға тартты. Осылайша мемлекетімізде меритократиялық, яғни біліктілер билігі орнаған, экономикасы дамыған, әлеуметтік тұрмысы жетілген, бірегей ұлт қоғамын құру процесі басталды. Еліміздегі ұлтаралық достық, ерекше мәртебесі мен Парламентке депутат сайлау құқығы жекеше Қазақстан халқының Ассамб­леясы, діни конфессиялары ара­сын­дағы түсіністік пен келісім, жыл сайын жақсарып келе жатқан әлеуметтік-эконо­микалық жағдай және т.б. игіліктер Қазақ­станды Еуразиядағы үлгілі мемлекет дәрежесіне жеткізді. Сондықтан халықара­лық аренада Қазақстанның беделі жоғары.

Күні кеше Елбасының ресми сапарында АҚШ Қазақстанды өте маңызды стратегиялық серіктес дәрежесінде таныды, еліміздің БҰҰ жанындағы Қауіп­сіздік Кеңесіне төрағалығы басталды. Бұл – Қазақстан халқы үшін теңдессіз мақтаныш. 

Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде Нью-Йорк­тан бүкіл әлемге таралған 25 баптан тұратын нақты мәлімдемесіне жоғары баға беріліп, бұл салада жаңа леп пайда болғаны мойындалып жатыр. Әлем­дегі жойқын қаруды тізгіндеуде, халық­аралық қатынастардағы проблемаларды тек келісім жолымен шешу, жер бетін­де тыныштықты сақтау қыз­метінде Елба­сының еңбегі Бейбітшілік қызметі үшін берілетін Нобель сыйлы­ғына әбден лайықты екенін тағы бір айтып кеткім келеді. Бұл тек қана біздің ака­демияның пікірі емес, бізбен қарым-қаты­нас жасап, араласып жүрген Ресей, Ук­раи­на, Беларусь академиктерінің де пікірі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы мемлекеттің индуст­рия саласын дамытуды ешуақытта назардан шығарған жоқ. Себебі мемлекетті өркендетудің бірден-бір тиімді жолы ол – ауыр индустрияны дамыту және инновация жетістіктерімен толықтырып отыру. Дамыған Батыс мемлекеттерінде мұны «Scientific support» (ғылыми көмек) деп атайды, яғни өндіріске ғылыми көмек көрсету, дұрысы – ғылыми сүйемелдеу (научное сопровождение). Сатылып алынған ең жаңа технология (трансферт) әрі кетсе 5 жылда ғылымның тез дамуына байланысты тиімділік үстемдігінен айырылады. Сондықтан кез келген зауытты немесе фабриканы ғылыми сүйемелдеу арқылы алғы шепте ұстап тұру керек. Мысалы АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде, Батыс Еуропа елдерінде өңдеу, тауар шығару өндірісі осылайша жұмыс істейді. Ал керісінше Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ауылшаруашылық дақылдарынан жыл сайын 4-5 рет өнім алатынына қарамай, кедейшілікте өмір кешуде. Себебі ол елдерде индустрия дамымаған, ал ол жағдай өз кезегінде жоғары техникалық білім мен ғылымның жетілмегендігіне байланысты орын алып отыр. Сондықтан «Ғылымсыз даму (прогресс) жоқ» – деген аксиоманы естен шығармау керек. 

Дегенмен елімізде бүгінгі күні өндіріс тарапынан ғылымға сұраныс көңіл көн­шітпейтінін айта кету керек. Оның негізгі екі себебі бар. Біріншісі – көптеген ірі өндіріс орындары шетелдік инвесторлардың қолында, ол компа­ниялардың өз елдерінде көптеген ғылыми-зерттеу институттары бар, ғылымға бөлі­нетін шығындары сонда кетеді. Ал одан төмендеу өндіріс орындары – монополистер, қандай тауар шығарса да өтімді, арасында бәсекелестік жоқ. Ғылымсыз-ақ табысты күреп тауып, қоршаған ортаны да аямай бүлдіріп жатыр. Екінші себебі – ғылыми лаборатория мен өндіріс цехтарының арасын жалғап тұратын көпір бұзылған. Ғалымдардың жаңа, әрі озық тәсілмен грамдап алған заттарын өндіріс басшысы өз зауытына ендіру үшін, тонналап болмаса да килограмдап шығаруды талап етеді. Онысы дұрыс, бірақ ол үшін жартылай өндірістік ірі қондырғы керек. Бұрын ірі зауыттарда тәжірибелік немесе экспериментальдық цехтар болатын. Олар Кеңес Одағымен бірге жоқ болды. Қомақты қаражат талап етуіне қарамастан, оларды жобалау және конструкторлық бөлімдермен қоса қайта құру керек. Жаңадан өріс алып келе жатқан мемлекет-жекеменшік әріптестігін құру арқылы бұл мәселені толық шешуге болады. Ондай игі бастамалар да жоқ емес. Мысалға, Алматы қаласының жанында «Байсерке» атты көпсалалы әмбебап ауылшаруашылық өндіріс орнында, оның басшысы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА құрметті мүшесі, профессор Темір­хан Досмұхамедов Ұлттық ғылым акаде­мия­сының бір топ ғалымдарының сүйемелдеуі арқылы ең озық технологияларды енгізіп, өнімділігі жағынан (бидай, жүгері, соя, т.б.) дүниежүзілік рекордтар беріп жатыр. «Байсеркенің» тағы бір айта кететін ерекшелігі ҰҒА академиктерімен бірге «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқып келген мамандар да қатарласа жұмыс істейді. Еңбекқорлыққа, таза пиғылмен ғылымның биік идеалдарына ұмтылып аянбай қызмет етуге үйренеді. 

Қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгері­летуді жүзеге асыру педагог кадрларға тікелей байланысты. Осы орайда Елбасы Жолдаудың жетінші негізгі міндетінде білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс екендігін және бұл арада мұғалім мамандығының беделін арт­тыру қажеттігін алға тартты. Мұнда, әсіресе ақ­па­раттық технологиялар бойынша білім беру­ді барынша дамыту, жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың ака­демиялық еркіндігін заңнамалық тұр­ғы­дан бекіту қажеттігі айтылды. Осы ара­­да оқытушылардың қайта даярлықтан өтуі­не күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустары ашылуы қажет. Сондай-ақ қазақ тілін оқыту, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру арқылы жастарымыздың интеллектуалдық қабілетін жоғарылату мәселесі де назардан тыс қалмады. Білім беру жүйесінің барлық деңгейі экономиканың бүгінгі қажеттілігіне сай болуға тиіс. 

Жолдауда айтылғандай, алдағы кезде, әсіресе жас ғалымдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету жандана түспек. Оларға мемлекеттік гранттар бөлу, квота беру көлемі ұлғайтылмақ. Елдегі жоғары оқу орындары ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұстаз дайындауды одан әрі жаңа деңгейге көтере түсуі қажет. Өйткені жаңа мыңжылдықта өз кәсібінің қыр-сырын жете меңгерген мамандардың бәсі басым болмақ. Мұны уақыттың өзі айқындап отыр.

Елбасы Жолдауының тоғызыншы мін­детінде «Заң үстемдігі мен жемқор­лық­пен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып қала беретінін» тағы да баса көрсетті. Кейінгі кезде БАҚ саласы жөнге келе бастады, жақсы, қатаң заң қабылданды. Жалпы барлық салада заң үстемдігін орнатпай біз алға басып, өрістей алмаймыз. Қазір теледидардың қай арнасын басып қалсаңыз да әртістерді көресіз. Олардың 3-4 арнайы арналары («Гәкку», «Жұлдыз», «Той-думан» және т. б.) бар емес пе? Барлық өсек-аяң, жалаңаш әдепсіздік, бір сөзбен айтканда жын-шайтан сол жерде. Ал еңбек озаттары қайда? Ірі зауыттарға табысты басшылық жасап жүрген директорлар, дүние жүзін мойындатқан ғалымдар мен жазушылар қайда? Оларға ерген талантты жас мамандар қайда? 

Тағы бір келеңсіз орын алған жағдай – рушылдық. Ұлан-ғайыр жерімізде ат төбеліндей қазақ руға, жүзге бөлініп ара-дара болсақ, Қазақстан халқын қалай біріктіреміз? Тарих саласындағы жетек­ші ғалымдарымыздың пікірінше жүзге бөлінудің қандық (туыстық) негізі жоқ, тек территориялық маңызы болған. Ресей Патшасының «бөліп ал да билей бер» саясатын іске асыру үшін әдейі қазақ­тарды үш жүзге бөліп, ру-тай­паларды бір-біріне қарсы қойып, жауластырып отырды. Ресей империясының жәрдемімен қару-жарақ (мылтық, пушка, т.б.) жинап алған жоңғарлармен болған жойқын соғыстарда 1733-1752 жылдары «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» заманы болды. Рулар, тайпалар қуғын-сүргінде жүріп әбден араласты.

Кейін бастары бірігіп, жоңғарларды тас-талқан қылып жеңді. Бірақ өздері де 70-80% пайызынан айы­рылды. 1920, 1932-1933, 1937 жылдарда нәубет тағы да қазақтың басына орнады. Қазақ халқы тағы да өзінің 60-70%-нан айырылды. Демография заңына сәйкес өзінің үштен екісін жоғалтқан ұлт ассимилицияға ұшырап жоқ болып кетуі әбден мүмкін. Құдайға шүкір, Керей мен Жәнібек, Бұрындық пен Хақназар, Қасым-хан мен Есім хан, Тәуке хан, Абылайхан мен Кенесарылар қорғап қалған жерімізде қайтадан басымыз қосылып, аман-есен, тыныштық, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы Жолдауында Қазақстан халқын бірыңғай, біртұтас ұлт болуға шақырады. Сондықтан ел алдында жүрген азаматтар елді тұтастыққа жұмыл­дыруы керек.

Алдымыздағы үлкен мақсат 2050 жыл­ға дейін дамыған 30 елдің ішіне кіру екені белгілі. Бұл оңай шаруа емес. Ал­ға ұм­тылмай жүрген мемлекет жоқ. Бі­рін­ші 30-дыққа кіру үшін бізге Еуро­па мем­лекеттері жеткен деңгейлерге ұмтылу­ға тура келеді. Ол үшін ел іші тату-тәтті, жоғары саналы мәдениетті, біртұтас ел болуымыз керек.

Мемлекет басшысы ұсынған елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған 10 негізгі міндет – Қазақстан дамуының жаңа бағыты. Сонымен қатар Жолдау Қазақстанның әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне сеп болады. Осы орайда, Елбасының 2018 жылға арнаған Жолдауын ҰҒА академиктері мен корреспондент-мүшелері, жалпы барлық ұжымы толығымен қолдап, оны жүзеге асыру барысында аянбай еңбек ететіндеріне сеніміміз мол. 

Жолдауда сөз болған маңызды мін­деттерді жүзеге асыру Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын биіктетіп, айқындап берері даусыз. Демек, Мәңгілік ел қалыптастыру жолында Жолдау жүктеген міндеттерді орындау болашағымызды жарқын етуге негіз болмақ.

Мұрат ЖҰРЫНОВ, 
ҚР ҰҒА президенті,

академик