Қазақстан • 26 Қаңтар, 2018

Студенттер биологиялық батарея ойлап тапты

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкенттік жас өнертап­қыштар жарыққа кететін шы­ғынды он есеге азайтатын био­логиялық батареялар ойлап тапты. 

Студенттер биологиялық батарея ойлап тапты

Күріштің қауызын ыдырату арқылы энергия көздерін алуға болатынын дәлелдеген 20 жастағы Ілияс Мұраттың айтуынша, бір батареяны орнату электр энергиясын 49 жыл бойы тегін пайдаланумен бірдей. Яғни батареялардың экологияға да, экономикаға да пайдасы орасан. Биологиялық батареялар қарапайым күріштің қауызына таза биологиялық бактерияларды қосуды ғана қажет етеді. Осы кезде ыдырау процесі жүріп, электр энергиясы пайда болады. Ешқандай шығынсыз қуат алуға болады. «Биологиялық батареялар біріншіден, қаражат өте аз жұмсалып, өзін өзі ақтау мерзімі қысқа уақытты қамтиды. Біз күріштің қауызын ыдырату кезінде химиялық энергияны тікелей электр энергиясына ауыстырдық. Осылайша ұзақ мерзімге шыдайтын аккумуляторлар ойлап шығардық», дейді Ілияс.

Биологиялық батареялардың басты артықшылығы – ұзақ мерзімге жарамды. Бұл жобаның теориясын Ілиястың әкесі жазған. Баласы достарымен әкесінің бастаған ісін тәжірибеге енгізіп, нәтиже шығарған. «Біздің батареяларды орналастыруға 60 млн теңгедей инвестиция керек. Егер инвесторлар табылып, қолдау көрсетсе, батареяларды зерттеуді жалғастырып, тек Қазақстан емес, әлемдік рынокқа шығарғы­мыз келеді. Біздің жобаға АҚШ-тан мамандар қызығып отыр, мамыр айында жұмысымызды таныстыруға шетелге аттанғалы отырмыз. Десе де, осындай пайдалы дүниені өз еліміздің азаматтары қолдаса, Елбасымыз айтқан «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамыған Қазақстан» болуға бір адым жақындар едік», дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-ші курс студенті І.Мұрат. Сон­дай-ақ ол батареялардың пай­далы әсер коэффициентін көтеруді жоспарлап отыр. Сол арқылы ноутбук және ұялы телефондарды арзан әрі кез келген жерде қуаттауға болатын мүмкіндік туғызбақ.

Айта кетелік, жас өнертап­қыштардың бұл жобасы жуыр­да облыстық кәсіпкерлер пала­тасының бастамасымен өткен байқауда бас жүлде алып, 1 млн теңге ұтқан. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»