Әлем • 30 Қаңтар, 2018

Жаңа дәуірдегі тарихи белес

575 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа алғашқы сапары мен осы жолғы мемлекеттік ресми сапарының арасында 26 жыл (1992 ж. мамыр) өтіпті. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас сенімді, өзара достық негізде өрбіп келеді. Ал бұл сапардың жөні ерекше. Осы жолғы Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаев кездесуінің нәтижесі екі ел арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсетініне сенім мол. Оған, әрине үлкен негіз бар. 

Жаңа дәуірдегі тарихи белес

Әр мемлекеттің түпкі мақ­­саты елдің ішкі ахуалын жақсар­тып, сыртқы саясатта да ынты­мақ­тастыққа жету екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда АҚШ-тың алатын орны ерекше. Өйт­кені Америка барлық салада алға шыққан алып держава. 330 миллионға тарта халқы бар, қарыштап дамыған елдің өркен­деп өсуі өзгелерге үлгі. Әлем­дегі ең үздік, аса сапалы ғы­лым, білім ордаларының дені, ға­лымдардың ғаламат жаңалық­тар ашуы да осы елде ұшыра­сады. Нобель сыйлығын алған­дардың басым бөлігі де АҚШ-та. Аузын айға білеген Американың әлемдік саясаттағы орны да өзгеше. Қазақстан өз кезегінде әлемде бейбіт бастамаларымен, ынтымақтастыққа бағытталған игі шараларымен танымал. Сонымен қатар АҚШ экономикасы жоғары тех­но­логияға негізделген. Әлемде ең үздік да­мыған озық үлгідегі кәсіп­­орындар осы елде. Демек, бұл ел­­мен экономикалық қаты­нас­та тек қаржы тартумен қатар, озық тех­нологияларды да кел­тіру ма­ңызды. Міне, осының бәрі өзі­нің оң нәтижесін беріп отыр.

Қазақстан Президенті биыл­ғы жылдың басында АҚШ Пре­зидентінің арнайы ша­қыруымен Ақ үйде болған алғаш­қы мәр­тебелі мейман. Оның үстіне Орталық Азия елдері басшылары арасынан Д.Трамп­тың бірінші қабылдағаны – Қазақ­станның Көшбасшысы. Біз бұ­дан алып державаның Қаза­қ­станмен жан-жақты қарым-қа­тынас орнатуға ниетті екенін аңғарамыз. Дүйім жұрт көз тігіп, құлақ түрге­ніндей, бұл жәй кездесу емес, АҚШ Президенті Елбасын қатт­ы құрметтейтінін айтып, Қазақ­стан бүгінде өте жақсы табыс­тарға қол жеткізгенін тілге тиек етуі, оны ыстық ықыласпен қар­сы алуының өзі көп нәрсені аң­ғартса керек.

Орталық Азия АҚШ үшін маңызды екенін тағы бір мәрте растады. АҚШ-тың Қазақстанға өзгеше назар аударуының себебі, еліміз экономикасы бойынша аймақтағы ірі мемлекет, сонымен қатар саяси жүйесі ашық, тұрақты мемлекеттер қатарында. Дональд Трамп бастаған АҚШ әкімшілігінің бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі осында жатса керек.

 Қаржылық мәселеге келсек, жалпы сомасы миллиардтаған долларды құрайтын  ірі жобаларды жүзеге асыруға келісім жасалды. Ол экономикалық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік салалардағы тиімді әріптестікке жол ашады. Сондай-ақ сыртқы саясатта ұтымды шешімдер жасалғаны тағы бар. Әлем экономикасының шамамен 24 пайызы АҚШ-тың үлесінде екені белгілі. Небір дамыған озық технология, алып өндіріс орындары да осы елде. Ал мұндай алпауыт елмен экономикалық байланыс орнатуға әркім де мүдделі. Осы тұрғыдан келгенде Елбасының осындай ірі мемлекетпен жан-жақты байланыс орнатудың оңтайлы тәсілін таба білуі ел дамуы жолындағы тарихи қадам екені сөзсіз.

Әлемдік ақпарат құрал­дары­ның пайымдауынша, сапар өте жемісті өтті. Оған екі ел бас­шыларының өзара жеке әңгі­мелесуі мен кеңейтілген құрам­дағы кездесулері себеп болды. Екіжақты экономикалық, саяси мәселелер, екі ел арасындағы даму үрдістерімен қатар, ай­мақтық ауқымды мәселелер, жаһандық қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмай, жан-жақты талқыланды.

Сапар барысындағы ма­ңыз­ды мәселенің бірі – Қазақ­стан­ның Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Қауіпсіздік Кеңесіне Төр­ағалық етіп, жаһанның ең биік мінберінен Мемлекет басшы­сының төрелік айтуы – елі­міздің және әлемнің жылна­ма­сындағы тарихи маңызды оқи­ға. Халықаралық аренада Ел­басының сөз сөйлеп, ғалам­дық процестерге орай ұтым­ды ойларын ортаға салуы үл­кен бедел әкелді. Ғаламдық үрдістерде кейде күрмеуі қиын, оңай шешіле салмайтын, икемге келмейтін, өткір мәселелер болады. Осындайда тығырықтан жол тауып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің түйінін шешу кез келген мемлекет үшін оңай шаруа емес. Міне, осы тұрғыда Қазақстан Республикасы дер кезінде ұсынған «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» атты бағдарламалық құжаты БҰҰ-ның Бас Ассамблея­сы мен Қауіпсіздік Кеңесінде «Жаппай қырып-жоятын қару­ларды таратпау: сенім шаралары» тақырыбын көтерген отырыс барысында жалғасын тауып, өз жемісін берді. Ядролық қа­ру­дан бас тарту, терроризммен кү­рес мәселесі күн тәртібіне қо­йылды.

Ғаламдық проблемаларды шешіп, әлем елдерінің ой-пікірін бір арнаға тоғыстыру әсте оңай іс емес. Қазақстан бұл міндетті асқан абыроймен атқарып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Солтүстік Кореяны да осындай қадам жасауға шақырғаны әлем жұртшылығының назарын аударды. Қазіргі Солтүстік Корея ядролық қаруды иемденгісі ке­летін амбициясы бар өзге де мем­лекеттердің осындай әрекет­ке баруына түрткі болуы мүмкін деген ескерту айтты. Президент бұл орайда Қазақстанның мүд­делі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін де жеткізді.

Қазақстан Президентінің алып держава АҚШ-қа жасаған ресми сапары тиімді болғанына ақпарат құралдары баса назар аударды. Осы сапардың эконо­ми­када, сыртқы саясатта және әлемдік қоғамдастықта қан­ша­лықты маңызға ие болғанын сараптап, саралап ұсынушылар аз болмады. Соның бәрі біздің елге, мемлекетіміздің басшысы­на деген оң пікірлерін айтып жат­ты. Қазақстан Президентінің АҚШ-қа ресми сапарының нәти­жесі қос мемлекеттің қарым-қаты­насын жаңа деңгейге көтергенін айқындады.

Елбасы АҚШ-қа жасаған ресми сапарының қорытындысына орай БАҚ өкілдерімен болған кездесу барысында Дональд Трамптың Ақ үйдің өзге басшыларынан мүлдем бөлек екенін айтып өтті. Ол нақты істің адамы, айтқанын орындайтын, ту­ра­сын айтатын басшы деді. Осын­дай нәтижелі кездесу қоры­тындысына орай ендігі жерде екі ел арасында тиімді оң өз­герістер болатынын нық сенім­мен жеткізді. Бұл сәтті сапар, жа­ңа дәуірдегі тарихи белес болды.

Ақан БИЖАНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану  институтының директоры, саясаттану  ғылымдарының докторы, профессор