Сондай өмірден өз орнын тауып, өзінің перзенттік борышын адал атқарып, көпшіліктің құрметіне бөленіп, артында өшпестей із қалдырып, дүниеден ертерек озған халқымыздың адал перзенттерінің бірі, бүгін біз еске алып отырған Мырзагелді Әбдірайымов.
Мен Мырзекеңді 1960 жылдардан білетін едім. Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында бірге оқыдық. Бәріміз ауылдан келген жас жігіттерміз. Бірге футбол ойнайтынбыз. Екеуміз де техникумда өте жақсы оқыдық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүргендіктен бір-бірімізді жақсы танып, етене араласып кеттік. Суреттеріміз техникумның құрмет тақтасында ілулі тұратын. Мен техникумды үздік, қызыл дипломмен бітіріп, оқуды одан әрі жалғастыру үшін 5%-тіктердің есебінен Мәскеу Ветеринария академиясына жолдама алып, химия пәнін 5-ке тапсырып оқуға түстім. Сол кездегі жоғары оқу орындарына түсу ережесі бойынша, сол саладағы орта арнаулы оқу орнын үздік бітіргендерге 5% есебінен еліміздегі сол сала бойынша ең белгілі жоғары оқу орындарына жолдама берілетін. Жолдама алған абитуриент емтиханды негізгі бір пәннен 5-ке тапсырса, ол сол жоғары оқу орнына конкурссыз қабылданатын. Мен үздік бітіріп, техникумның 5% есебінен Мәскеудегі жоғары оқу орнына түскен алғашқы түлегі болдым. 1967 жылы мен 3-курста оқып жүргенімде, Мырзагелді де техникумды үздік бітіріп, 5% жолдамамен Мәскеуге келіп, Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясына оқуға түсті.
Менің Мәскеуде оқитынымды білетін Мырзагелді 1967 жылы өзі іздеп келді. Содан бастап екеуміз жиі араласып тұрдық.
Мырзагелді студент кезінен ұлтжанды азамат еді. Мәскеуде қазақтар құрған «Жас тұлпар» ұйымы қудалауға ұшырап, таратылғаннан кейін, соның әсерімен қазақ студент жастарының «Арман» ұйымы құрылды, оның жұмысына Мырзагелді де атсалысып, көптеген жұмыстардың басы-қасында болды.
Қазақ студент жастарының басқосуында, студенттік кештерде, туған күн мерекелерінде жиі кездесіп тұрдық. Пікірлес болдық, ойымыз бір жерден шығып, көзқарастарымыз қабысып, бүкіл болмысымызбен бір-бірімізді толықтырып жүрдік.
Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігі әртүрлі мерекелер қарсаңында Мәскеуде оқитын Қазақстаннан келген студенттерге көмек ретінде 10-15 сом қаржылай көмек беріп отыратын. Біздер сол көмекті алғаннан кейін басымыз қосылып, демалатынбыз. Көңіл көтеріп, әңгімелесіп, ән шырқап, музыка тыңдайтынбыз.
Мырзагелді сондай отырыстардың, кештердің гүлі еді. Өзі музыкант, ән айтатын, кездесулерге аккордеонын алып жүретін. Мырзагелдінің бір қасиеті, ән айтарда ешкімді жалындырмайтын. Бәрін өзі ұйымдастырып, енді кезекті әнге берейік деп, аккордеонын айқара тартып, ашық дауыспен ән шырқағанда, әнді орындау шеберлігіне, дауысына риза боласың, елтисің, ерекше сезімге бөленесің. Арамызда мектепті орысша оқып, қазақша ән айтуды білмейтін қазақ жастары да баршылық болатын. Мырзагелді оларға әннің сөзі мен мәтінін үйретуден жалықпайтын.
Ол сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен, жігерлілігімен академияда сабақты жақсы оқыды, спортпен де айналысты, музыка ойнап, ән салды, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қазақ студенттері бас қосқан жиында асаба да болды.
Мен Мәскеуде оқып жүріп 1970 жылы үйлендім. Біздің Айман екеуміздің үйлену тойымызда Мырзекең тамада болып, өзі музыка ойнап, ән айтып, тойды басқарғаны күні кешегідей көз алдымда.
Мәскеуде бес жыл оқып, білім алып елге оралған бетте қызу еңбекке араласып кеттік.
Дүниеге келген әр адамның орындайтын адами қарыздары және парыздарымен бірге, заманына сай ерекше мүмкіншіліктері, міндет-мақсаттары болады. Сол заманның берген мүмкіндіктерін толық пайдалану арқылы, алдына қойған мақсаттарды өз дәрежесінде орындай білген адам ғана өмірден өз орнын тапқан, ел, ұлт алдындағы перзенттік борышын атқарған азамат болып есептеледі.
Мырзекең дәл осындай азамат еді. Ол дүниеден ерте кетті. Біз Мырзекеңнен алпыстан енді асқанында айырылып қалдық. Осы кезең ішінде ол туған жерге, елге, Отанға барынша қызмет етті. Ауылдастары да Мырзекеңнің еңбегін лайықты бағалап, оған Мойынқұм ауданының құрметті азаматы атағын берді.
Мырзекең бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен ауылшаруашылық ғылымын дамытуға арнады. Алыстағы ауылдағы қарапайым отбасында тәрбиеленіп, білімге деген құштарлығы мен табандылығының, еңбекқорлығының, талантының арқасында ол қай жерде оқыса да үздік деген бағаға оқыды. Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясын бітіргеннен соң, академия аспирантурасында білімін жалғастырып, кандидаттық диссертация, содан кейін Новосібір қаласында докторлық диссертациясын жоғары дәрежеде қорғап шықты.
Ғылыми жұмыстың барлық сатысынан өтті. Қазақстан малшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, ғылыми жұмыстар жетекшісі, Қазақ ауылшаруашылық академиясының ғылыми-ұйымдастыру кеңесінің төрағасы, Ауылшаруашылық академиясының бас ғылыми хатшысы, Ұлттық аграрлық ғылыми жұмыстары академиясы орталығының бас ғылыми хатшысы болды.
Ол өмірінің соңғы жылдарын республикадағы ауылшаруашылық ғылымын ұйымдастырушысы есебінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ғылым департаментін басқарды.
Республика ауыл шаруашылығы ғылымын нарық талабына сай, қайта құруға басшылық жасады. Оның басшылығымен 2007 жылы респуб-
лика ауыл шаруашылығы ғылымы мен тәжірбие стансаларын біріктірген «Қазагроинновация» акционерлік қоғамы құрылды. Мырзагелді алдымен оның вице-президенті, ал 2008 жылдың май айынан бастап бірінші вице-президенті қызметін атқарды.
Мырзагелді Әбдірайымов Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, 7 кітап пен монографияның, 150-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. 2005 жылы Ресей Ауыл шаруашылығы академиясы Сібір бөлімшесінің академигі болып сайланды.
Ол өзінің кәсіби біліктілігімен, үлкен адамгершілігімен, қарапайымдылығымен өз әріптестері мен ғылыми қоғамдастықтар арасында үлкен абыройға ие болды. Мырзекең жымиып қана жеңіл әзіл айтып жүретін. Ол сыпайы, дүниетанымы мол, білімді, қиялы жүйрік, жоғары мәдениетті азамат еді. Мырзекең кез келген адаммен тез тіл табысып, барлық тақырып төңірегінде өзінің пікірін айтып толғақты ой қозғап, әңгімені өрбітіп айтушы еді. Мейлі әдебиет пен өнер, экономика мен саясат, тарих пен спорт болсын, Мырзекеңмен әңгімелесе қалсаңыз, оның бойынан тереңнен атқылап жатқан бастау сияқты білім мен ақыл-парасат байқалып тұратын. Біз жиі кездесіп, пікірлесіп тұратынбыз. Мырзекең жақсы отбасы иесі болды. Біреудің көңіліне келу, ренжіту деген мүлде болмайтын.
Мырзагелді 2008 жылдың басында өзінің 60 жылдық мерейтойын достарымен, құдай қосқан құдаларымен, замандастарымен, әріптестерімен думандатып тойлап, енді құдай жазса жұбайының 60 жылдығын да алдағы күзде осындай абыроймен атқарамын деп жоспарлап жүретін. Амал қанша, сұм ажал екеуін бірдей жұбын жазбай, мезгілден бұрын арамыздан ерте алып кетті.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері